«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Головкин – Джейкобс: шайқасқа 19 күн қалды

Головкин – Джейкобс: шайқасқа 19 күн қалды
ашық дереккөз
Головкин – Джейкобс: шайқасқа 19 күн қалды
Кәсіпқой бокста GGG лақап атымен танылған орта салмақтың королі, WBC, WBA (super), IBF, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен WBA тұжырымы бойынша әлемнің тұрақты чемпионы, америкалық Дэниель Джейкобс арасындағы мега жекпе-жектің өтуіне 20 күн қалды. Бұл шайқасты бокс жанкүйерлері ұзақ күтті. Тіпті, WBA басшылығының ұйғарымымен қос боксшы өткен жылдың желтоқсан айында қолғап түйістіруі тиіс болатын. Алайда, келіссөздер ұзақ уақыт жүруіне байланысты жекпе-жек ағымдағы жылдың 18 наурызында (біздің уақытпен 19 наурыз таңғысын) Нью-Йорктегі атақты «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында өтетін болып шешілді. Бүгінгі таңда барлық билеттер сатылған. HBO арнасы орта салмақтың бірінші және екінші нөмірлі боксшылары жұдырықтасатын кездесуді ақылы негізде (HBO PPV) көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз межеленген сатылым орындалса немесе сатып алып тамашалаушылар саны ойдағыдан асып түссе, қос боксшының гонорары үстемеленеді дегенді білдіреді. Әзірге бұл шайқастан телеарна басшылығы қанша сатылым күтетіні белгісіз. 36 жекпе-жек өткізген Головкин қарсыластарының барлығын тізе бүктіріп, 33 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған болса, Джейкобс 33 мәрте рингке көтеріліп, 32 кездесуде жеңіс тойын тойлаған. 29 қарсыласын баудай түсіріп, бір мәрте жеңіліс тапқан. Иә, Джейкобс бір мәрте қарсыласына есе жібергенін айттық. Кімге, қашан? Ол 2010 жылы ресейлік боксшы Дмитрий Пирогқа қарсы рингке шығып, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласып, қарсыласына 5-раундта нокаутпен ұтылған болатын. Одан кейін 12 кездесу өткізіп, барлығында айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Орта салмақта үш (Альваресті қоспаймыз. Ол әзірге бірінші орта салмақтың боксшысы) боксшы қарсыласын сұлатып түсіретін мықтылар санатына жатады. Қазақстандық Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемье және Дэниель Джейкобс солардың қатарына кіреді. Сол себепті қос боксшының шайқасы нокаутпен аяқталады дейді мамандар. Букмекерлік кеңселер жекпе-жекте Головкин 100 пайыз жеңіске жететінін болжап отыр. Қос боксшы бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) ережесі бойынша жекпе-жектен бір ай бұрын салмақ өлшеу рәсімін өткізді. Джейкобстың қазіргі салмағы 174,8 фунт яғни, 79,29 келіні көрсетсе, Генаның салмағы 165,1 фунт, яғни, 74, 89 келіні тартқан. Головкин бар болғаны бес фунт (2 келі 300 грамға жуық) салмақтан арылуы керек. Қос боксшы да антидопингтік тексеруден сәтті өтті. Енді үлкен шайқасты асыға тосамыз. Білетіндер Джейкобс Головкинге оңай қарсылас болмайды дегенді айтады. Көрейік.

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар