Мемлекеттік сатып алу - мемлекет қаржысына қол салу болмасын

Мемлекеттік сатып алу - мемлекет қаржысына  қол салу болмасын
ашық дереккөз
Мемлекеттік сатып алу - мемлекет қаржысына қол салу болмасын

Елбасы биылғы халыққа Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет. Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру. Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын» – деп атап көрсеткені белгілі. Бұл жұмысты жүзеге асыру мәселесі жуырда Үкімет отырысында талқыланып, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев салалық министрліктер басшыларына нақты тапсырмалар берді. Осы орайда, қандай өзгерістердің орын алып жатқандығына байланысты облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұхаметрахымовпен сөйлескен едік.

– Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңын реформалаудың мақсаты мен міндеттері туралы кеңінен айтып өтсеңіз?

– Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Осы орайда, орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесін енгізу тапсырылды. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда, табиғи монополиялар және жер қойнауын пайдалану салаларында да мемлекеттік сатып алу бойынша тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек болады. Көлеңкелі экономиканы төмендету мақсатында, құрылыс барысына мониторингті күшейту және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану үшін құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуға қазынашылық сүйемелдеуді енгізу ұсынылуда. «Бүгінде құрылыс саласында күрделі мәселелер жоқ емес. Біріншіден, шығындар сметасын негізсіз көтеру, сапасы төмен бола тұра, нысандарды өткізу мерзімінен кешіктіру тәжірибесі жалғасып келеді», – деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл тұрғыда. Ол, сондай-ақ, бюджет заңнамасының және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу» Заңының бұзылуының қомақты үлесі құрылыс секторына тиесілі екендігін де атап өткен болатын. 2016 жылы орын алған 380 қылмыстық істің 115-і, яғни 30,2 пайызы құрылыс саласына тиесілі. Бұл ретте жалған компаниялардың да саны басым. Мәселен, өткен жылы осындай 1492 мекеменің 28,6 пайызы құрылысқа қатысқан. Зерттеулер көрсеткендей, қосымша құн салығын төлеушілерден түсетін салықтың орташа көрсеткіші 6,2 пайызды құрайды екен. Мемлекеттік сатып алуға қатысатын құрылыс компаниялары бойынша бұл ең төменгі көрсеткіш болып қала бермек, яғни небәрі 4 пайыз. Ал сала бойынша орташа деңгей 7,7 пайызды құрайды. Саланың басқа да мәселелері арасында есеп жазбаларының сапасыз жүргізілу мәселесі де бар. Онда заңсыз жұмыс күшін пайдалану сынды көлеңкелі қызметті жүзеге асыру, шытырманға толы жазбалар жиі ұшырасады. Бұның барлығы мемлекеттік бюджет пен экономиканың жағдайына кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Жоғарыда аталған қауіптілікті жою мақсатында құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуға қазынашылық сүйемелдеу енгізілуде. Бұл – төлемдердің анықтығын және құрылыс сапасын бақылауға, бюджет қаржысын мақсатты түрде жұмсауға, салықты толық төлеуді, «қазақстандық қамтуды» қадағалауға мүмкіндік береді. – Қазынашылық сүйемелдеу тетігі қалай енгізілетін болады? – Құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу тетігі халықаралық тәжірибе мен қазіргі квазимемлекеттік және банк секторлары есебін бақылау тетігін есепке ала отырып жасалған. Сондай-ақ, онда мемлекеттік органдар мен бизнес ұйымдарымен кеңестің нәтижесі есепке алынған. Жаңа жүйе аясында жобаны басқару бойынша инжинирингтік компанияның супервайзер қызметін пайдалану қарастырылуда. Олар сапаны ғана қадағалап қоймай, құрылысқа шығындардың жұмсалуының мақсаттылығын назарда ұстайды. Ағымдағы жылы бұл тетікті Астана, Ақмола, Қарағанды өңірлерінде бекіту күтілуде. Қазіргі уақытта «Қазынашылық сүйемелдеуді енгізу бойынша жол картасы» бекітілді. Қанатқақты жобаны енгізу қорытындысы бойынша қазынашылық сүйемелдеуді нормативті түрде бекіту үшін Қазақстан Республикасы Заңына түзетулер енгізілетін болады. Елбасы қатысқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік сатып алу жүйесі өте әділ сынға ұшырағанын айтып өткен болатын. Қысқа мерзім ішінде бұл жүйе жасалып, зерделенді. Қазір ол пилоттық режімде іске қосылатын болады. «Біздің басты міндетіміз – аталмыш пилоттық режімді жұмыс істету. Ескі әдіспен жұмыс жасауға дағдыланып қалғандар үшін бұл үдеріс қиынға соғатыны түсінікті. Қандай да бір кедергілер орын алуы ықтимал. Кейбіреулер пилоттық жобаны енгізбеу үшін қасақана шараларға баруы мүмкін», – деген Бақытжан Әбдірұлы Қаржы министріне бұл жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырды. – Облыста мемлекеттік сатып алу бойынша анықталған заң бұзушылықтар туралы айтсаңыз? – 2016 жылы 12072 мемлекеттік сатып алу камералдық бақылаумен қамтылды. Оның ішінде 20 миллиард 844 миллион 299355 теңгені құрайтын 1651 мемлекеттік сатып алуда қателіктер, заң бұзушылықтар орын алған. Оларға кемшіліктері туралы ескерту беріліп, 678 кемшілік жойылды. Сұхбаттасқан

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар