«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараз» тағы да сан соқтырды

«Тараз» тағы да  сан соқтырды
ашық дереккөз
«Тараз» тағы да сан соқтырды

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының ХХVІ маусымының алғашқы ойынында жерлестеріміз «Тараз» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, 0:0 есебімен тең тарқасқаны белгілі. Ойынның 50-минутында «Шахтердің» ойыншысы Дәуренбек Тәжімбетовтің ойын «сценарийінің» кесірінен тараздық Давронжан Эргашев қызыл қағазбен жазаланды. Бір ойыншыға кем өнер көрсеткеніне қарамастан «Тараз» әдемі өрнегінен жаңылмай, Жорахан Бабаханов қақпасын жеңілістен аман сақтап қалған болатын. Алғашқы ойын болған соң, ұпай еншілегенімізді сәттілікке балағанбыз. Ал алғашқы турдағы өзге ойындарға келсек, Шымкенттің «Ордабасысы» өз алаңында елордалық «Астананы» 3:0 есебімен ұтса, Қостанайда өткен ойында жергілікті «Тобыл» атыраулық «Атыраудың» қақпасына жауапсыз үш гол дарытқан болатын. Павлодардың «Ертісі» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» 2:1 есебімен сан соқтырғаны белгілі. Қызылорданың «Қайсары» Көкшетаудың «Оқжетпесін», Алматының «Қайраты» ақтөбелік «Ақтөбені» ұтқан болатын. 12 наурызда екінші тур ойындары өтті. «Тараз» Қызылорданың «Қайсарына» қонаққа барды. Жерлестеріміз бұл ойынды қарқынды шабуылмен бастады. Шабуылшы Руслан Мухаметшиннің әдемі пастарын Жақып Қожамбердінің голға айналдыра алмағаны өкінішті. Алайда 15-минутта Руслан Мухаметшин есеп ашып, өзінің «Тараз» командасы сапындағы алғашқы голын соқты. Осы сәтсіздіктен соң қызылордалықтар қарымта шабуылды үдетті. Нəтижесінде 35-минутта «Қайсар» сапындағы Аржанов бір гол соғып есепті теңестіріп кетті. Бірінші тайм 1:1 есебімен тең аяқталды. Екінші таймда да алаң қожайындары барын салып шабуылға көшті. «Қайсар» командасының бірнеше соққысын «Тараз» қақпашысы Бабаханов тура қайтарып, өзін жақсы қырынан көрсетті. Жерлестеріміз де өз кезегінде шабуылға шыққанымен, нәтижені өзгерте алмады. Есесіне қызылордалық ойыншы Нтибазонкиза 71-минутында екінші голды соғып, командасын алға шығарды. Бұдан кейін тараздықтар есепті теңестіруге ұмтылған. Алайда, ойынның 80-минутында бірінші матчтағы сценарий қайта қайталанды. Яғни, бұл жолы қызыл қағаз алып алаңнан қуылған Горбанец болды. Тағы да небәрі 10 ойыншымен қалған жерлестеріміз үшін одан ары есепті теңестіру қиын болды. Осылайша, «Тараз» үш ұпайды алаң иелеріне ұстатып қайтты. Ал екінші турдағы өзге ойындардың нәтижесі төмендегідей: «Ертіс» - «Астана» 1:1, «Тобол» - «Ақтөбе» 0:0, «Ордабасы» - «Атырау» 1:1, «Ақжайық» - «Шахтер» 3:1, «Қайрат» - «Оқжетпес» 2:2. Екі турдың нәтижесі бойынша 6 ұпаймен «Қайсар» көш бастады. Ал «Тараз» 10-11 орындарда тұр. Әрине, мұндай көрсеткішке жерлес жанкүйерлердің көңілі толмайтыны анық. Махамбет Дүйсембаев басқаратын клубқа енді серпілмесе болмайды. Талгаев шәкірттерінен күтеріміз тегеурінді ойын. «Тараз» келесі ойынын 17 наурыз күні сағат 15.00-де өз алаңында алматылық «Қайратқа» қарсы өткізеді. Сонан соң 31 наурызда Қостанайда «Тобылмен» күш сынасады.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар