«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Наурыз айында қияр гүлдеп, қызанақ жайнап тұр

Наурыз айында қияр  гүлдеп, қызанақ жайнап тұр
ашық дереккөз
Наурыз айында қияр гүлдеп, қызанақ жайнап тұр

инновациялық тәсілге иек артқан шаруашылық  көкөністен жылына екі мәрте өнім жинап алады

Елбасы биылғы Жолдауында «Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты» деп атап өткен болатын. Бұл міндетті орындауға жылыжайда көкөніс өсірушілер де өз үлестерін қосуда. Жамбыл ауданындағы «Шоқай-Жеміс» шаруа қожалығының жылыжайда көкөніс дақылдарын өсірумен айналысқанына 3 жылдың жүзі болды. Мұндағы жылыжай кешенінің жалпы көлемі 5 гектарды құрайды. Қожалық басшысы Рустам Иномжанов – жаңашылдыққа жаны құштар жан. Ол бүгінде жылыжайлар санын 104-ке жеткізген. Шаруашылықта отызға жуық адам еңбек етеді. Төрт техника жұмысқа жегілген. Жылыжайларда негізінен қияр, қызанақ, құлпынай өсірілуде. Суы, тыңайтқышы мен қажетті дәрі-дәрмегі жеткілікті. Жаңа тәсілге иек артқан шаруашылық көкөністен жылына екі мәрте өнім жинап алады. Әрбір жылыжай екі кезеңдегі жиын-теріннен кейін шамамен 800-900 мың теңге сомасында пайда түсіреді. Алқаптың көлемі артқан сайын табыс та еселене беретіні белгілі. Жылыжайда өнім өсіру жеңіл емес. Бір жылыжайдың көлемі 40-50 соттық қана. Қалауын тапсаң осы шағын жерден мол өнім жинауға болады. Мұндай тәсілмен өсірілген көшетті суарудың да өз технологиясы бар. Аз жерден көп өнім алу – жылыжай өсірушілердің басты мақсаты. Осыдан он бес жыл бұрын көкөніс өсірудің бұл түрі ерекше жаңалық еді. Қазіргі таңда мұндай тәсілмен еңбек етіп жүргендер аз емес. Алайда ауаның ылғалдылығын, жылылығын бірқалыпты сақтай алмай шығынға ұшырап қалатындар да кездеседі. Ал «Шоқай-Жеміс» шаруа қожалығында мұндай кедергілердің барлығы ескерілген. Сондықтан жыл сайын өздері мөлшерлеген биік межеден көрініп жүр. Шаруашылық жылы-жай өнімдерін өсіргені үшін жыл сайын тұрақты субсидия алады. Мұның өзі ерте көктемде жұмыс жүргізуге едәуір сеп. Бір байқағанымыз, жылыжай өсіруге ниетті кісілердің қатары көбейіп, жұмыстың қалыпқа түсе бастағаны. Әрине, бұл тәсілмен өнім өсірудің де өз қиындығы бар. Суық ауада, қыс кезінде қалыпты температураны ұстап тұру, өсіру технология-сын сақтау – қиынның қиыны. Сол қиындықты жеңген шаруаның шаш-етектен табысқа кенелетіні тағы бар. «Қай жұмыстың да өз қиындығы бар емес пе? Бұл салада да жақсы табыс табу үшін өнімді еңбек ету талап етіледі. Мәселен, жылыжай жабындысының ішіндегі ауа температурасы үнемі +20 градуста болуы шарт. Топырақтың жылылығының да осы мөлшерде болғаны жөн. Талаптың үдесінен шықсаң, табысқа кенелесің», – дейді шаруа қожалығының жылыжай бойынша бригадирі Айбек Иномжанов. Мұнда қазір Ғалымжан Тойшиев, Шерзот Шарипов секілді жұмысшылар жаңа маусымдағы жұмыстарын бастап кетіпті. Жылыжайдағы қияр наурызда гүлдеп тұр. Көкөніс өсірушілер биыл да мол өнім аламыз деген нық сенімде.

Есет досалы, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар