«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жаптым жала, жақтым күйені» жеңген жампоз еді

«Жаптым жала, жақтым күйені» жеңген  жампоз  еді
ашық дереккөз
«Жаптым жала, жақтым күйені» жеңген жампоз еді

Мен Мұхаметқали Нұрбаевпен екі жылдай бірге жұмыс істеп, баласындай болып кеткен едім. Ол 1901 жылы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында дүниеге келген. Әулиеата қаласындағы татар мұғалімінен оқып сауатын ашқан екен. Ақбұлым ауылы беріректе Ильич атындағы ұжымшар болып құрылған еді. Осы ұжымшарға мүше болып, қатардағы колхозшы, өндіріс бригадирі, басқарма бастығы болып жұмыс істеді. Аудан басшыларының ұсынысымен Ұлы Отан соғысынан броньмен қалдырылып, 1944-1945 жылдары Жамбыл ауданының «Октябрь» ұжымшарына төрағалық етті. Екі жыл ішінде шаруашылық қант қызылшасынан жоғары өнім жинауға қол жеткізді. Сол жылдары ақ егістен де дән мол түсті. Мал басы да өскен. Мұның бәрі де елдің есінде. 1946 жылы аудан басшылығы Мұхаметқалиды барлық көрсеткіштері бойынша артта қалып қойған «Қостөбе» ұжымшарына төрағалыққа ауыстырады. Ұжымшарда 3 бригада, 6 звено қызылша өсірумен айналысушы еді. Мұхаңның өндіріс ісін ұйымдастырып, жолға қоюының нәтижесінде қостөбеліктер үш жыл қатарынан қант қызылшасынан рекордтық өнім жинай алды. Атап айтқанда, қызылшаның гектар қайтарымы 862 центнерден айналды. Бұл сол тұста одақ бойынша ең жоғары көрсеткіш еді. Осындай тамаша жетістікке жеткені үшін ұжымшардың 9 еңбеккеріне КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1948 жылғы 28 наурыздағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Олар – ұжымшар төрағасы М. Нұрбаевтың өзі, бригадирлер Рүстем Шопенов, Керімбай Мырзақұлов, Айтжан Бөгенбаев, звено жетекшілері Дариға Жантоқова, Қанымқыз Тортаева, Сындыбала Оңғарбаева, Патия Шидакова және Мәрзия Ибрагимова болатын. Бұл күнде олардың көзі тірісі Мәрзия әжей Құдай қаласа, өзінің 98-көктемін қарсы алғалы отыр. Айта кету керек, жоғарыда аталған ұжымшар 1953 жылға дейін қызылшаның әр гектарынан 700-800 центнерден кем өнім алған емес. Мұхаметқали аға Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Керімбаевтардың қабылдауларында болған. Талдықорған облысы, Панфилов ауданындағы атақты ұжымшар төрағалары, Социалистік Еңбек Ерлері Нұрмолда Алдабергеновпен, В.Толовыкимен, қызылордалық атақты күрішші Ыбырай Жақаевпен, мойынқұмдық «малшылар маршалы» Жазылбек Қуанышбаевтармен бірге Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне де қатысқан екен. 1953 жылы Мұхаметқали Нұрбаев пен Дариға Жантоқованың басына қара бұлт үйіріліп, жалған жаламен тиісінше бірі – 25, екіншісі 15 жылға сотталып кете барады. Алайда олар 1958 жылы ақталып шығып, барлық атақтары мен ордендері өздеріне қайтарылып беріліпті. Жамбыл аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Шәкен Қалдыбаев Мұхаңа үлкен сенім артып, «Пионер» ұжымшарына төрағалыққа жібереді. Бұл шаруашылықтың әлі кеңшарға айналдырылмаған кезі еді. Ол осында үш жылдай басшылықта болып, ұжымшардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтереді. Одан кейін «Абай» атындағы ұжымшарға ауыстырылған. Қайда, қандай қызметте жүрсе де Нұрбаев өзінің адал еңбегімен көзге түседі. Қайран ер, арда азамат бертінде «Қостөбе» ұжымшарында бас агроном болып жүріп өмірден өтті. Осы үйдегі Мүнира жеңгемнің қолынан талай рет дәм татқан едім. Дастарханы берекелі, ешкімді жатсынбайтын. Ардақты ағаның кіндігінен 8 ұл-қыз өмірге келді. Қазіргі күндері әулеті өсіп, ормандай жайқалуда. Қызыл жұлдыз ауылында бір көше, бір өндірістік кооператив М.Нұрбаевтың атымен аталады.

Есіркеп СЕРІКБАЙҰЛЫ, ауданның Құрметті азаматы.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар