Міндетіміз – тұрақтылық пен дамуға үлес қосу

Міндетіміз – тұрақтылық пен дамуға үлес қосу
ашық дереккөз
Міндетіміз – тұрақтылық пен дамуға үлес қосу

Александр Гибнер, облыстық «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

1991 жылы Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңға қол қойып, әлемде Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болды. Бұл – Қазақстан халқы үшін аса маңызды тарихи күн еді. КСРО құрамынан теңдік алып шыққан мемлекетіміздің демократиялық, құқықтық мемлекеттің қалыптасуының бастауы да осы күн. Осы бір тарихи сәтте барлық қазақстандықтар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына мемлекет тағдыры мен ел тағдырын сеніп тапсырды. Президент халық артқан сенім үдесінен шықты. Әр жылдары мемлекетті басқаруда жүйелік өзгерістер жасап, Қазақстанды дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын қабылдады. Бұл батыл қадамдар бүгінде өз жемісін беріп, мемлекетіміз өсіп-өркендеді. Қазақстан әлем алдында өзге мемлекеттер санасатындай дәрежеге қол жеткізді. Уақыт талабы мен заман ағымының тамырын тап басқан Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында еліміз небір қиын-қыстау кезеңнен аман өтті. Тәуелсіз еліміз қалыптасу жолында бірнеше реформалауды бастан өткізді. 1998, 2007, 2011 жылдары Ата Заңымызға түзетулер енгізілуінің мәні осында. Шетелдік сарапшылар бұл қадамдардың барлығы да өз уақытында елдің дамуына айрықша серпін бергенін атап көрсеткен. Дегенмен, бұдан да биік белестерді бағындыру үшін Қазақстанның тың тұрпатта жаңғыруы қажет еді. Елбасымыздың Конституциялық реформа жүргізу жөнінде Үндеу жариялауына осы мәселе түрткі болды. Президентіміздің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қойғанына бүкіл ел-жұрт куә болды. Мұның ерекшелігі де осында. Негізінен, Конституцияға өзгеріс енгізуде қазақстандықтардың ұсыныс-пікірінің ескерілгені мемлекетіміздің демократиялық қоғамға бет бұрғанын көрсетеді. Бұл жаңғырту – мемлекетіміздің президенттік басқарудан парламенттік басқару жүйесіне өтудің негізгі қадамы. Ең бастысы – Үкімет пен атқарушы органдарға қатысты жүргізетін бақылау функциялары күшейтілді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, енді Үкімет тек Президент пен Парламент Мәжілісінің алдында да жауапты. Бұл Парламенттің құзыреті мен жауапкершілігін арттырумен қатар, партиялық жүйенің дамуына кең жол ашады деген сенімдеміз. Жалпы, конституциялық жаңарулар мемлекет пен халыққа игілік әкелетіні сөзсіз. Бұл қадам еліміздің дамуына ерекше серпін беріп, тәуелсіз еліміздің бұдан да әрі көркейетініне сенімдімін. Ол үшін біз билікпен бірге еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек.

Ұқсас жаңалықтар