Шебердің қолы ортақ

Шебердің қолы ортақ
ашық дереккөз
Шебердің қолы ортақ

Сіздің Қаратау қаласына жолыңыз түсті ме? Жолыңыз түссе, кеншілер шаһарына кіреберістегі Б.Момышұлы көшесінің бойындағы жолдың оң қапталындағы таудың тасынан өрілген тұғыр үстінен арқарларды көресіз. Сол көшенің ұзына бойындағы Жеңіс саябағындағы аққулар, боталар, қозы-лақтардың мүсіндері де өзінің әсемдігімен ерекшеленеді. Міне, осы мүсіндердің, өзге де сәулеттік кіші нысандардың туындыгерлері Сейітовтер отбасы екенін екінің бірі біле бермес. Бұл әулет осыдан сегіз жыл бұрын Өзбекстанның Науаи облысындағы әйгілі Үшқұдық өңірінен атақоныстарына оралды. Келген бетте «маған жұмыс беріңіз» деп кергіп жатып алған жоқ. Екі қолға бір күрек табылса, соны қанағат етіп, қолдарынан келген өнерлерін кәдеге жаратты. Мысалы, Асанханның жұбайы Бекайша Мақанова қазақтың ұлттық киімдерін тігіп қана қоймай, ұлттық нақыштағы көрпе, көрпешелер тігіп, киіз, сырмақ басып, түйе бастаған жануарлар бейнеленген кәде-сыйлардың алуан түрін ақ киізден құрастырып, өнімдерін көрмеге ғана қоймай, Алматы, Астана қалаларына да апарып сатыпты. DSC02195 Алтын-қолды-Асанхан-мақала-(2) Алтын-қолды-Асанхан-мақала

DSC02192Ал Асанхан өзінің үш ұлымен, оның ішінде Әлиасқан екеуі келісті мүсіндер және домбыра жасауға ден қойған екен. – Биылғы тауық жылында, – дейді хас шебер, – гипстен тауық, қораз жасап, тұтынушыларымызға өткердік. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне кәде-сый ретінде неше түрлі бұйымдар жасау үстіндеміз. Ұлымыз екеуміз біріксек бір ай шамасында қыруар дүние жасайтын түріміз бар. Асанханның қолөнерімен шұғылдануына әкесі Сейіттің ақылы сеп болғанға ұқсайды. – Өзбекстанда жүргенде, – дейді ол, – мешіттер мен оның күмбездерін салу әдістерін үйрендік. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей бәрін білген дұрыс. Өкінішке қарай, бұл жақта қолөнер бұйымдарын жасау ұмытыла бастаған сыңайлы. Айталық, бұл өңірде аттың әбзелдері мен киіз үйдің сүйектерін құрастыратын шеберлер жоққа тән. Көбі «орыс ерін» алады. Ал ол аттың үстіне жайсыз. Киіз үй демекші, қаратаулықтар Наурыз мерекесіне Өзбекстан, Қарақалпақстаннан және өзіміздің Қызылорда облысынан келген қандастарымыздың киіз үйлерін пәлен мың теңгеге жалға алып, ұятты болып жүр. – Байқап жүрміз, ауданда мал шаруашылығы қатты дамып келеді. Мұның өзі көктеу, жайлауға көшіп-қонып, жиі қоныс жаңартып тұруды қажет ететін кәсіп. Киіз үй орнын вагон-үйлер алмастыра алмақ емес. Сондықтан бұл істі қайта жаңғырту керек-ақ, – дейді әкелі-балалы шеберлер. Қазақтың қолөнершілік кәсібін қайта жаңғыртуға бекем бел байлаған Сейітовтер шеберхана нысанын салу үшін жер телімін сатып алған. Сәтін салса, шеберхана үйін биыл-ақ іске қоспақ. – Қазақтың қолөнерін насихаттауға барымызды саламыз, – дейді Асекең. Иә, базардағы күмәнді кәде-сыйлары мен бұйымдарынан гөрі қазақи ою-өрнекпен безендірілген төл өнімдерімізге не жетсін, шіркін!

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қаратау қаласы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар