«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұл жолы Кем түспедік, тең түстік

Бұл жолы Кем түспедік, тең түстік
ашық дереккөз
Бұл жолы Кем түспедік, тең түстік

«Тараз»-«Қайрат» 0:0

Кеше футболдан Қазақстан премьер-лигасының ХХVІ маусымының үшінші туры аясында «Тараз» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады. Бас бапкер Ваит Талгаев бұл жолы ойын басталысымен-ақ қорғанысқа көбірек көңіл бөлуді ұйғарыпты. Соған қарағанда азулы командаға қарсы ойында ұтылып қалмау жағын басты мақсат еткен тәрізді. Жанкүйерлер бұл жолы да Нұртас Кургулин мен Мохамед Диарраның қорғаныс шебіндегі шеберлігіне риза болды. Қақпашы Жорахан Бабаханов та командасын бірнеше қауіпті сәттен құтқарып қалды. Екінші тайм да «Қайрат» командасының өткір шабуылымен басталды. Қонақтар «Тараз» қақпасын жиі торуылдап, қауіп төндірумен болды. Алайда, доп екі рет қақпа бағанасына тиіп кері кетіп, қақпашы Жорахан Бабаханов өз орнынан табылды. Бабахановты бұл ойынның қаһарманы деп тануға болады. «Қайраттықтар» қанша шабуылдаса да, бұл ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Тараздық жанкүйерлер ойыннан соң өз командасына үлкен қолдау білдіріп, қанаттандырды. Жерлес клуб ойыншылары алдағы жауапты ойындарда жанкүйерлердің осы сенімін, құрметін ақтап, тең ойын ғана емес, жеңісті кездесулерін де көрсетсе екен дейміз. Ойын соңында БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында «Тараздың» бас бапкері Ваит Талгаев өз командасының бүгінгі ойынына ризашылығын білдіріп, тең ойынға көңілі толатынын білдірді. Дегенмен, алдағы ойындарда жауапкершілікті сезініп, шабуыл шебін нығайта түссе «Тараздың» тәп-тәуір ойын көрсететін мүмкіндігі бар. Алайда команда ойыншыларына сенімділік пен сергектік қажет екендігі айтылды. Келесі ойынын 31 наурызда сырт алаңда Қостанайдың «Тобылымен» өткізетін жерлестерімізден тек жеңіс күтеміз.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар