Аймақтық коалиция мүшелері қолдау білдірді

Аймақтық коалиция  мүшелері қолдау білдірді
ашық дереккөз
Аймақтық коалиция мүшелері қолдау білдірді

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қойғаннан кейін, жетекші саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бас қосып, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезектен тыс отырысын өткізіп, Үндеу қабылдағаны мәлім. Үндеуге қолдау білдіру мақсатында коалиция мүшелері – саяси партиялардың облыстық филиалдары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының мүшелері, қоғамдық ұйымдар, мекеме басшылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, конституциялық құқық саласындағы заңгерлер мен эксперттер, мәслихат депутаттары және жоғары оқу орындарының оқытушылары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залына жиналды. Жиынды ашып жүргізген аймақтық коалиция төрағасы, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев тарихи шешім қабылданып, еліміз жаңа дәуірге қадам басқанын атап өтті. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жобасын талқылауда жамбылдықтар белсенділік танытқанын, бұл іске барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бастамашы болғанын тілге тиек етті. – Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін облыс тұрғындарына түсіндіріп, талқылау үшін арнайы желілік кесте құрылып, бір ай ішінде 254 836 адамды қамтыған 1455 шара өткізілді. Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен 67 кездесу ұйымдастырылып, оған 5 925 адам қатысты. Конституциялық реформаға байланысты өткізілген шараларда 70-тен астам ұсыныс түсті. Оның ішінде мағынасы жағынан бір-біріне ұқсас ұсыныстар топтастырылып, 12-сі «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратына жолданды. Жалпы, осы жиынды өткізудің мәні зор. Бүкілхалықтық талқылау негізінде қабылданған жаңартылған Ата Заңымызды бірлік пен келісім Конституциясы деп атасақ та артық болмайды. Себебі, тарихи маңызды құжатқа қол қою арқылы Елбасымыз көп ұлтты қазақстандықтарға үлкен сенім артып отыр. Сондықтан біз осы сенім үдесінен шығуға ұмтылуымыз керек. Баршаңызды мемлекетіміз үшін маңызы зор оқиға – жаңа Конституциямыздың қабылдануымен құттықтаймын, – деді Мұратхан Жүнісәліұлы. Басқосуда әлеуметтану ғылымдарының докторы, «Talas investment company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, эксперт Бахтияр Алдашов, аймақтық коалиция мүшелері «Ақ Жол» демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсегүл Әбдісаттарова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова, облыстық «мониторинг және қоғамдық бақылау» қоғамдық қорының президенті Серікбол Берікқожа өз ойларын ортаға салды. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген қазақстандықтардың жаңа саяси бетбұрысқа дайын екендігін, бұл халықтың Елбасыға сенім артып, қолдау көрсетуінен айқын сезілетінін сөз етті. Саяси партияның, оның ішінде «Ақ Жол» демократиялық партиясының да Елбасы қол қойған заңға қолдау білдіруін ерекше атап өтіп, Президенттің тарихи шешімді қабылдауына халықтың сенімі мен қолдауы күш бергенін айтты. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алғалы Ата Заңымызға бірнеше толықтырулар мен өзгертулер енгізілгені белгілі. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы, эксперт Қайрат Нұрманбетов олардың бәрі түбегейлі өзгеріске жатпайды дейді. – Бұған дейін Конституцияға бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуы үшін қажет қадам еді. Негізінен, Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістер ғана мемлекетті жаңғыртудың алғашқы кезеңі болып есептеледі. Себебі, Үкімет мүшесінің Парламентке есеп беруі, Парламенттің Үкімет мүшесін қызметінен алып тастау туралы ұсыныс түсіруі секілді мәселелер осы кезден бастау алады. Сол кезде Елбасымыз: «Енді Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болса, ол тек қана демократиялық институттарды дамыту және Парламенттің рөлін күшейту үшін ғана енгізілетін болады», – деген болатын. Енді, міне, араға он жыл салып, сол сөздің іске асырылғанының куәсі болып отырмыз. Бір айта кететіні – ұсынылған заң жобасының бүкілхалықтық талқылауға шығарылуы, биліктің халықтың ой-пікірімен санасуы – Конституцияда нақтыланғандай, мемлекеттің басты капиталы – халқы екенін көрсетті. Мен 26-бапқа енгізілетін жобадағы нұсқаны қолдап, баспасөз беттерінде өз пікірімді білдірген болатынмын. Кейбір азаматтар керісінше қарсылық білдірді. Ал Елбасымыз шешім қабылдарда халықтың ой-пікірімен санасып, оны бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынды, – деп ой бөліседі Қайрат Нұрманбетов.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар