ел аузы – аққа, мал аузы – көкке тиіп, шара майға толатын күн де туыпты
Қаракемер ауылынан төменгі Таласты бетке алып жүрсеңіз, көп ұзамай тас жол бұйрат-бұйрат құмды қақ жарып өтеді. Біз тап осы жерден оңға бұрылып, малшылардың қыстауы – Мойынқұмның жалы аз, жазығы көп татырына келіңкірейтін иен далаға ене түстік. Жол талғамайтын көліктер қыр жағалап із салған сілеммен діттеген жерді бетке алып келеміз. Әйтеуір, қатқақтың арқасында жүрісіміз де өнімді. Кезінде талай шопан төскейде мал түлетіп, төл өргізген Көделі мал жайылымы – осы. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманәлі Құрбанов аудандағы 173 мың 723 бас қой-ешкінің бір бөлігі осы Көделі көктеуі мен Мойынқұмды қыстайтынын, оның 73 мың 246-сы шаруа қожалықтарға тиесілі екенін айтып, бізді Көделі көктеуіндегі аяқ жетеді-ау деген ең жақын жердегі «Серік» базына бастаған. Оның айтуынша, биыл аудандағы шаруа қожалықтары иелігіндегі 91мың 45 саулық соңынан төл ертуі тиіс. Мал төлдету науқанының басталғанына біраз болыпты. Жолай бізге шаруалар жайын сөз еткен мал дәрігері Исақ Байтханов Көделідегі Қаракемер ауылдық округіне тиесілі жайылымды 33 шаруа қожалығы мекендеп отырғанын айтты. Соның бірі – «Серік» базында мал төлдетіп отырған «Атамекен» шаруа қожалығы. – Қожалық иесі Серік Бейсебаев өз шаруасына мығым, еңбекқор жан. Бағымындағы қойдың саны – 1400. Оның мыңы – саулық. Қазір мұнда үш күн мен жеті күндік төлдерді сырғалау жұмысы жүріп жатыр. Әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе шаруашылықтарға мемлекет есебінен беріледі. Негізі, Қаракемер ауылдық округі бойынша Көделі және Мойынқұм өңірлерінде 18 мың уақ мал бар, – дейді аға мал дәрігер. Біз межелі жерге жеткенде шопандардың қарбалас тірлігінің үстінен түстік. Еңбекке құлшына кіріскен оларда тыным жоқ. Нағыз қызу тіршілік қайнаған шопан ауылында өзінше бір мереке дерсің. Маңыраған қой мен жамыраған төл даусынан құлақ тұнады. Шаруашылықтағы екі отар да қасат қардың кесірінен қолға қарап, оларды шөп шашып ұстап отыр екен. Серік Бейсебаев мың саулықтың бүгінде үш жүзден астамы төлдеп үлгергенін, жемшөбінің жеткілікті екенін айтады. – Екі отардың бірі – аға шопан Ақзат Қалыбаевтың, екіншісі – Дархан Қазанғаповтың иелігінде. Екеуі де бейнеткеш, малсақ жігіттер. Тек күннің райы биыл өзгешелеу болып тұр. Жылда мұндай болмайтын. Бұндай уақытта ірі сақпанды үй маңынан емес, өрістен табар едіңіз. Дегенмен, қысылып отырған біз жоқ. Жалпы, жағдайымыз жақсы. Мал дәрігерлері күнде осында десек те болады, – деді ол. Біз шопандар ауылындағы шаттыққа толы тіршілік пен малшылар өмірінің бір күнгі көрінісінен марқайып қайттық. Ел аузы – аққа, мал аузы – көкке тиіп, шара майға толатын, күбі пісіліп, көпіршіген қымыздың сабада сапырылған даусы қазақ даласын берекеге бөлейтін сәт те басталыпты.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Суретті түсірген Дүйсенбек Орманов.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді