Талай додаларда топ жарып жүрген спортшыларымыздың әр жеңісі шүмектеп төгілген тердің, еселі еңбектің өтемі. жампоздардың жеңіс жолында барын салып, ел намысын абыройлы қорғап жүргені де қуантады. Соның ішінде жамбылдық спортшы арулардың қол жеткізген табыстары бір төбе десек қателеспейміз.
Аламанда олжа салып жүрген жамбылдық арулар жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен ойымызға суда жүзу шебері Зүлфия Ғабидуллинаның Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиададағы теңдессіз жеңісі оралады. Риодан алтын жүлдемен оралған ол барша қазақстандықтардың құрметіне бөленді. Оған деген сый-қошемет әлі де толастаған жоқ. Елдің даңқын асырған мұндай спортшыға, ел мен өңірдің патриотына қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ал каратэ-до спортының шебері Гузалия Гафурованың есімі барша қазақстандықтарға кеңінен таныс. Ол ел чемпионаты мен Азия ойындарын және халықаралық додаларды қоса есептегенде 28 алтын медаль олжалаған екен. Каратэ-до Олимпиадалық спорт түріне енгендіктен, Токиода өтетін төрт жылдықтың басты бәсекесінде Гузалиядан жанкүйерлер үлкен үміт күтеді. Суда жүзу спортының майталманы Элмира Айғалиеваның да есімін жұрт ерте танып білді. Жасөспірімдер, кейіннен жастар арасында Азия, әлем чемпионаттарында олжа салған Эльмира әлі бабында. Былтыр Ақтөбе қаласында суда жүзуден ересектер арасында өткен ел чемпионатында жерлесіміздің айы оңынан туды. Бір жарыстың өзінде жеті түрлі қашықтыққа жүзуде жеңімпаз атанды. Сөйтіп ел чемпионатынан 7 алтын медаль олжалап қайтты. Жерлесіміз Әйгерім Асқарова да бокс спортынан жоғары жетістіктерге жетті. Жастар арасында Азия чемпионы. Ересектер арасындағы жарыстарда да Әйгерім сан мәрте жарқылдап, өзінің талантты спортшы екенін дәлелдеп жүр. Өткен жылы Ташкентте самбо күресінен өткен Азия чемпионатында да жамбылдық арулардың жолы болды. 80 және одан да жоғары салмақта өнер көрсеткен Ақтолқын Смағамбетова мен Арайлым Шегенова қарсыластарын қоғадай жапырып, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Бұл жеңіс жамбылдықтарға үлкен қуаныш сыйлады. Еліміздің әйелдер арасындағы су добы құрама командасының құрамы да Тараз қаласының «Айша бибі» су добы клубы спортшыларынан тұрады. Бұл құрам толығымен Ресей чемпионаттары мен біріншіліктеріне де қатысып келеді. Ресей чемпионатында тоғыз матчта «Айша бибі» командасы тоғыз ұпай жинап, турнирлік кестеде бесінші орыннан көрінді. Команда мүшелері Айжан Ақылбаева, Камила Закирова, Анна Новикова, Анна Турова, Анастасия Еремина, Анастасия Миршина, Оксана Сайчук үздік ойындарымен көзге түсуде. Кәсіпқой боксшы қызымыз Фируза Шәріпованың да атағы алыс-жақын шетелге жете бастады. Ол күні кеше ғана өзінің кәсіпқой мансабындағы үшінші жекпе-жегін өткізіп, ресейлік Юлия Чернобородованы жеңді. Алты раундтық кездесуден соң төрешілер бірауыздан жеңісті Фируза Шәріповаға берген. Қазіргі уақытта тараздық боксшы Мәскеуде кіші Флойд Мэйуезер атындағы «Бокс академиясында» бапкер Сергей Кубышевтің қол астында жаттығып жүр. Айта кетейік, Фируза Шәріпова – еліміздегі қыздар арасындағы тұңғыш кәсіби боксшы. Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы. Міне, өңіріміздің ғана емес, ел намысын жоғары деңгейде қорғап жүрген жамбылдық нәзік жанды спортшыларымыз мұнымен ғана шектелмейді. Саңлақ сұлуларымыздың ізінен еріп келе жатқан жастар да баршылық. Олардың да күні ертең қыздар спортындағы өзіндік орындарын айшықтап, түрлі додаларда қомақты олжа салатыны хақ.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді