«Бүкпесіз әңгіменің» халықаралық әйелдер күні қарсаңындағы қонағы аса ауыр салмақта грек-рим күресінен Азияның екі дүркін, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Нұрмаханның анасы Жұмагүл Тінәлиева
«Ағасы інісімен алыспауы үшін Нұрлан спорттан кетті»
– Жұмакүл Рәтжанқызы, «Алып анадан туады» деген қазақ нақылының бірден-бір дәлелі өзіңіз болсаңыз керек. Байқасақ, Нұрмаханның түр-әлпеті сізге қатты ұқсайды екен. Ендеше, ұлыңыз туралы әңгіме қозғамас бұрын, өзіңіз жайлы айта отырсаңыз? – Иә, сөзіңіздің жаны бар. Басқа балаларыма қарағанда, Нұрмаханның сыртқы болмысы маған тартқан, алайда жан дүниесінің жаратылысы әкесін қайталап тұр. Ал балуандығы, күштілігі туралы айтсақ, ол жағы да әкесіне тартқаны сөзсіз, бірақ көз көргендердің айтуынша, менің әкем де бір қолымен аттың жалынан тартып тұрып, құлататын мықты кісі болған екен. Мен әкемнен 3 жасымда айырылып қалғам, тұлғасы еміс-еміс көз алдымда. Соғыстан бір қолмен оралып, тылда аянбай еңбек еткен әкемнің «қарулы» болғандығы туралы әңгімелерді ел аузынан жиі естимін. Отбасым Шу ауданының қазіргі Баласағұн ауылында өніп-өскен, 1966 жылы дүниеге келгенмін. Мектеп бітірген соң Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесінде білім нәрімен сусындап, 19 жасымда шаңырақ құрдым. Жолдасым Анарбек Шу ауданының Далақайнар ауылында тұратын. Екеуміз бір-бірімізге Қозы мен Баяндай ғашық болып, Тәңірдің қалауымен, жүректің әмірімен қосылған едік. Енені сыйлаған келін болдым, күйеуімді пірім деп қараушы едім. Үш ұлды дүниеге әкелдім, Нұрмахан – ортаншым. 24 жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, бүгінде аудан орталығындағы «Ақ қайың» балабақшасын басқарып отырмын. Шығармашылыққа, әдебиетке жақынмын. Мұңайған сәттерде сырымды өлең шумақтарымен ақ парақ бетінде шиырлайтыным бар. Үлкен ұлымнан 3 немере сүйдім. – Ата-ананың бала өміріндегі орнын ешкім алмастыра алмайтыны анық. Ал отбасыларыңыздың мақтанышына айналған ұлыңыздың спорттық жолындағы сіздің рөліңіз қандай? – Ананың мейірімі мен жылылығы адамды тек жақсылыққа жетелейді. Алайда, Нұрмаханның спорттық өмірінде менен гөрі әкесінің рөлі басымырақ болды деп ойлаймын. Жолдасым шаруа адамы болатын, бірақ балуандығы да бар еді. Бала кезінде Наурыз мейрамдарында аудан көлемінде өтетін спорттық ойындарға шалғайда мал бағып жүрген жерінен алдыртып, қатыстырады екен. Сонда Анарбектің жеңіссіз оралған кезі болмапты. Бірақ амал нешік, ауылдың күйбең тірлігі күреске деген жолын байлап, спортшы болу туралы арманы орындалмай қалады. Сондықтан өзі жетпеген жетістікті ұлдарым бағындырса екен деп, екі ұлды жастайынан спортқа берді. Ұлдарының әр жетістігіне ерекше қуанатын. Бірде журналдардың біріне Нұрмахан туралы мақала суретімен шығыпты, сондағы қуанғаны соншалық, әлгі журналды қайда барса да, өзімен бірге алып жүретін. Кейіннен ұлымыз туралы бейнебаян шығады деп естідік. Өзінің дәм-тұзының таусылып тұрғанын сезді ме, әнді Нұрмаханға телефон арқылы тыңдатуын сұрап, бейнебаянды теледидардан асыға күтті. Өкінішке орай, ән Анарбекті жерлеп келген күні бір-ақ берілді. Ол 2010 жылы 47 жасына қараған шағында жүрек талмасынан фәнилік дәм-тұзы таусылып, бақиға аттанып кете барды. Ұл балаға әкенің тәрбиесі ауадай қажет екені мәлім. Балаларым тәрбиеден мақұрым қалған жоқ, көзі тірісінде әкелері айтқан өнегеге толы әңгімелерді өмірлік ұстаным ретінде қолданып келеді. Әкеден айырылып, ауыр соққы алған ұлдарыма енді мен демеу болуға тиіс едім, солай болды да. Бірақ араға бес жыл салып, кенжем Қажымұқан да жол апатынан ажал құшты. Қайғыдан қан жұттық, бірақ жаның бөлек болған соң, шыдайды екенсің. Қос қыраным үшін мен мықты болуға, мойымауға бел будым. Мұңымды оларға сездірмеуге тырысамын. Себебі Нұрмахан – халықтың ұлы. Ол физиологиялық, психологиялық жағынан да әлсіремеуі үшін анасының әлсіздігін білуге хақысы жоқ деп шештім. Сондықтан, мейлі ас үйде, мейлі қызметте күшті болуды ұстанымым етіп бекіттім. Мен Нұрмаханға күш беріп, қолдап отыруым керек. – Нұрмахан спорттағы мансабына қалай қадам басты? Әлде ауылдың қара домалақ баласының қабілетін көрегендікпен байқап, бағыт-бағдар берген адамдар болды ма? – Марқұм әкесі үш ұлын да спортқа баулуға тырысты. Біздің қонақ бөлмеміз кейде кәдімгі спорт залына ұқсап кететін. Ол кезде отбасымызбен Мойынқұм ауданында тұрып жаттық. «Ақбақай» кен байыту конбинатында Анарбек жүргізуші, мен сол ауылда мұғалім болып жұмыс істейтінмін. Тұңғышым Нұрлан 7-ші, Нұрмахан 5-сыныпты аяқтағанда, екеуін Алматы қаласына қыдыртуға алып бардық. Көшеде келе жатып, ойда жоқта Дәулет Тұрлыханов атындағы спорт кешенін көзіміз шалып қалды. Ішіне кіргеніміз сол еді, алдымыздан жаттықтырушылар шыға келді де: «Мықтылар ауылдан шығады. Осындай балаларға жете алмай жүр едік», – деп ұлдарымызды сонда алып келуді ұсынды. Бірақ бірден келісе кеткен біз жоқ, басында біраз қорқақтадық. Ауылға барған соң әрі ойланып, бері ойланып, сабақ басталатын уақыт жақындағанда, әкесі екі ұлын қалаға оқуға жіберуге шешім қабылдады, мен де қарсы болмадым. Алматыдағы №133 лингвистикалық гимназияға оқуға бердік, туыстардың үйіне орналастырдық. Сонымен, екеуі түске дейін мектепте, түстен кейін спорт залда уақыттарын өткізетін. Кейіннен қаладан пәтер сатып алып беріп, жағдайларын жасап қойдық. Апта сайын демалыста міндетті түрде келіп тұрам. Тамаққа шыдай алмайтын алыптарым қазанға толтырып макарон пісіріп, оны тоңазытқышқа салып қояды екен да, апта бойы соны шетінен жылытып жеп, мен келгенше күнелтеді екен. Осылайша қалаға бойлары үйрене бастады. Сабақтары жақсы, спортқа да төселді. Мектеп бітірерде екеуінің де салмағы 96 келіге жетіп, теңесті. Байқасақ, ауыр салмақта басқа ешкім болмай, екеуі кілемде қарсылас болып шығып жүр екен. Бұл жайт Анарбекті бірден ойландырды. Ол: «Бұлай болмайды. Ағайынды екеу кілемде алысса, өмірде де алысып қалуы мүмкін» деп, 21 жасында Нұрланды спорттан шығарып алып, үйлендірдік. Ол спортпен қош айтысып, ауылға келіп мал шаруашылығымен айналысты. – Өзі қалада емін-еркін өссе, оның үстіне күш-қайраты тасып тұрған соң, сол күшін бұзақылыққа пайдаланып, жастықтың буымен қателіктерге ұрынған сәттері болды ма? – Рас, екі ұлым қалада жүріп, жастық шағын өздерімен-өздері алып шықты ғой. Бірақ Нұрмахан ондай өрескел қателік жасаған емес. Оның үстіне, мінезі әкесіне тартқан, мейірімді, сезімтал болды. Кісі ақысын жемейтін, жанашыр жігіт болған соң, оның өмірде де, спортта да достары көп. Эльдар Қайратов есімді жолдасы Нұрмаханның бір оқиғасын айтып берген еді. Екеуі шетелге жарысқа барыпты. Сөйтсе, қалталарындағы соңғы ақшаларына тіске басатын бірдеңе алып тұрса, Нұрмахан көшедегі қайыр тілеген дуанаға «бұлар аш жүр ғой, бізге тамақ табылар», деп қолындағысын беріп жіберсе керек. Ал балуандардың тәбетін өздеріңіз білесіздер. Бұл да оның адамға деген жанашырлығы мен қамқорлығының белгісі деп ойлаймын.
«Алғашқы жеңісіне әкесі керемет қуанып еді...»
– Нұрмаханның ең алғашқы жеңісі жайлы айтсаңыз... – Ол бозкілемде бірінші рет 2003 жылдың қыркүйек айында белдесті. Бұл Алматы облысы Талдықорған қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионаты болатын. Сол тұңғыш жарысында екінші орынды қанжығаға байлап қайтқан еді. Сол кезде бала Нұрмахан мен әкесі Анарбектің қуаныштарында шек болмай, төбелері көкке жетті. Болашағынан үміт күткен, үкілеп спортқа қосқан асыл әкенің ең алғашқы арманы орындалған. – Балуанды жеңіс тұғырына жетелейтін бірден бір адам – ол бапкер. Ол жаттықтырып қана қоймай, психологтің де, диетологтің де рөлін атқара алатын әмбебап адам болатыны белгілі. Ал сіз Нұрмаханның бапкерлері туралы не айтасыз? – Оның өмірдегі де, спорттағы да алғашқы бапкері, ұстазы – Анарбек. Әкесінің бала болашағына берері де, үйретері де көп еді. Әттең, өмір-ай. Өкінішті. Бала Нұрмаханды қалаға жетектеп Дәулет Тұрлыханов атындағы спорт мектебіне бергенде алдымыздан күлімдеген қара домалақ қазақ баласы шығып, «ағасы, нағыз спортшылар осындай ауылдан келген балалардан шығады», – деп қуана қабылдаған Мұратбек Қасымханов еді. «Болам деген баланың, бетін қақпа, белін бу», демекші, грек-рим күресіндегі мансабын жалғастыруына, одан әрі адам болып қалыптасуына, ағалық қамқорлығын аямай, рухани жағынан да қолдау көрсеткен Мұрат Тұрлыханов болды. Ата-анадан жырақта жүріп, келешегінен көп үміт күттірген бала Нұрмаханның есейе келе аға Нұрмахан атануына себепші болған ағаларына аналық алғысымды айтамын. – Бозкілемде балаңыз қандай қателіктерге көп ұшырайды? – Бұл туралы баламның бапкері Мұратбек Қасымханов былай деген болатын: «Кейде салмағына ие бола алмай қалады. «Салмағым ауыр» дейді де, қарсыласының жылдам айлаларына қарсы тұра алмайтыны бар. Грек-рим күресіндегі төрт тағандап тұру әдісін білеміз. Яғни кілемде төрт тағандап тұрған қарсыласын жұлып алып, екі рет аудару керек. Міне, осы әдіс кейде шешуші рөл атқарады. Нұрмаханның осы әдістен біраз кемшіліктері болған. Тағы бір кемшілігі – кездесуді жылдам аяқтағысы келіп, асығыс қимылдар жасайды. Ал балуанның асығыс қимылын, қателесуін күтіп тұрған қарсыласы оны жылдам құлатады. Бұндай жайттар біраз жарыстарда кездесті. Жалпы, Нұрмахан әр кездесуге жауапкершілікпен шығады. «Мына қарсыласым мықты, әлсіз», деп бөле-жарған емес. «Кілемде таза жеңіске жетсем», деп айқасады. Сол қасиетін көпшілік жақсы көреді. – Балаңыз бос уақытын қалай өткізеді? Ауылға келгенде өз қолыңызбен дәмді тағамдар пісіріп беріп қуантатын шығарсыз? – Баяғының батырларына ұқсап, Нұрмахан демалыста таза ауада аң аулап, атқа мініп, құс салғанды ұнатады. Кітап оқуды да жаны сүйеді. Ол темекі, арақ сынды зиянды заттардан басын аулақ ұстайды. Ал оның сүйсініп жейтін тамағы, әрине ет, қуырдақ, сусыны – қымыз. – Білуімізше, Нұрмахан кіндік қаны тамған Жамбыл өңірінен емес, Алматы облысы атынан күресіп жүр. Бұл туралы не айтасыз? – Күрес жолын жастайынан Алматыда бастап, сол жақтан өсіп-өнген соң Алматының намысын қорғап жүр. Оның үстіне, сол облыстың әкімдігі демеушілік көрсеткен соң, сонда тұрақтап қалды. Кейінірек көпшілікке танылып, Жамбылдың тумасы екені ел арасында белгілі бола бастағанда, тараздықтар ұсыныс жасағаны жасырын емес. Бірақ, қазақ атам «Тал бір жерден көктейді» демей ме?! Сондықтан бір қаладан көктегені жөн шығар. – Ұлыңыз спортшы болмағанда, қандай мамандықты таңдар еді деп ойлайсыз? Күндердің-күнінде кәсіби спортшылық мансабы тоқтайтын уақыт келетіні анық. Сол кезде ол немен айналыспақ? – Бала кезінде ұлым «десант» болам дейтін. Қарап отырсам, спорт жолына түспесе де, ел үшін қызмет істейтін адам болмақ екен ғой. Марқұм атасы көзі тірісінде бір түс көріпті, бірақ оны ешкімге айтпай кетті. Тек өзінің қызына, яғни Нұрмаханның әпкесіне «Түс көрдім. Осы Анарбектің Нұрмаханынан зор үміт күтемін. Керемет бала болайын деп тұр», деп болжам жасап кеткен екен. Расымен, болашағы атасының айтқанындай болып шықты. Биік белестерді бағындырды. Грек-рим күресінен әлем чемпионатының 3 дүркін қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды. Жарыстардың барлығында ол небір мықтыларды сан соқтырып, 2010 жылы әлем чемпионатында Ресей алыбы Хасан Бароевтың өзінен басым түскен болатын. Енді, өзіңіз айтқандай, спорттан қол үзетін күн туып жатса, бәлкім, жаттықтырушы болар немесе заң саласында қызмет істейтін шығар. Олай дейтінім, Нұрмахан Гумилев атындағы заң университетін тәмамдаған. Бәрі келешектің еншісінде. Алла өмір берсе, нанын тауып жеуге жарап тұр ғой.
«Жарыстарға жақындарының бірге барғанын қаламайды»
– Ұлыңыз ту ұстап шыққан Лондон Олимпиадасында сіздің толқынысыңызды теледидардан көрдік. Рио Олимпиадасында да бірге барып, жанкүйер болдыңыз ба? – Ол жақындарының жарыстарына қатысуын қаламайды. Бірақ мен баруды ұйғарсам, көңіліме қарап, қарсылық білдірмейді. Оның бұл ойын Лондоннан келгеннен кейінгі бір сұхбаттарынан түсіндім. Содан кейін, мен ұлыма кедергі болдым ба екен, бірге барғаным бекер болды ма деп қынжылғаным бар. Сол кезде бокстан Серік Сәпиевтің ата-анасы маған рух беріп, жұбата білді. Ал Рио Олимпиадасында үйде отырып, тілеуін тіледім. Бірақ бұйырғаны сол, бастысы бастың амандығы. Нұрмахан ел-жұртының алдында сыйлы. Жетістіктері көп, бірақ діттеген олимп шыңына шыға алмай жатыр. Мысалы, Лондонда жарақат алып қалды. Оған қоса, салмақ қуу көп кедергі жасайды екен. Айталық, салмағын 130 келіде ұстап тұру үшін, тамақ ішпей, диета ұстауға мәжбүр болады. Ал тамақ ішпеген адамның әлсірейтіні анық. Менің ойымша, Нұрмахан спорт жолында болмағанда, кемінде 150 келі салмақпен жүрер еді. Себебі әкесінің салмағы 170 келі болатын. Балам өмірлік мақсатының алдына барып тұрып, сүрініп кеткенде, спорттан бас тартатын шығар деген ой да келді. Бірақ Лондоннан соң онымен психологтар шебер жұмыс жасап, Риоға іліндірді. 28 жасқа келіп, ақыл-есі толыққан жігіт болғандықтан, Риодағы сәтсіздіктен соң психологиялық тұрғыдан қатты күйзеліске түспеді, бекем болды. Ұлым қандай жағдай болсын, менің қас-қабағымды бағып, көңілімді аулап тұрады. Сондықтан оған ризамын. Анасының көңіліне кірбің түсірмей, ақ батасын алған баланың Алла алдынан жарылқар. – Нұрмахан туған ауылына жиі келіп тұра ма? Олимпиададан оралғанда қалай қарсы алдыңыздар? – Ол белдесуден жеңіліспен қайтқанда, бір-бірімізді үнсіз қарсы аламыз. Ол мені, мен оны сөзсіз ұғынысып тұрамыз. Артық сөз жоқ. Нұрмаханмен жүздесуге үйге келген туыстарым, бауырларыма да алдын ала спорт туралы артық әңгіме қозғамауларын ескертемін. Бұрын ауылына қолы босағанда бір келетін. Қажымұқан қайтыс болғаннан кейін, үйде жиірек болатын болды. Кенжемнен айырылған соң, маған үйімізден оның даусы шығып тұратындай елестер пайда болды, талай түндерім ұйқысыз өтті. Осы күйімді Нұрмаханға үйдегі келінім айтса керек, ол жаңа үй салып, бізді көшіруді ұйғарды. Бір жыл өткен соң, жаңа баспанаға кіріп, елестер сейілді. Ескі шаңырағымызда марқұм ұлымның жолын күтіп отырушы едім. – Туған жеріне келіп, ауыл спортын көтеру, өзі сияқты мықтыларды тәрбиелеу ойында бар ма? – Әрине, ондай жігіттер ауылының намысын ойлап жүреді. Ол, тіпті, кішкентай кезінен-ақ көпшіл болатын, жан-жағындағы адамдардың жағдайын үнемі ойлап тұратын. Көпшіл, қамқоршыл, шындықты қатты жақтайды. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп өскен Нұрмахан болашақта басы аман, бауыры бүтін болса, туған жеріне өз үлесін қосар. Осы орайда, Қадір Мырза Әлінің мына сөзі ойыма оралып тұр: «Бақыт, арман, әрі үміт, Үмітте ешбір нүкте жоқ». Ақын айтпақшы, асқақ арманы телегей теңіз ұлдың, алар асуы мен еліне тигізер пайдалы үлесі де көп болғай. – Ұлыңыз кімді үлгі тұтады? – Ел байрағын биікке көтерген Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов сынды алдыңғы буын ағаларына құрметі зор, соларды үлгі тұтады.
«Ұлымның спортты тастамайтынына көзім жетті»
– Нұрмахан Олимпиададан келген соң, халық қалай қабылдады? – Нұрмахан, аса намысты жігіт. Бір мемлекеттің абыройын арқалап шығып, сәтсіздікке ұшырау оған ауыр соққы болғаны сөзсіз. Алайда, сол олимп шыңын бағындыруға беттемес бұрын, оның қоржынында қаншама жеңістер бар еді. Ел ішінде биік абыройы жеткілікті болатын. Бұның бәрі текке келген жоқ, қара тер, ерен еңбектің арқасында қол жеткізілді. Бірақ, өкініштісі осы жеңілістен соң қаншама жылдық еңбегі елеусіз қалып кеткендей күй кешті. Ол өміріндегі маңызды белдесуге төтеннен баруы мүмкін емес, қаншама тынымсыз дайындықтан өтті, күніне 10 сағаттан аса уақыты спорт залда өтетін. Сөздің шыны керек, Нұрмахан ел ішінде ескерусіз, Олимпиадаға бармағандай боп қалды. Ана жүрегі осыған қатты налыды. Оның жағдайын жасамай-ақ қойсын, аспанға көтерудің де қажеті жоқ. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын», демей ме Ахмет Байтұрсынұлы. Алашымның намысы деп алып-ұшып барған арысыма ешкім ештеңесін бөліп бермесе де, елеп-ескеріп, реті келгенде қолпаштап қойса, елдігіміздің, ұлт екеніміздің белгісі сол болмай ма? «Адамдарсыз адам бағы жанбайды, Көңіл, шіркін, ықыласқа қанбайды. Жылы сөзді артығырақ айта бер. Жаның одан жараланып қалмайды», – деген өлең шумағын бір кезде күнделігіме түртіп алғаным бар еді. Елге «менің баламды сыйлаңдар», деп айта алмайсың. Бірақ көкейіңде сайрап тұрған мазасыз ойды біреу дөп басса, жаның жадырап қала береді екен. Қазақ: «Жақсы сөз жан семіртеді», – деп бекер айтпаса керек. Бірде ауданымызға бір журналист жұмыс сапарымен келіп, жиын үстінде мені спортшының анасы ретінде елеп, бүкіл жиналғандардың алдында қошеметтеп, төбемді көкке жеткізгенін ешқашан ұмытпаймын. Сонда «Мені де ескеретін адам бар екен-ау», деп қатты толқыдым. Жазушы ағамыздың айтқан сөздері еңсемді тіктетіп, көңілімдегі «әттегенайды» шайып түсіргендей болды. Сол сәттегі сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес, сол күнгі ұйқымның тәттілігін айтсаңызшы. – Грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасында алтын алған Жақсылық Үшкемпіровтен кейін, 37 жыл өтсе де оның жеңісін қазақ баласы қайталаған жоқ. Ал Нұрмаханның қос талпынысы да текке кетті. Осы кезде ұлыңыздың біраз бұқаралық ақпарат құралдарында сын садағына ілінгенін көріп-біліп отырғанда, сіз қандай күйде болдыңыз? – Ішімнен шыққан баламның көңілін менен артық кім түсінер. Мен алдымен Нұрмахан үшін қиналдым. Әрине, оңай болған жоқ. Себебі, газет-журнал, теледидардан көргенде адамға ерекше ауыр тиеді екен. «Нұрмахан жеңілу үшін барды ма?», – дегендей әңгімелер желдей есті. Бұндайда алдымен намыс қысады. Қиын-қыстау күйден өттік қой. Алайда сабырдың арқасында бұндай жағдайды да жеңуге болады. Адам рухын жеңдірмеуі керек. Бастысы сол. Сонда ғана сынақтардан сау өтіп, мақсатқа жетесің. Ұлыма осындайда Шыңғыс ханның мына бір өсиетін айтып отырамын: Асқар таудың асуын көзде, Ағын судың өткелін ізде. Алыс деп қорықпа Жүрсең, жетерсің. Ауыр деп қорықпа, Ілсең, көтерерсің. Азық шайнар тісің бар, Адам шайнар ісің бар. Білегің мықты болса, бірді жеңерсің Жүрегің мықты болса, мыңды жеңерсің. – Нұрмаханның ендігі жоспарлары қандай? Сізге келін әкеліп, қуантатын күннің де ауылы алыс емес шығар? – Отбасын құру тақырыбын әзірге жабулы күйінде ұстап отырмыз. Қазір күнделікті жаттығу жұмыстарымен айналысып жүр. Мақсаты – Олимп шыңын бағындыру. Қалғанын уақыт көрсетеді. Көзімнің жеткені, ұлым спортты тастамайды. – Сізді келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүкпесіз әңгімеңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді