«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылдарда агробақ өсірілсе

Ауылдарда   агробақ өсірілсе
ашық дереккөз
Ауылдарда агробақ өсірілсе

Гөзел ҚҰЛЖАБАЕВА, белгілі өсімдіктанушы, «Гүлстан» журналының бас редакторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры.

Меніңше, күллі еліміз аумағында агротуризмді дамытудың мезгілі әбден пісіп-жетілді. Батыс Еуропа елдерінде жеке меншік бақтар түріндегі мұндай шағын шаруашылықтарды көптеп кездестіруге болады. Ондай бақтарға кіру ақылы, жемісін теріп алу үшін де ақша төлейсіз. Аумақтары аса үлкен де емес. Бірақ иесіне жеткілікті пайда әкеліп отыр. Агротуризм дегеніміз осы. Ал ол бізде неге дамымауда? Өйткені, ауылда ел қалмауға айналды. Басым дені қалада жүр. Қызмет бабымен келсе, бірсәрі. Көпшілігі әншейін қара жұмыс, құрылыс үшін қала жағалайды. Тапқан ақшасы тамақтан, пәтерақыдан артылмайды. Ауылдан ет, картоп көтеріп келеді – сол да өмір ме? Отбасы ауылда қалып, берекесі қашып жатқандар да аз емес. Сол азаматтар жерді игерсе, ақырындап табыс тапса жаман болмас еді ғой. Қазақта жер жеткілікті. Жоғарыдағыдай шағын шаруашылықтар ашу арқылы-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға әбден болады. Тек құлық пен еңбек керек. Осы орайда «Әр ауланың гүлденгені – мемлекеттің гүлденгені» республикалық жоба аясында аудан, облыс, республика көлемінде семинарлар ұйымдастырып, гүл мен ағаш егуді жұртқа насихаттап, оқушыларды тәжірибеден өткізу ісін бастадық. Мұндай шараны Шу ауданы Төле би ауылындағы оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беретін аудандық білім беру бөлімінің «Жерұйық» жас натуралистер стансасында да өткіздік. Осылайша машықтан өткен оқушылар соңыра өз беттерінше агробақ өсіруді де меңгермек. Агробақта алуан түрлі жеміс ағаштарын өсірумен шектелмей, аз көлемде қой-ешкі, сиыр, түйе, бөдене, тауық ұстауға да болады. Келушілердің тамашалауына жақсы. Бақ отбасылық демалысқа өте қолайлы да пайдалы болу үшін көгалды аумақ, балалар ойын алаңы, дәмхана, шағын аспанасты ұлттық-этнографиялық мұражайы – бәрі де ұйымдастырылуы тиіс. Әлбетте, бақпен бірге ауылға мәдениет келеді, жаңа жұмыс орындары ашылады. «Жерұйықтық» 1500-дей жасөспірім бүгінде «Туған елге құрмет» акциясы аясында өз жерлестері, Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Орман, жер ресурстары және фитосанитария» факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Құрмангүл Абаева тарту еткен 1000 түп шырша көшетін арнайы телімдерде өсіріп, тиісінше күтім жасау ісін қолға алып отыр. Ауданның бірқатар мектептеріне 100 түп алма, 500 түптей өрік, қарағай, емен, үйеңкі, терек ағаштарының көшеттерін өсіру үшін таратылып берілді. Әзірге бойы бір қарыс қана, себетке отырғызылған балапан шыршалар бүр жарып, балақтап өсіп жетіліп, болашақта станса аумағын, ауылдық мекемелер, мектептер аулалары мен көшелер бойын көріктендіре түседі деп күтілуде. Жартылай шөлейт аймақта да алдағы уақытта агробақтардың желісін кеңге жаятынына сенімдімін.

Алматы қаласы.

Ұқсас жаңалықтар