Бірінші болжамға сенсек, 1857 жылы Нью-Йорк қаласының бір топ тоқымашылары 8 наурыз күні еңбекақының төмендігіне қатысты митинг ұйымдастырып, көшеге шықты деген дерек бар. Бірақ сол кездегі бұқаралық ақпарат құралдарында наразылық шеруі туралы бірде-бір ақпарат болмаған. Тарихшылардың дерегіне назар аударсақ, 1857 жылдың 8 наурызы жексенбі болғаны белгілі. Сол уақыттағы күнтізбеге сенсек, жексенбі күндері мүлдем митинг өткізілмеген. Сонымен, бірінші болжам ақиқаттан алыс жатыр.
Бірақ біздің бала кезімізден санамызға жақыны Клара Цеткинге қатысты болып отыр. 1910 жылы неміс коммунисі Клара Цеткин Копенгагенде өткен әйелдер форумында тұңғыш рет 8 наурызды «Халықаралық әйелдер күні» деп атау туралы бастама көтерген. Бұл мерекенің астарында әйелдер арнайы шеру, митинг жасау арқылы өз құқын білдіруі тиіс деген саяси қадам жатқан. Кейіннен бұл әйелдердің өз құқы үшін күрес күні деп аталды. Бірақ 8 наурызда қандай да бір әйел наразылық білдіріп көшеге шыққан жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, мұны халықаралық мейрам дәрежесіне Клара Цеткиннің құрбысы Александра Колонтай жеткізді деген дерек бар.
КСРО-да 1921 жылдан бастап 8 наурыз әйелдердің халықаралық мейрамы ретінде аталып өтіле бастады.
Алғаш рет бұл күнді 1911 жылы Австрия, Германия, Дания мен Швейцарияның әйелдер қауымы тойлағаны мәлім. Бірақ олар айдың әр кезінде атап өткен. Одан кейін 2014 жылы жоғарыдағы аталған төрт елге Ресей мен Голландия қосылды. Сөйтіп, әйелдер мейрамы халықаралық сипат ала бастады. Алайда басталған бірінші дүниежүзілік соғыс бұл атаулы мерекені ұмыт қалдырды. Тек 1921 жылдан кейін ғана мерекенің атап өту ауқымы кеңейді. Жалпы, бұл мейрам әр елде әр айда тойланып келгенімен, 1975 жылы КСРО мемлекетінің өтініші бойынша БҰҰ-ның қарарымен 8 наурыз ресми түрде Халықаралық әйелдер күні ретінде белгіленді. Бірақ бұл күнге әр ел әртүрлі қарайтыны да жасырын емес. Мысалы, 1990 жылдарға дейін ГДР мемлекеті болып, социалистік жолды ұстанған Германияның шығыс бөлігі осы күнге дейін 8 наурызды тұрақты түрде атап өтеді. Капиталистік қоғамда өмір сүрген немістің батыс бөлігі бұл атаулы датаны мойындайды деуге болмайды. Германияның батыстағы жұртының құндылықтары сіңе бастаған болуы керек, соңғы жылдары шығыс бөліктегі немістер де бұл мейрамды ұмыта бастаған сыңайы бар. Ресми түрде 8 наурыз халықаралық мерекелер күні деп аталғанымен, немістер мамыр айына көбірек маңыз береді. Өйткені көптеген елдерде ақиқатын айтқанда, өздерінің «Аналар күні» бар.
Кезінде социалистік жүйені ұстанған Польша да бұл мерекені салтанатты жағдайда атап өтуді әлі күнге дейін дәстүрге айналдырған. Бұл күні ерлер қауымы әйелдер мен қыздарға көктемнің алғашқы гүлін ұсынып, бақ-береке, тілеп, ыстық лебізін білдіреді. Польша жұртының бірсыпырасы 8 наурызды коммунистік мейрам деп есептегенмен, оған назар аудармайтындар да бар. Германия еліндегі сияқты, Польшада да 8 наурыз жұмыс күні болып есептеледі.
Литвада бұл күн көктемнің келуі әйелге құрмет ретінде тойланады.
1994 жылы Литваның Демократиялық жұмысшы партиясы әйелдер күнін арнайы ресми мейрам ретінде таныған. Алайда 1997 жылы парламентке келген консерваторлар мен христиан-демократтар әйелдер күнін мемлекеттік мереке тізімінен сызып тастады. Тек 2002 жылы ғана қайтадан әйелдердің халықаралық ынтымақ күні ретінде аталып өтіле бастады. Жалпы, Литвада қасиетті Валентин мен Аналар күні де тойланады. Бірақ 8 наурыз мерекесінің орны бөлек.
Вьетнамда 8 наурыз 2 мың жылдан бері тойланады. Мұның да тарихы бар. Бұрын бұл мереке «апалы-сіңлілі Чынгке Құрмет күні» деп аталған. Вьетнам халқын Қытай агрессорларынан азат етуде майдан даласынан мыңдаған жаралыларды алып шығып, олардың жартысынан астамын аман алып қалған олардың орны бөлек. Екеуі жаралылармен қоршауға алынған кезде, олар тұтқынға түспес үшін арыны асау өзенге секірген. Вьетнамда социалистік жүйе орнағаннан кейін «апалы-сіңлілі Чынгке Құрмет күні» 8 наурызға ауыстырылды.
Францияда халықаралық әйелдер мейрамы кең түрде аталып өтпейді. Тек бұқаралық ақпарат құралдарында ғана айтылып, еске алынатыны рас. Францияда бұл күнді коммунистер мен солшыл күштер ғана тойлайды. Қалғандары үшін басты мереке – қасиетті Валентин күні. Сонымен бірге, француздар мамыр айындағы «Аналар күнін» де ерекше құрмет тұтады.
ТМД еліндегі Түркіменстанда 8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамын тойлау Сапармұрад Ниязовтың мемлекетті басқаруы тұсында біраз уақытқа дейін үзіліп қалды. Ниязов 2001 жылы 21-22 наурызды Наурыз мейрамы мен Түркіменстан әйелдерінің мерекесі деп атап өту туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бірақ 2008 жылы билік басына келген Гурбангулы Бердымухамедов Халықаралық әйелдер мерекесін қалпына келтіріп, 8 наурыз қайтадан тойланатын болды.
Қазақстанда… Қазақстанда 8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы ресми мереке ретінде ерекше жағдайда аталып өтіледі. Бұл күні ерлер қауымы гүл шоқтарын алып, сүйіктілері мен аналарын, қарындастарын, бүкіл нәзік жандарды құттықтап, жылы лебізін арнайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мереке қарсаңында ақордада «Көктем шуағы» әйелдер қауымының өкілдерімен кездесіп, дидарласады. Ендеше, мереке құтты болсын, арулар!
ақпарат көзі: Baq.kz
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді