Тектіліктің белгісі
Дулат бабаға ескерткіш орнату орынды ма?
Арғынбай БЕКБОСЫН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жазушы-публицист.
«Сол сенің арғы ұлы атаң еді» – дегенде,
Бір жылы толқын ойнайды менің денемде...
Тұманбай.
Дәл есімде жоқ, сірә, сексенінші жылдардың соңы болуы керек. «КТК» телеарнасының хабарларын қарап отырғам. Алматының ескі алаңында, Ленин ескерткішінің ту сыртында фамилиясын ұмытыппын, бірақ сол уақыттарда өте танымал болған бір мұртты орыс журналист «Ашық экран» атты репортаж жүргізіп тұр. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқандарға қоятыны жалғыз сұрақ:
«Сіз шыққан тегіңізді білесіз бе?..»
Камера алдына кеп, микрофон арқылы жауап беріп жатқандар да негізінен орыстар сияқты, европеид тақылеттілер.
– Сіз шыққан тегіңізді білесіз бе?
– В смысле?..
– Ну, допустим, отца, деда, прадеда... и так далее.
– Отца знаю, конечно. Деда величали... кажется... Иваном Васильевичем.
– А прадеда?
– Ай, не знаю!..
Күле тұрып жауап бергендердің көбі жастар болғандықтан кешіргендей боп, бурыл мұртты егделеу, еңгезердей біреу көрінгенде «ә, мына азамат неғыпты, білер-ау қайтсе де...» деп көрермен ретінде әжептәуір үміттенген едім. Бекер екен. Әлгі де әкесінің әкесімен тоқталды. Әжесін мүлде білмейтін боп шықты. Және онысына титтей де қынжылмайтын көрінді. Жымиып тұр, «да, ну их...» дегендей қолын ептеп сілтеп те жіберді...
Бір уақытта, шамасы, еркетотайлау ма, апалақтап амандасқанынан орыстілді екені бірден байқалған қазақ қыз шықты. «Бұл қайбір оңдырар дейсің...» Осылай ойлап үлгергенімше де болған жоқ, анау бес-алты атасын тарсылдата атап тастады. Сәл кідірістеді де:
– Дальше тоже знаю!.. Но сейчас чуточку позабыла... но помню я их...
«Әй, жарадың айналайын апалағым!..» деп іштей риза боп қалдым.
Одан кейін жауап берген бірталай европеид кескінділер де бір-екі атадан арыға бармады, әрі олардың негізінен қайда өмір сүргендерін де ашып айта алмады...
Ендігі бір кезекте экранды толтырып сары ит шықты. Кәдімгі қанден ит. Көзі жылт-жылт етеді. Кадр сыртынан журналист сөзі естілді:
– Міне, мынау ата тегін білмейді. Біз де білмейміз!..
...Осы бір келеңсіздеу кездейсоқ көрініс, әлі есімде, сонда мені қатты толғандырып тастаған. Қазір де ара-тұра сөйтеді. Ой үстінде сананың түкпірінен бір қуатты да құдіретті дауыс анық естілгендей болады: «Жеті атасын білмеген – жетесіз!..». Бағзыдағы бабалар сөзі ғой бұл! Сөз де емес-ау әуелі. Қатал үкім, мүлтіксіз орындауға жататын қатаң бұйрық-жарлық. Ғасырлар, замандарда буын-бунақ боп жарық дүниеде жалғасып кете баратын тұқым-тұқиян, ұрпақтарға арналған. Неліктен бұлай үзілді-кесілді айтылды екен? Жаратылыс, өмір-тағдырдың қандай қажеттілігі осылай деуге баяғы бабаларымызды мәжбүрлеген?.. Ойланып көрелік.
Әлбетте, періштелер болмаса, ешкім де аспаннан аяғы салбырап түспеген, түспейді де. Алланың әмірімен әке-шешесі арқылы дүниеге келмек. Қо-ош, сонымен әке. Одан соң, басқалар өздері жүйелей жатар, біздің қазақта әкеден кейін ата, әрі қарай бабалар... аталық, ру, тайпа, ұлыс, ұлт. Тұтас бір алтын тамыр іспетті табиғи, диалектикалық, үйлесімді тізбек. Ал енді осы қасиетті тізбек жоғалып яки бір немесе бірнеше буыны үзіліп қалса ше? Ол – асқына берсе үлкен қасірет, кей жағдайда, қажет десеңіз, орны толмас, жоқтыққа ғана бастайтын рухани, этникалық апат болмақ. Өмір сүруге, тіршілік етуге ауадай қажет өзін-өзі сақтау, қорғаныс қабілетіне орасан нұқсан келетінін былай қойып, адамгершілік, моральдық-психологиялық тұрғыдан алғанда да, салыстырмалы түрде айтсақ, жарымжандық, мүгедектікке ұшырайды. Дәлірек айтсақ, ата дініміз – исламнан басқа да бірсыпыра діндер имандылықтың алғышарты деңгейінде қарастыратын мейірімділік, туыстық сезімдер әлсірейді, жоғалады! Әкенің балаға мейірімі, баланың әкеге, атаға мейірімі, қамқорлығы, өзінің де өмірге келуіне ғасырлардан асыра жағдай жасап кеткен бабалар рухына шексіз құрметі, алғысы... Бұл секілді адамгершіліктің түпнегізі жойылса, оның орнын не баспақ?.. Әрине, мейірімсіздік, тасбауырлық, қатыгездік, жауыздық, мәңгүрттік, қысқасы, тексіздіктің неше алуан ақылға сыйғысыз жексұрын көріністері.
Бізді, қазақты осындай сұмдықтардан аулақ еткен Аллаға мың да бір рахмет деп отырып, «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген бабалар әмірінде қандай терең философиялық астарлар, кереметтей көрегендік жатқанына әлгіндей талдаулардан кейін тебірене тәнті боласыз!
Құдайға шүкір, заманалардың сұрапыл дауылдары қай жақтан қалай соқса да ата-бабаларымыздың өсиеттерін, шыққан тегімізді, арғы-бергідегі ұлы аруақтарды жадымыздан шығармаппыз, ұмытпаппыз. Елдік, ұлттық болмыс, тұрпатымыз сол арқылы да сақталғанына күмән жоқ.
Осынау ұлттық үрдістен ажырамау жолында қазақ халқы өмірінің өнебойында аса бір асыл дәстүр қалыптасқан, берік сақталған. Ұрпақтан-ұрпаққа құлаққа құйылып, санаға сіңірілетін шежіре түзілген. Онымен тынбастан әр заманда дәурен сүріп, «бытырап жатқан қазақтың басын қоссам деп едім» деп ұлы Төле би айтқандай, елдің ел болуы үшін жанқиярлықпен қайрат қылған кемеңгерлерге, ел болған елге фәнидегі шым-шытырық, шатасып жатқан жолдардың тек оңын ғана айыра біліп, соны нұсқаған күллі адамзаттық ақыл-ойдың құрамдас бөлігі – далалық философияны ту еткен хакім – даналарға, «адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп рөлін ұлы Абай өте дәл сипаттағандай ақылмандарға ұрпақтардың жасаған ақырғы қызметі іспетті кесене, өзге де ескерткіш белгілер орнату дәстүрі де ежелден-ақ орныққан. Сонау Ұлытау жақтағы Алаша хан, Домбауылдарды, ұлы даланың әр тарапындағы басқаларын былай қойғанда мына Қаратаудағы сан буын ұрпақтары мезгіл-мезгіл қайта көркейтіп, көздің қарашығындай сақтаған Бәйдібек баба мен Домалақ ананың кесенелері – айтылған жайдың айқын айғақтары.
Қазақ жанының қайнарынан бастау алатын бұл ұлттық үрдіс үзілген де, бұзылған да емес. Алдымен ақ, артынан қызыл отарлаған замандарда да. Ал Алла ата-бабаларымыздың көпғасырлық арман-тілегін қабыл етіп, еліміз азаттық алғаннан кейін ол жаңа сипатта қайта жаңғырды. Астана мен Алматыда Абылай, Кенесары хандарға, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырларға, тағы басқа айтулы тұлғаларға ескерткіштер мен кесенелер тұрғызылды. Ал өз облысымызда қазақтың тұңғыш ғалымы Мұхамед Хайдар Дулатиға, ұлы Төле биге, хакім Абайға, сондай-ақ қолбасшы Қойгелдіге, Жауғаш, Рысбек, Қосы батырларға, Балуан Шолаққа, Тұрарға, Бауыржанға, Ақәділге, өзге де халқымыздың даңқты перзенттеріне сәулетті, көрнекті ескерткіштер орнатылды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Керей мен Жәнібек хандарға арналған кешенді ескерткіш қандай салтанатты әрі әрбір қазақты тарих тереңіне бойлата отырып жігерлендіретін, рухтандыратын мүсіндік-сәулеткерлік ғажайып туынды!.. Мұның бәрін де қазіргі халқымыздың әр замандарда өмір кешіп, бақилық болған қасиетті кісілердің рухына бағышталған алғысы, тіпті, оны айтасыз, өзіндік бір берген мәңгілік бағасы, жасаған марапаты десек те көңілге қонымды болмақ.
Қо-ош, ал енді тұқымынан сол тұлғалар туған, мың-мыңдаған, миллиондаған есімдері ешкімнің де есінде қалмастан Халық деген жалпы атауға біржолата сіңіп кеткен жұмыр басты жәй пенделердің де түпкі ата-бабаларына, оның ішінде аттары тұтас бір ру, тайпа, ұлыстардың атауына, ұранына айналған, дәуір-дәурендерінде дараланған кісілердің рух-шәрифтері алдында да өтелуге тиіс парыз болмайтын ба еді? Болады, әрине. Қай қисынмен алып, қай ақылға салып қарасаңыз да. Ендеше қазіргідей өз билігіміз өз қолымыздағы заманда осы бағытта тірілген тірлік бар ма? Құдайға шүкір, баршылық екен. Осыдан біраз жыл бұрын аңызға толы Қазығұрт баурайында Қаңлы бабаға арналып заңғар обелиск тұрғызылды. Өзіміздің Сарысу ауданының аумағында Тілік бабаға да белгі қойылды. Есімдері ру атына айналған, мазары Ташкенттегі Шымыр атаның, Сайрамдағы Ботбай атаның кесенелері жаңғыртылды. Өгем таулары жақта Жаныс атаға, Түлкібаста Сиқым атаға да арнайы ескерткіш-белгі орнатылды. Ал енді осы кейінгі ағайынды төрт атаның туған әкесі – Дулат бабаның рухына көрсетілетін құрметтің нендей бір белгісі бар ма?.. Жо-оқ секілді. Секілді емес, жоқ!.. Онда осыны неге ескермеске? Кейбір деректерге қарағанда ұлдарынан тараған, өздерін дулатпыз дейтіндердің саны 1 миллион 200 мыңнан асып жығылады екен. Бұған сан ғасырда ағайын ру, тайпаларға ұзатылған дулат қыздарынан тараған ұрпақты қосыңыз. Соның барлығын жинақтасаңыз күллі қазақтың жартысы болмаса да үштен біріндей болмай ма. Осыншама қарақұрым жұрт, бұрынғыны қояйық-өткен өтті, қазірде неге әлгі сұрақ төңірегінде ойланбасқа?..
Енді «Ұрпақтары небір қаһарлы да, қасіретті замандардан бастап қазақты қазақ етуге, сұм-сұрапыл атаулыдан қорғап қалуға орасан үлес қосқан, қазаққа мың-мыңдаған ай маңдайлы ұл-қыз берген, күні бүгінге дейін ұлтымызға Құдай бұйыртқан Ұлы даланың үлкен бір бөлігін берекелі етіп жайлап, тұлға боп отырған Дулат бабаның тегі, өзі кімдер еді? Қай уақыттарда өмір сүрген?» деген сауал төңірегінде шамалы ой өрбітіп көрелік.
Рас, мен тарихшы да, шежіреші де емеспін. Беріде өзімнің, айналамдағы ел-жұрттың, асып кеткенде бүкіл қазағымыздың тегін, түп-тамырын тануға талпынушы ғанамын.
Дулат – Үйсіннің ұлысбегі Бәйдібек Қарашаұлының немересі. Ал Бәйдібек болса, ұланғайыр жерді де, елді де уысында ұстаған, «Бәйдібек, Бәйдібек!» деп ұран салсам, Отырып осы арада кімдер қалмақ?!» деп Бармақ ақын жырлағандай атының өзі ұлыстың ұранына айналған ұлы кісі. Ол бабамыздың өмір сүрген дәуірі туралы әртүрлі пікір бар. Ал өзім танысуға әрі талдап ойлануға тура келген және де нанымды боп көрінген деректер бойынша негізінен Ақсақ Темір заманында өмір кешіп, 1419 жылы дүние салған. Кіші әйелі, тарихшы-журналист марқұм Даниярбек Дүйсенбайұлының мағлұматына қарағанда ұлы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қызы Бибі Фәтима мен хазірет Әлидің тікелей ұрпағы Қожа Ахмет Иасауидің шөбере-шөпшегі боп келетін, келіндерінің атауымен Домалақ Ене делінген Нұриләдан (Нұри Алла ғой түбірі) туған ұлы Тілеуберді – Жарықшақ (дұрысы Шарх Шах, яғни Шығыс шахы болуы да ықтимал) қазіргі Қазақстанның бүкіл оңтүстігі мен Шығыс Түркістан қараған Моғолстанның билеушісі Жүніс хан балаларының бөлесі әрі уәзірі болған көрінеді. Ол кісі Албан, Суан, Дулат есімді үш ұл көрген екен. Ата-бабаның қара орнында кенжесі Дулат қалса керек. Бәйдібектей атасының әлпешін көріп, 1456 жылы дүние салған Нұриләдай әулие әжесінің мейіріміне бөленген Дулат, кесіп-пішіп айта алмасақ та, XIV-XV ғасырларда өмір сүрген сияқты. Есімі ертедегі түрік тайпаларының біріне берілген Дулу, Дулығ, Далуғ... деген сияқты қытайша ма, басқаша ма, әйтеуір әрқилы аталған кісіні біздің берідегі Дулат бабамызбен шатастыру жөн емес дер едік. Бәлкім, бабамызға сол атақты тайпаның атауы берілген болар. Кішкене ғана бір мысал. Балуан Шолақтың Көкше жаққа кеткен әкесінің әкесі – Қазанғаптың бір баласының аты – Жарықшақ, енді бірі – Шымыр... Дулат есімді ілгеріректе үлкен ақын болса, бүгінде көрнекті жазушы бар...
Осы тұста назарға ілігетін бір жай және бар. Этимологияға байланысты. Кісі аттарында да қатпар-қатпар тарих, ондағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың, наным-сенім, арман-мұраттың бедерлі іздері жатады. Қараңыз: түп-тегіміз боп есептелетін Көктүріктер заманындағы кісі аттары Тоныкөк, Алыптегін, Күлтегін... деген сияқты боп келеді. Бертініректе, парсылық саманилер билеген тұста олардағы «бек, атабек» деген лауазым-дәреже атаулары біздің бабаларымыздың есімдеріне бірте-бірте жалғана бастаған. Бәйдібек... Бұл, біздің ойымызша, бай да, бек те өзі болсын дейтін тілеуден шыққан секілді. Ал енді Бәйдібектің бір ұлы Жәлмәмбеттің аты әуелі қойылғанда Жалмұхаммед болып, тіліміздің ерекшелігіне қарай ептеп өзгеріске ұшыраған тәрізді. Мұндай есімнің берілуі қазаққа дін-исламның дендеп еніп, мұсылмандықтың анық қалыптасу заманының ықпалы болуға тиіс.
Екінші ұлы – Тілеуберді... Тілеуді кім берді? Әрине, Алла берді. Бәйдібектің інісінің аты – Байдулла. Бұл да Аллаға тіреліп тұр. Ал исламның біздің даламызға алғаш із салуы VІІІ-ІХ ғасырлар делінгенмен оның кеңінен қанат жайып, түпкілікті орнығып, қоғамдық санаға әбден сіңісті болуы, ата-бабаларымыздың мұсылмандыққа жаппай бет бұрып иман келтіруі ХІІІ-ХІV ғасырлар екені тарихи деректерден белгілі. Ендеше Бәйдібектен бергі бабаларымыздың баршасын алыс бір тұманды заманаларға, тұңғиыққа итермелеудің реті де, қажеті де жоқ... Оның үстіне Бәйдібек баба шаңырағына қатысты, зәузаттардың есімдерін қараңыз: Қарашаш, Зеріп, Сыланды... Бүгінгі қазақ қыздарының аты екен деп те қалатындайсыз. Бәйдібектің бір ұлының аты Мырзағазы болса, оны балаңызға қоя салсаңыз да жарасып-ақ кетпек!..
Және бір көңіл аударарлық жәйт. Бәйдібектің, оның зайыбы Домалақ ананың, олардың шөберелері Ботбай мен Шымырдың кесене-сағаналары сақталған. Егер бабаларымыз түу-түу көз жетпес көк тұман замандарда өмір сүрсе, бұл киелі белгілер сақталуы тым-тым күмәнді емес пе?..
Бұл ретте елдегі шежірені де ескермеуге болмайды. Ол бойынша мен өзім әкемнен санағанда Бәйдібектің он төртінші ұрпағымын. Базбіреулерде басқаша: жиырмасыншы, жиырма бірінші дегендей... Олай болатыны – біреу баланы ерте көреді, біреу кеш көреді. Мәселен, Бекбосын ұрпақтары 53 жасында көрген мен арқылы жалғасып жатыр...
Осы бір жайларды көңілге бір түйіп, ұлы бәйтерек Бәйдібек бабамыздың алып бұтақтарының бірі – немересі Дулатқа қайта оралалық. Ботбай, Шымыр есімді екі ұлына мәңгілік жайлар Шаш-Ташкент, Испиджаб – Сайрам секілді ежелгі шәһарлардан табылса, Дулат бабаның өзіне қай жердің топырағы бұйырды?.. Осы сұрақ көптің көкейіне көптен ұялаған-ды. Нақты белгі болмаған соң жорамалдар да жасалған. Есімі бір тайпа елге берілген, өз заманының сірә да ірі тұлғасы болған кісіні Алатаудың ұзына бойын жайлаған ел-жұрты маң далаға жерлей салмаған шығар-ау, гүл-баққа оранған, тіршілігі қыз-қыз қайнаған бағзы қалалардың бірінің биігіне аруағын ардақтап жайғастырған болар-ау қайтсе де. Сондықтан бабаның бейітін Ұлы Жібек жолының бойындағы көптеген ескі қалалардың орнынан, маңайынан іздестірген жөн дегендей пікірлер айтылып қалатын...
«Ел құлағы елу» деген, не дейсің, Дулат бабаның қабірі ХІІІ ғасырда-ақ сауда, мәдениет орталығы болған, соның айғағындай бүгінде 23 бөлмеден тұратын сарайдың жұрнағы табылған, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген ежелгі Құлан маңында екен, ол жөнінде сол жақтағы ағайындардың аталары анықтап айтқан сөз бар, оны қазіргілерге жеткізіп кеткен, жеткізіп жүрген Дүйсебай Досмәмбетов, Дүйсенәлі Тәжібаев, Қойшыман Бейсенұлы, Аман Қойшыманұлы, Сағи қажы Ыбрайымов деген ел ақсақалдары, оларды қолдап жүрген Ақжақ Райымқұлов бастаған азаматтар көрінеді. Қариялардың көрсетуімен Дулат бабаның мүрдесі де анықталыпты. Басында қорғаны да болған, бірақ заманалар зәйілімен жермен жексен болып кеткен...
Заманалар зәйілі... Әсіресе отаршылардың ғасырларында қай қасиеттімізге зақым келмеді?! Түркі дүниесі, қала берді күллі мұсылманға киелі Әмір Темір тұрғызған Қожа Ахмет Иасауи кесенесі орыс зеңбірегіне нысана болды, Тектұрмас әулиенің кесенесі тып-типыл етілді, Әулие Ата-Қарахан кесенесі атеизм музейіне айналдырылып, одан шыққан аса бағалы ескі кітаптар, «дін-апиын» деген жаламен өртелді... Міне, осы секілді арғы-бергідегі елді есеңгіреткен зұлымдықтар салдарынан Дулат бабаның белгісі де жойылып кетуі тіпті де ғажап емес әрине...
Осындай-осындайды ескере келіп Құлан жақтағы ағайындар кесене тұрғызуды да ойластырып жатыр екен деген де әңгіме естілген. «Мынау үлкен іс қой... бұған қалың жұрт қалай қарар екен?». Алдымен келген бұл ой аңысты аңдуға мәжбүрлеген...
Көңілден көшкісіз, айналсоқтай беретін әлгі сұрақтың алғашқы жауабындай болған белгілі журналист, қадірлес інім Болат Жаппарұлының еларалық «Қазақстан-Zaman» газетінде жарияланған «Парызды өтеу – парыз» деген мақаласы елді елең еткізді. Арғы тегімізді көктей шолумен басталған мақала шағындау болса да фактологиялық материалға бай, толғанылған ой терең екен. Ел ақсақалдарының пәтуасымен қорған-қорымдағы сүйек қазылып алынып, Англия, Венгрия және Ресей этнология-антропология институттары мамандарының бірлескен сараптауына жіберілген. Онда анықталғаны: мәйіт иесінің жасы 55-тен жоғары, қаңқа сүйектері аса мығым да берік, басы үлкен, маңдайы өте жазық, мұрны қырлы әрі үлкендеу, бел сүйектеріне қарағанда денесі ірі, салмақты, оң жақтағы бірінші қабырға және мойын омыртқаның бірі зақымданған, бірақ олар қайтыс боларында емес жас кезінде-ақ шорланып, бітіп жазылып кеткен жарақаттар, көз шарасы үлкен.. Бет-келбеті европеид-моңғолоидтық типке жатады. Шамамен ХІV ғасырда өмір сүрген... Иә, шамамен...
«Бұл дерек әлгі сүйекті Дулат баба дене мүшесінің сүйегі деп батыл айтуға негіз болатынын археолог-ғалым Арнабай Нұржанов та айтып отыр. Ендеше, ешнәрсеге жалтақтамай, кежегеміз кейін тартып шегіншектей бермей, Дулат баба басына бір ескерткіш-белгі қойылуы керек-ақ!» Осылай шешімді пікір айтқан Болат Жаппарұлы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойына мұндай ескерткіш орнату Шу мен Талас өңірін «байырғы біздің жер» деген сандырақты ұрпақтарының санасына сіңіруден танбай жүрген қытайлықтардың көзіне көрнекті түрде тарихи шындықты тосу болатынына да назар аударыпты. Өте көңілге қонымды пікір.
Осындай пікір білдіріп, Дулат бабаға ескерткіш орнатылуын құп көріп отырған кісілер көп-ақ. Солардың бірі – еліміздің үлкен азаматы, ірі ғалым, қадірменді Мырзатай Жолдасбеков құрдасым:
– Шындығында, Дулат бабамыз өмірде болған адам, – дейді Мырзекең. – Ал, баба бейітінің Құлан жерінен табылуы тегін болмаса керек. Менің ойымша, есімі атақты тарихшылардың қаламына іліккен, кіндігінен қара ормандай қазақ тараған Дулат бабамызға құнарлы Құлан топырағында еңселі ескерткіш қойылса артық болмайды. Бұл тарих алдында да, болашақ алдында да абыройлы іс болар еді. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге, ата тарихын қастерлеуге шаралардың керек екендігі ақиқат. Мәселен, қазіргі Моңғолия жерінде әйгілі Шыңғыс ханға биіктігі 40 метрлік алып ескерткіш орнатылған. Сол арқылы моңғолдар ата тарихын насихаттап, туризм саласын дамытып отыр.
Осы тұрғыдан келгенде кешегі Жібек жолының, бүгінгі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойында, ежелгі Құлан жерінде, адамзатқа әлі сырын ашпаған Ақыртастың тұсында Дулат бабамыздың еңселі ескерткіші бой көтерсе сырт көзге сес, елдігімізге айбар, ел-жұртымызға мақтаныш болады деген пікірдемін...
Өте орынды пікір, нағыз аталы сөз ғой бұл!
Енді Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев ініміздің сөзіне құлақ қойсақ.
– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойынан, Құлан ауылы тұсынан табылған адам сүйегі Мәскеуде зерттеліп, сараптаудан өткізіліпті. Маман-ғалымдардың дәлелдеуінше адам сүйегі Дулат бабамыздың өмір сүрген заманына дәл келеді. Оның үстіне нақты өмірде болған адамдар: «Осы жерде Дулат баба жатыр» деп ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырғаны тағы бар. Осы бір деректерді ой елегінен өткізсеңіз сенбеске лажың жоқ. Мен ол жерді талай көрдім. Шын мәнінде жер қыртысы, яғни, биік қорғанда моланың болуы, оған Дулаттай даңқты адамның жерленуі заңды сияқты. Сондықтан да «Бабаның басын көтереміз» деген азаматтарға билік тарапынан қолбайлау болмаса деген тілегімді жеткізгім келеді...
– Миллиондаған ұрпақтың бабасы Дулат есімін ұлықтап, аруағын әспеттеу – біздің парызымыз, – дейді тараздық ардагер ұстаз Абдулла Андыбаев. – Оның бүгінгі және келер ұрпақ үшін де тәрбиелік маңызы зор. Бұл әрекетімізбен ата-баба рухын қалай құрметтеудің жоғары үлгісін, тіпті, басқа елдерге де көрсетіп жатсақ, ол да абыройлы, қазақ халқы мәртебесін көтеруге бағытталған іс болмақ...
Дулат бабаға байланысты ел аузындағы аңыздардың бірталайын жинақтаған белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбаев ініміз Құланда ескерткіш қойылуын «Аңызда шындық бар» атты мақаласында орнықты уәжбен негіздей отырып, мынадай бір көңіл аударарлық деректі де келтіріпті: 1864 жылы Әулиеатадағы екі ғасырдай жоңғармен алысып қажыған қазақтың оңтүстік аймағындағы ел-жұрттың қанын 70-80 жылдай сорған қоқандықтарға шабуылдауға жаңа отаршылдықтың туын көтеріп келе жатқан Черняев бастаған орыс әскерлеріне жол көрсеткен Ақмолда батыр мен Құдайберген датқа оларды Құлан қаласынан айналдырып өткізіп, «Бұл жерде қасиетті Дулат бабамыз жатыр. Ол жерді кәпірлерге бастырмаймыз!» дегенді айтыпты...
Содан кейінгі орыс отаршылдығының қыл тұзағы қылқындырған замандарда, бұрынғы тарих, аруақтар тұрмақ ұлтыңды, тіпті, Құдайдың өзін ұмыттыруға, мансұқтауға құлшынған кеңестік кезеңдерде Ақмолда мен Құдайберген тұсындағы Дулат баба жөніндегі естеліктер де көмескі тартып, бар белгінің өзі де жым-жылас жойылып кетті ме, кім білсін...
Міне, енді Құдайға шүкір, Азаттықтың ақ таңы атып, бүкіл әлем – жарық жаһан алдында Қазақ Елі көк Туын көкке көтеріп, өткендегі өшкенін жандырып, жаңасын жарқыратып жатқан заманымызда қалың қауым Дулат бабаның да рухына лайық құрмет көрсетуді, Мәңгілік Елде мәңгілік белгі орнатуды көксепті!.. Ал ол көксеу неден туып отыр? Біздің ойымызша, зорлығы мен қорлығы қияметке бергісіз зобалаңдар салдарынан, керек десеңіз, жадынан жаңылып, айырылып қала жаздаған жұрттың тегін тануға, түптеп келгенде, өзін-өзі тануға ұмтылысынан туған.
Өзін-өзі тануға... Осы ретте мына бір қазаққа ғана тәндеу жай еске түседі. Мәселен, ел арасында онша таныс емес кісіден: «Қай туғансың?» деп сұрайды. Бұл руын сұрағаны. Сонда жауап беретін кісі әдетте пәлен рудан немесе тайпаданмын деп жатпайды. Мен – арғынмын, алшынмын, қаңлымын, жалайырмын, ыстымын, ошақтымын, сіргелімін, дулатпын... дегендей жауап береді. Ата тегін өзінің меніне тәуелді етіп айтады. Осының өзінде терең мән-мағына жатыр. Сонау да сонау ата-бабамыз болмаса қайсымыз қайдан келгендей едік?! Демек, бабалар – біздің өзіміз, әрқайсымыз!.. Жоғарыда аты аталған ардагер ұстаз Абдулла Андыбаев та өз ойын: «Дулат – бүгінгі күні Мәңгілік Ел болуды аңсап, Қазақтың болашағы үшін барын салып жүрген сіз бен біз, біздің ізбасар балаларымыз» деп әдемі түйіндейді...
Қо-ош, сонымен Дулат бабаға ескерткіш орнату – ел тілегі екен. Ал ескерткіш дегендеріңіз – жеке адамға арналса, тек бір ұлы аруаққа көрсетілген құрмет қана емес. Ол – тарихи жад, жәдігер, куәгер, сан ұрпаққа тағылым берер металдан, тастан жасалар тапжылмас тәрбиеші. Ұлттық мұра, меншік, мақтаныш. Егер ол шын мәнінде ұлттық болмай нендей бір саяси өктемдікпен салынған коньюнктуралық атрибут болса, оның өзіміз куә болғандай қоқысқа тасталған «көсемдер» ескерткіштерінің жолын құшары әбден ықтимал.
Жалпы, алаш жұртының үлкен бір атасы іспетті Дулатқа қойылар ескерткіштің жөні мүлде басқа. Ол халық тілегінің материалданған туындысы болмақ. Туынды дегеннен туады, ескерткіш қандай түрде, қандай мазмұнда, қандай көлемде тұрғызылса да бірі-бірінен аумайтын, тіпті, көшірмесі сияқты әрі тым қарабайыр дүниелерге жатпауы басты шарт ретінде қарастырылғаны абзал. Ол ұлттық ерекшелігіміздің элементтері ескерілген осы заманғы мүсіндік-сәулеткерлік өнердің озық үлгісіндей, әлемнің қай елінің, қай өркениеттің өкілі көрсе де көңілі ғибраттанатындай, болашақ сан ғасырлардың салмағына да мызғымай шыдас беретін бірегей белгі болуы тиіс.
Әлбетте, мұндай күрделі де сауапты іс қомақты қаржы-қаражатты да қажет ететіні белгілі. Құдайға шүкір, елміз, жұртпыз. Көп болып жұмылсақ, көл-көсір дүние құйылары, жиылары күмәнсіз. Осы ретте, Болат Жаппарұлы айтқандай, парызды орындау – парыз екенін ойға алып баба аруағын ұлықтаумен қатар мынаны да әрқайсымыз ескергеніміз абзал: алдағы алыс замандарда ұрпақтарымыздың ұрпақтары Дулат баба басына зиярат етуге келгенде «Бұл ескерткіште менің арғы аталарым мен әжелерімнің де бейіл-ниеті, қолтаңбасы бар!» деп көкіректерін қуаныш, мақтаныш кернеуіне жағдай жасайық, ардақты ағайын!..
Ұзаңқырай соққан әңгімеміз ататек жөніндегі ойдан басталып кетіп еді ғой. Енді соған нүкте қояр алдында бір ой түйіні өзінен-өзі түйілгендей.
Иә, біз шыққан тегін ешқашан да ұмытпаған, тегімізден келе жатқан аруақты сыйлау, туысқандық, мейірімділік, қайырымдылық, елшілдік секілді жылы жүректен үзіліссіз шығып жататын биік адамгершілік қасиеттерін еш уақытта да жоғалтпаған текті халықпыз, Қазақ халқымыз. Дулат бабаға ескерткіш орнату туралы ниет пен әрекет те соның бір белгісі болса керек.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді