«Радио, телевидениемен БАЙЛАНЫСЫМ БАЛА КҮНІМНЕН БАСТАЛДЫ»

«Радио, телевидениемен  БАЙЛАНЫСЫМ  БАЛА КҮНІМНЕН БАСТАЛДЫ»
ашық дереккөз
«Радио, телевидениемен БАЙЛАНЫСЫМ БАЛА КҮНІМНЕН БАСТАЛДЫ»

– дейді, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, «Таңшолпан» бағдарламасына 769 рет хабарласып, 61 дүркін жеңімпазы атанған Бекмұрат Жамбылов

– Сізді жұрт Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасының белсенді қатысушысы ретінде таниды. Қазақ радиосының бағдарламаларына да жиі хабарласады екенсіз. Осы сәттеріңіздің барлығын «шотқа салып», есептеп жүретініңіз рас па? – Телеарналардың, радионың бағдарламалары, түрлі басылымдардың айдарлары көпшілік талғамынан шығу мақсатында жасалады емес пе? Мен шалғайда жатқан Мойынқұм ауданының тұрғыны ретінде осындай бағдарламаларға қатысуды өзімнің азаматтық парызым деп санайтын азаматпын. Әуел баста мұны осындай оймен бастаған едім, бұл күнде «хоббиыма» айналып кетті. Республикалық, облыстық телеарналарға әр телефон шалған, басылымдарға материалдарым жарық көрген әрбір сәтім – менің ең қуанышты кезім. Сондықтан, ондай қуанышты сәттің барлығын қалт жібермей, есептеп, арнайы дәптеріме жазып жүремін. Мәселен, осы кезге дейін Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасының тікелей эфиріне тұрақты көрермен ретінде 769 рет хабарласып, оның 61-інде жеңімпаз атаныппын. Жүргізушілер, көбінесе, архаизмге айналып кеткен қазақтың көне сөздерін жасырады, кейде тарихи атаулар мен оқиғаларды жұмбақтайды. Міне, осындай сауалдардың көпшілігіне дұрыс жауап беріп жүрмін. Ал Қазақ радиосының тікелей эфиріне 810 рет байланысқа шығып, оның 78-інде жеңімпаз атанғаным да сәттілік. Мұнан бөлек «Таңшолпанға» және Қазақ радиосының бағдарламасына қонақ ретінде де бірнеше рет қатысып қайттым. Ұлттық арнадағы «Айтуға оңай» бағдарламасында ой қозғаған кездерім де бар. «Таңшолпанмен» байланысқанда «Ассалаумағалейкум, Алаш жұрты, қайырлы таң қасиетті, мәңгілік нұрлы қазақ елі, армысыздар!» деп тәуелсіз еліміздің әр тұрғынына амандық тілеп хабарласамын. Қысқасы, тележурналистер мені жақсы таниды. Сондай-ақ, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының «Қайырлы таң» бағдарламасының да тұрақты көрермені және сауалнама кезеңдерінің жеңімпазымын. «Қазақстан-Ақтау», «Қазақстан-Ақтөбе» телеарналарының да талай сауалдарына дұрыс жауап беріп жүрмін. Ол жақтан да «бақытты билет» бұйырды. Тіпті республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға, концерттерге осы бағдарламалар арқылы талай рет билет ұтып алған кезім болды. Биыл Алматы қаласында студенттер арасында өткен халықаралық қысқы Универсиадаға облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасынан берілетін «Қайырлы таң» бағдарламасы арқылы екі билет ұтып алдым. Содан соң Алматыға жол тартып, еліміздің мерейін асырған, талайларға арман болған Универсиаданың спорттық додаларын өз көзіммен көріп, тікелей куәсі болып қайттым. – Аздап жазатын өнеріңіз де бар екен. Мақала жазуды мектеп жасынан-ақ бастаған екенсіз. Журналистика саласының соңына біржолата неге түспедіңіз, басқа мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? – Мектепте оқитын кезімнен бастап аудандық «Мойынқұм таңы» (ол кезде «Коммунизм таңы» аталатын) газетіне жиі мақалалар жазып тұрдым. Алайда есейе келе әкімшілік-басқару қызметін қаладым. Әкемнің де қалауы сол болды. Сонымен 1967 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына экономист мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны кейінірек сырттай бөлімде оқу арқылы бітіріп шықтым. Сонымен басқа мамандық бойынша еңбекке араластық. Алайда қаламым қолымнан түскен емес. Сол студент күнімнен аудандық, облыстық газеттердің штаттан тыс тілшісі болып жүрдім. Жергілікті басылымдарға материалдарым жиі-жиі шығып жатты. Облыстық «Ақ жол» газетіне (бұрынғы «Еңбек туы» газеті) 1970-80 жылдары көбірек қалам тарттым. Ол кезде газеттің редакторы Баттал Жаңабаев еді. Облыстық аға газеттің 10 мыңыншы нөмірі шығуына байланысты өткен салтанатты шараға қатысып, марапатталғаным да есімде. Ал осыдан бірер жыл бұрын «Ақ жолдың» 18 мыңыншы нөмірі жарық көрді ғой. Оған да өз тарапымнан тілегімді жолдадым. Қолымнан келгенше ел ішінде жүрген соң, елдегі жағдайларды газет бетінде өрнектеуге күш салып келемін. – Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз... Жұбайыңыз кітапхана саласында еңбек еткен екен... – Келіншегім Дария – зейнетте. 40 жылға жуық мәдениет саласында еңбек етті. 26 жыл бойы орталықтандырылған аудандық кітапхананың директоры болды. Қыздарым Әйгерім мен Айғаным еліміздің әр өңірінде тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Ұлым Айдос – полиция майоры, аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы. Жұбайым Дариямен 40 жылдан астам уақыт тату-тәтті ғұмыр кешіп келемін. Мүмкіндігінше еңбек еттік. Перзенттерімізді, немерелерімізді тек отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуге барынша күш салып келеміз. Алдағы уақытта да Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасымен, Қазақ радиосының, облыстық телеарналардың бағдарламаларымен байланысымды үзбей, Құдай қаласа, өзімнің мүмкіндіктерімді көрсете беремін деп ойлаймын. Облыстық «Ақ жол» газетімен де байланысым үзілмек емес. Шындығын айту керек, соңғы жылдары бұл газеттің мазмұны да, дизайны да өзгеріп, оқырман алдындағы беделін биіктете түсті. Биыл облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Ақ жол» газетіне 95 жыл толғалы отыр екен. Осы мерейтоймен «ақжолдықтарды» және оқырмандарды құттықтап, әр үйге береке, табыс тілеймін. Журналистер қауымының ел үшін атқарып жатқан еңбектері жана берсін! – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар