«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атыраудағы жекпе-жек

Атыраудағы жекпе-жек
ашық дереккөз
Атыраудағы жекпе-жек

«Астана арландары» «Қытай айдаһарларын» 5:0 есебімен жеңді

Бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымының кезекті кездесуін «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Атырау қаласында «Қытай айдаһарларына» қарсы өткізіп, айқын жеңіске қол жеткізді. Жекпе-жек 49 келідегі жерлесіміз Теміртас Жүсіпов пен қытайлық Дзюньдзюнь Хэмен арасындағы ойынмен басталды. Теміртас биылғы бүкіләлемдік бокс сериясы аясындағы алғашқы ойынын ресейлік боксшыға қарсы сәтсіз өткізген болатын. Бұл жолы ол барын салып, қарсыласына жойқын соққыларын дарытумен болды. Жекпе-жек соңында үш төреші де Жүсіповтің шеберлігін мойындады. Жерлестеріміз осылай ә дегеннен алға шықты. 56 келі салмақтағы айқаста «Арландар» сапындағы Ілияс Сүлейменов Лун Ванмен жұдырықтасты. Ілияс ресейліктерге қарсы ойында да қарсыласын жеңгенін айта кетейік. Бұл жолы да Ілияс білгенінен жаңылмай, рингте қожайынның кім екенін дәлелдеп бақты. Сөйтіп, Ілияс «арландардың» басымдығын ұлғайта түсті. 64 келідегі саңлағымыз Ділмұрат Мижитов Ян Люге қарсы өнер көрсетті. Ол «Ресей патриоттарына» қарсы өткен ойында қарсыласына жол берген болатын. Ал бұл жолы Ділмұрат жігерін тасқа жанып, шаршы алаңға тек қана жеңіс үшін шыққанын алғашқы минуттардан-ақ дәлелдеді. Қарсыласын бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабады. Тіпті, екі рет нокдаунға жіберді. Бұл жекпе-жек те «Астана арландарының» пайдасына жазылды. Алайда, «арландар» мұнымен шектелмеді. 75 келідегі жерлесіміз Сапарбай Айдаров та әлемдік бокс сериясында тұңғыш өнер көрсеткеніне қарамастан, жеңіске деген құштарлығын дәлелдеп бақты. Сапарбай жастар арасында Азияның қола жүлдегері екенін айта кетейік. Ол өз қарсыласы Минган Жаоның осал тұсын дәл таба білді. 91 келідегі саңлағымыз Антон Пинчук Сергей Новиковтан бес раунд бойы емтихан алды. Тіпті, қалаған сәтте соққы беріп, жекпе-жектің барысын өзінің қалауымен жүргізді. Антонның басымдығы айқын аңғарылды. Осылайша, бұл кездесуде «Астана арландары» «Қытай айдаһарларын» 5:0 есебімен тізе бүктірді. Енді «Астана арландары» 18 наурыз күні Тараз қаласында «Ресей патриоттарын» қабылдайды. Нұрлан Ақүрпеков шәкірттері бұл кездесуде де жеңісті өз пайдасына шешеді деген сенімдеміз.

 Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар