Облыстық «Ақ жол» газетінің 2016 жылғы 10 желтоқсандағы санында Болат Жетпісбаевтың «ЕТ» «Қазақша ет», «Ет ауқат», «Ет асы» атты мақаласы жарияланып, соңында: «Сіздер ұлтымыздың басты тағамын қалай атайсыздар?» деген сауалын оқырман ортасына салыпты. Б.Жетпісбаевтың мақаласындағы бас тағамымыз етке қойылған төрт бірдей атауына бүгінде мейрамханалардың ас мәзірінде «Бесбармақ» деп жазылып жүрген атауды қоссақ, еттің бес бірдей аты бар болып шығады екен. Өз ойымды айтсам, сөз қаймағы бұзылмаған қазақтар ұлтымыздың басты тағамын – «Ет» деп атайды, өз басым бұл астың басқаша аталғанын естіген емеспін әрі оның басқалай балама аты жоқ. Жеке ойымды нақтылау үшін өзімнің кішкене ғана кітапханамдағы кітаптардың біразын ақтарып, тақырыпқа байланысты керегімді іздестіруіме тура келді, оны да таптым. Ендеше өз дәлелдерімді орталарыңызға салайын. Өздеріңіз саралай жатарсыздар. «Осыдан 5 ғасыр бұрын өмір сүріп, артына өшпес мұра қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыз өзі теңдесі жоқ қараүзген емші, ұлы ғұлама ғалым Әз Жәнібектің бұйрығымен 7-8 дестерден (кітаптан) тұратын «Шипагерлік баян» деген қазіргі дүниежүзілік әйгіленулерінен талай жүз жыл бұрын жазып қалдырған тәжірибелік әрі пәлсапалық шоқтығы биік еңбегінің 456-бетінде: «Ет – шикі ет-дарым зәураты» делінген. Бүгінгі тілде дәрі шикізаты деген сөз екен. Бұл жерде етдәрінің шикізат ретінде қолданылғаны айтылып отыр. Ол бірде: «Қадірлі қонағы ретінде алдыма бас-шеке қойып, астауымен ет тартатын кеңқолтық менің қазағым» деп тебіренген екен.
Енді ХХ ғасырдағы ақындарының еңбектерінен үзінділер келтірейін:
Бейімбет Майлин. «Ауылда» 1918 жыл. Ет те шәй – тапқаным тек – тамақ ішкен, Жерім жоқ айналысқан пайдалы іспен. Ұят жоқ ет аңдыған қыдырмада...
Ұлтымыздың басты тағамы «Ет» атауына арналған дәлелдерді келтірдім. Жалпы, ет атауын ақ тер, көк тер болып, ғасырлар қатпарынан іздеудің де қажеті жоқ еді. Ол сөз біздің тіліміздегі кірме сөз емес, төл сөзіміз екенін дәлелдеген секілдімін. Бұған таза қазақ тілді оқырмандар өз пікірлерін айтып қосылар деген ойдамын. Көп пікір бір арнаға қосылды делік. Енді оны түзеу керек емес пе?! Қалада жүзден аса мейрамхана мен асхана бар секілді. Солардың ас мәзірінде адасып жүрген «Бесбармақ», «Мясо по казахский» дегендерді «орнынан босатып», ұлтымыздың басты тағамы – «Етті» төрлету қажет! Ол үшін төрде отырған төрелер, яғни осыған жауапты мекеме басшылары осы мәселені өз бақылауларына алса, істің түзелетініне толық сенемін. Себебі, онда жетелерінен жігер мен намыс таймаған, өз елінің отаншыл ұл-қыздары отыр деген үміттемін! Лайым солай болып, сеніміміз ақталса екен, ағайын!
Қорабай Есдәулетұлы, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді