Шымкентте «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен ел нарығында сатылып жатқан аяқ киімдерге деген сұраныс күн санап артып отыр. Жақын күндері былғары және қолтырауын терілерінен аяқ киім шығаратын цех ауқымын кеңейтпек.
«Заря» деген сауда белгісімен өнім шығаратын цехтың құрылғанына бес жыл болған. Иесі Алымжан Ибраимовтың айтуынша, аяқ киім кәсібін қолға алу идеясы кенеттен келмеген. Кеңес үкімет кезінде аты дүркіреген «Заря» өнімдеріне деген сұраныс жоғары болған. Өзі сол зауытта еңбек еткен. Тек тоқырау заманында зауыт жұмысын тоқтатып, Алымжан Ибраимов өз кәсібін ашуды көздейді. Әрине, мұндай істі бірден дөңгелетіп әкету оңайға соқпайды. Сегіз жылдай ізденіп, тәуекелге бел буады.
«Заря» цехында қазіргі таңда отыз екі қызметкер бар. Жалақы 70-90 мың теңге аралығында.«Бүрынғы «Заря» 1994 жылы жабылды. Ал мен 2012 жылы осы істі бастадым. Алғашында үш қана қызметкер болды. Әрине, ел нарығын қытайлық өнімдер жаулаған заманда біздің аяқ киімдерге көпшілік сенімсіздікпен қарады. Біз бірінші кезекте сапаға мән бердік. Уақыт өте еңбегіміз еленіп, қызметкерлеріміз де арта түсті. Бұл дегеніңіз өнімдеріміздің саны да көбейді деген сөз», - деді цех директоры Алымжан Ибраимов.
«Мен негізі тігін саласында сонау Кеңес үкіметі кезінен еңбек етіп келемін. Ал соңғы бес жылдан бері осы «Заря» цехында пішу жұмыстарын жүргіземін. Кез келген жұмыстың өз қиындығы болады ғой. Дегенмен жұмысым өзіме ұнайды. Осы кәсіп арқылы табыс тауып отырмын. Таңғы сегіз жарымнан кешкі алтыға дейін осындамын. Дизайнерлер аяқ киім үлгісін әкеп береді, соған қарай пішеміз. Күніне 20-30 жұп аяқ киімді тігуге жіберемін», - деді цех қызметкері Мухаббат Мешметова.
«Заря» цехында ерлер, әйелдер және балаларға арналған қыстық, жаздық және спорттық секілді 27 түрлі аяқ киім шығарылады. Ал модель саны - 150. Бағасына тоқталсақ, ерлерге арналған аяқ киім 5 мың теңгеден басталса, ең қымбаты 12 мың теңге. Әйелдер аяқ киімі 5-10 мың теңге аралығында. Балалар аяқ киімін 3000-8000 теңгеге алуыңызға болады. Цех басшысы аяқ киімдердің сапасына толықтай кепілдік беріп отыр.
«Өнімдер шетелдіктен еш кем емес. Моделі жағынан да қазіргі заманға лайықтап тігілген. Біздің аяқ киімді бір сатып алған адам тұрақты клиентімізге айналып келеді. Себебі біздің өнімді үш-төрт жыл киюге жарамды. Сапасы жоғары, жағымсыз иіс шығармайды» деген цех директоры, қажетті шикізаттың басым көпшілігі отандық өнім екенін айтты. Нақтырақ айтқанда, Тараз бен Алматы, Семей қалаларынан әкелінеді. Ал аяқ киімнің табаны Ресейден арнайы тапсырыспен жеткізіледі. Айта кетерлігі, бүгінде цехта сегіз құрылғы жұмыс істеп тұр. Олар Қытай мен Түркияның тігін машиналары. Жақында «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасы арқылы цех басшысы келіссөздер жүргізіпті. Енді төмендетілген пайызбен несие алмақ. Басшылық ол қаржыға үш станок сатып алуды жоспарлап отыр.
Бүгінде 70-80 жұп аяқ киім шығарып отырған цех қызметкерлері ауқымы кеңейген соң тәуліктік қуаттылықты 300-400 жұпқа жеткізуді көздеп отыр. Айтпақшы, «Заря» өнімдері ОҚО мен Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласындағы базарларға сатылымға шығарылып келеді.
ақпарат көзі: Baq.kz
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді