жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының жаңа туындылары туралы бірер сөз
Арғынбай БЕКБОСЫН.
Мына қызықты қараңыз. Сонау бір заманда, шамасы сексенінші жылдардың аяқ кезінде, өзім «Ақ жол» газетіне қызметке алған, бүгінде «Ақ жолды» өзі басқарып отырған Көсемәлі... иә, Сәттібайұлы кейінгі уақытта маған... қос көрінетін болды. Қорыққаннан емес, әрине. Шығармашылық тұрғыдан. Қарымды көсемсөзші, яғни публицист Көсемәлі және шебер көркемсөзші, яғни жазушы Көсемәлі... Сол «қос» Көсемәлі жылында емес, бір-екі айда бірер бұрылатын бұрын өзім он жылдай отырған орынға жақында бас сұққанымда бір жылда бір баспадан шыққан қос кітабын сыйлады. Біріншісі «Шың мен Шынар» болса, екіншісі «Хауа Ананың көз жасы» деп аталады екен. Кейінгісі әсіресе көзіме жылы ұшырап, көңілге қона қалды. Әуелгіде, әлбетте, атауынан болды-ау деймін. Хауа Ана... Адамзат дейтін мол қауымның түп анасы, аса қасиетті есім. Екінші себеп – бұдан жиырма жылдан аса уақыт бұрын шыққан менің «Хауа Ананың аманаты» атты кітабыммен аттастаулығында шығар, сірә. Ол публицистикалық жинағымда ең әуелі әртүрлі тарихи, саяси-әлеуметтік зобалаңдарға толы замандарда бүлініп біткен жарық жаһандық мүліктермен қоса адамдық ішкі дүниемізді де азаттыққа жаңадан қолы жеткен біздің елге де бүтіндеуді Ұлы Ананың аманаттайтынын арқау еткем-ді. Сол аманатқа оншалықты адал бола алмадық па екен? Хауа Ананың көзіне неге жас келеді?.. Әлде қуаныш жасы ма?.. Ондай да болады ғой... Әңгіме, хикаят, ертегілерден құралған кітапқа бас қойдым. Әрине, алдымен «Хауа Ананың көз жасына». Жылы теңіздердің бірінің жағасында әйелімен, кішкене қызымен бірге демалыста жүрген кейіпкер таң алдында ұйқысы қашып, лоджияға шыққанында ауладағы хауыз жанында тұрған бір бейтаныс қызды көреді. Ол да мұның қадала қалғанын сезсе керек, соңымнан ерерсің дегендей теңіз жаққа беттейді. «Қой болмас, артынан ілесейін, ертең «бір қыз түнде суға кетіп дүниеден өтіпті» деген хабар естісем, өзімді-өзім кінәлі сезініп, ажалымнан бұрын өлермін» деп ойлаған бұл да сонда барып, «нағыз сұлудың өзімен» таныстық басталады. « – Соңымнан келетініңізді білгенмін. – Қалайша? – Әйел түйсігі ғой...» Әйел түйсігі... Бұл да бір сыры ашыла қоймаған сиқыр емес пе. Сол сиқырдың бір иесі мына қыз сұлулықпен қоса қасіреттен де тұрғандай екен. «Алыста...» деп өзі меңзей салатын еліндегі соғыс кезінде «қаракиімділер» қолынан әке-шешесі, бауырлары қаза болғанда өзі жан сақтау үшін жаһан кезіп кете барған... Ата мекеніне қайта оралайын десе, «ол да тас бауыр боп кеткен. Барсаң міз бақпайды. Шет елде шерменде боп жүрген бір қызымыз келді-ау деп селт етпейді тіпті...» Селт етпейді... Мына сормаңдайлау деуге келіңкірейтін, «сұм» демей-ақ қояйық, дүниеде үшінші жаһандық соғыс болмаса да, ірілі-ұсақты қырғын, қырылысу шынтуайтында бір жыл түгіл бір ай қашан толық тоқтап көріп еді?! Әсіресе, Шығыс елдерінде, астан-кестен араб әлемінде, онымен жапсарластарда. Мыңдаған, миллиондаған бишаралар тоқмейіл Европаның кеудеден кері итергеніне қарамастан шыбын жан үшін құлдыққа да, қорлыққа да түсетінін біле тұра кәрі құрлықтың жағалауына жармасып, жармаса алмағандары Жерорта теңізінің тұңғиығына тұншығып, балыққа жем боп жатқанда бәдбақыт бір қыз тұрмақ мың қыз келсе де селт ететіндей, ет-бауыр елжірейтіндей хал бар ма?.. Әңгімені оқу үстінде осы тәрізді ойлар бұра тарта бастағанымен кенеттен екеудің диалогі Жерорта теңізінен де тереңге шым батыра жөнелгенін байқамай да қаласыз. « – Теңіз суының неден пайда болғанын білесіз бе? – деп сұрады. – Топан судан қалған дүние ғой. – Жоқ, теңіз суы Хауа Ананың көз жасынан пайда болған. – Хауа Ананың? – Иә, Қабыл деген баласы өз бауыры Абылды нақақтан нақақ өлтірген кезде Хауа Ана жападан-жалғыз отырып алып жылай берген, жылай берген. Міне, содан мұхиттар мен теңіздер пайда болған. – Бәсе, шомылған сайын байқаймын, теңіздің суы көздің жасы сияқты ащы болады екен...» Аңыз-әпсана тәрізді. Бірақ... бірақ Хауа Анадан бергі күллі аналардың мың-миллиондаған адамдарды отқа ораған ірілі-ұсақты соғыстарда, басқа да апат, катаклизмдер кезінде айырылған перзенттерінің азасында аққан жастарын мөлшерлеуге адам ақылы жетер ме?! Ал адамзат өмірінің күллі рахаты мен қасіреті немен безбенделмек?.. Ондай таразы жоқ! Болмайды да. Пенде ретіндегі жәй көзімізге қасірет салмағы әлдеқайда басым сияқтанады да тұрады ылғи. Енді сол сұмдықтың басымдану себебі неден, түп-тамыры қайда жатыр?.. «– Қараңызшы, содан бері қаншама адамдар арманда кетті. Солардың бәрінің анасының көз жасынан жердің беті көл болып кеткен. Ал соғыс дегеніңіз біреулерге мына қонақ үй мен жағажайдың пайдасы сияқты саулаған ақша...» Ақша... оның арғы атасы – ашкөздік, қомағайлық, тек өзімде ғана болсын дейтін алдау-арбау, өлермендік, қызғаныш... қойшы, осы секілділер қосыла келе астамдыққа апара ма деген дәмеден туатын апат, адамзаттық апат! Адамзат өмірінің Хауа Ананың көз жасындай ащы шындығы... Риза боласыз. Түу бастағы түп анамыз – Хауаның көз жасына емес, әрине. Әңгіме авторының шамалы ғана штрих, детальдармен-ақ том-том толымды туындылар арналса да артықтық етпейтін Ұлы Шындықтың контурын айқындап тастай салған шеберлігіне. Мұндай шеберлік әр дәуірлердегі живописьтің хас классиктерін де еске түсіріп жібереді екен. Олар қылқаламның ұшындағы түсі кереметтей анық та дәл таңдалған бірер тамшы бояудың өзімен-ақ ғасырлар таңдана тамсанатын және ондай күй адамзат аман тұрғанда созыла беретін шедеврлер жасап кетпеп пе еді... Бірер тамшы дегеннен шығады. Көлемі кітаптың біржарым бетін ғана алған «Мінез» деген дүние бар. Микроәңгіме десе болады. «Біреулер Біреулерге Біреулерді Жамандап жатыр екен. «Мінезі жаман» деп. Мен оларға мынаны айтып бердім...» – деп жазылуының өзі өлең сияқты өзгешелеу басталады да цирк аренасындағы аң патшасы арыстан, жаужүрек уәзір тәрізді жолбарыс, қаһарлы сардар секілді аю, алыптардың алыбы піл сияқтылар сипатталып кетеді де олардың бәрі де сыртқы айбын-айдынына қарамастан кішкентай ғана бір адамның құлына айналғаны айтылады: «жат» десе жатады, «тұр» десе тұрады, тіпті «биле» десе билей жөнеледі. Ал басқа мінез көрсетіп көнбейтіні біреу-ақ. Ол – әлгілердің бәрінен кішілеу қасқыр. Ешкімнің еркіне бағынып, дегеніне жүрмейді. Өз жолы бар, жолбасшысы – қайыспас рухы!.. «Мінездің жақсысын, сірә, қасқырдан үйренген абзал шығар» деген түйінмен аяқталады шағын әңгіме... Әрине, үйрену дұрыс та шығар. Бірақ барлық қасиетін емес. Онсыз күн көре алмайтын жыртқыштығын қасқырдың өзіне қалдырып, адам әлдекімге жалпақ қағып бас ұрмайтын рухтық қайсарлығын, өз қадірін кетірмейтін қасиетін ғана сіңіре алса жетіп жатыр. Сонда халық өлеңінде айтылатындай, «Құдайым сауысқанға бақ берген соң, Самұрық қызмет қылар саясында» деген көріністер азаяр ма еді, қайтер еді. Ал оның азаюы қай замандағы да қоғамның сауыға, парасаттана түсерінен түңілмеске түрткі болып, үміт отын үрлей түспек. Міне, осындай шарапатты азаюды кім іске асырмақ, кім бұл жөнінде терең толғана ойлануы тиіс? Қолға алса қолынан келе ме, ойға алса ой түбіне жете ме? Жалпы, мұндайға адамзат қауқары әлсіздік еткен дәрменсіз жағдайда жалғыз үміт жалғыз Аллада ғана ма?.. «Мінезден» шығып кеткен осындай зілмауыр да өткір сұрақтар оқырманды ендігі бір әңгіме – «Суреткерге» сүйрелегендей. «Суреткер» деп отырғаны – ұлы жаратушы Құдай. Он сегіз мың ғаламды, жерді, көкті, өзен-көл, мұхит пен теңіз, тау-тас, жасыл-желек жазираларды асқан сұлу, үйлесімді етіп жаратқан. Жерді-суды мекендеген мың-мыңдаған жануар-жәндік түріндегілерге Суреткер – Жаратушының тағатын пәлендей кінәсі жоқ. Бәрі де өзі о баста ойлағанындай тіршілік қылып жатыр. Тек... тек... «адамдар... бұл жаратқалы бері адам боламыз деп қақсаумен келеді. Бірақ... екі күннің бірінде күпірлік жасайды. Күнәға батады. Астамшылыққа ұрынады. Бір жағын күлмен көміп, сумен тұншықтырып, тәубасына келтірсең, екінші жағында тағы бір тағылық бой көтереді. Соғыс та, сүргін де, бақастық та, бақталастық та айуандардан емес, адамдардан шығып жатыр. Бұл салған ғажайып суретке қан мен қара күйе жағып, ластап тастайтын да сол... адамдар. Еһ, бұл осы адамдарды қандай құштарлық сезіммен жаратып еді десеңізші. Бар қиялын, бар махаббатын арнады емес пе?!..» Қасиетті Құран сөзімен де, хакім Абай ғақлиясымен де үндестеу келетін осы аз ғана үзіндіде қаншама қасіретті шындық, айдай ақиқат жатыр!.. Адамзат өз пиғылынан бейдауа дертке ұшырағандай ма, қалай... Қоғамда күннен-күнге зорайып бара жатқан зұлымдық, азғындыққа, Жаратушымыздың соған қарсы қаһарындай боп Жер шарының әр шалғайында жиілеп кеткен орасан табиғи апаттарға қарап: «Ау, осы ақырзаман, қиямет-қайым жақындап қалмады ма екен?!» дейтіндей жұрт алаңдауы ойлыны ойландырып тастамай отыр ма?.. Әңгімеде Ұлы Жаратушы – Суреткер де ойланады: «...сурет бетіндегі екі аяқтыларды бір сүйкеп өшіріп тастап, сана-сезімі бұлардан да жоғары басқа бір мақұлық ойлап табу керек шығар...» О, онда бітті ғой бәрі!.. Заманақыр... «Ендеше, абайла, азғындама, алдыңды ойла, Адамзат!» Бұлайша айғайлап ұран салмағанымен әңгімеден түйілер түйін осы. Тағдырлы, күмән-күдік тудырмайтын түйін!.. ...Бұл секілді талай-талай татымды дүниелерге түп қазық болардай ой түйіндері, терең толғанысқа бастайтын алтын арқау Көсемәлінің бұл кітабында аса мол боп шықты. Ауыл адамдарының кескін-келбеті де, мінез-құлқы да қилы-қилы бейнелері тұтас бір галерея дерліктей. Баяндалар оқиғаларды бағалағанда «Өмірден ойып алынған» деген әбден таптаурын болған сөз тіркесін қайталауға мәжбүр боп отырмын. Тіл шұрайы, теңеу-эпитеттердің сонылығы, езуді еріксіз тартқызар юмордың жиі ұшырасуы сүйсінтеді. Форма, фабула жағы да келісті-ақ! Әдетте, қаламгер жайлы сөз бола қалған жағдайда «пәленшеге еліктеген, ұқсаған, пәленшенің шекпенінен шыққан» деп жатады. Неге екенін қайдам, әдебиет зерттеушісі де, теоретигі де емес маған осы сөздер ұнаған кезі жоқ. Талантын Құдай берген нағыз жазушы алғашқы қадамдарында көркемдік тәсіл жағын өзінен ілгергі ұлы суреткерлерден үйренгенімен еліктемейді. Еліктесе – біткені! Сондай-ақ біреудің шекпенінен шығып жатудың да түкке қажеті жоқ. Әркімнің Құдай жаратқанда тек өзіне ғана тән кескін-келбеті, өмірге көзқарастан қалыптасатын жан дүниесі болатыны секілді тек өзіндік қолтаңбасы болуы шарт. Осы тұрғыдан келгенде Көсемәлі – қазіргі қазақ көркемсөз әлеміне әдемілеп салынған өз жолы бар жазушы!.. Рас, мен оны бұрындары, жас журналист кезінен-ақ публицист ретінде білетін, бағалайтын едім. Енді «Хауа Ананың көз жасы» арқылы екінші мықты қырын – жазушылығын ризалық сезіммен таныдым. Екінші кітабы – қай жағынан алып қарастырсаң да заманалар ауанын дәл жеткізетін ғажайып публицистика. «Шың мен Шынар» атты бұл кітапта Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаев сынды елбасыларына, халқымыздың айбыны ұлы Бауыржанға, сондай-ақ Шона, Тәкен, Шерхан секілді ел мақтаны болған аға жазушыларға, Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова мен тамаша ақын Күләш Ахметоваға, дара дарын Жақсылық Сәтібековке, тағы басқа қаламгерлерге арналған эсселер топтастырылыпты. Бәрі де тартымды, оқырманға мол мағлұмат береді. Ел-жұрт, ірі тұлғалар өміріндегі әртүрлі көмескілеу тұстарды әділдікпен айқындыққа шығарады. Тарих алдындағы парызын, ар-ұятын пайымдайтын публицистің бір қасиеті де сол екендігі белгілі. Қо-ош, сонымен қос кітаптан шыққан аз ғана әңгімеміз «кейінгі уақыттарда маған Көсемәлі... қос көрінеді» деген аздаған әзіл аралас сөзден шығып кетіп еді-ау. Ізбасар інімнің көсемсөз, көркемсөз секілді қос қанатын қош көрген көңілімнен айтқаным ғой. Қос қанат талмасын, иесін биіктен биікке жеткізе берсін!.. Осы тілек қысқалау әңгімеміздің нүктесі де болсын. Сірә, әзірге...
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді