«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дуалды оқыту жүйесіне баса мән беріліп отыр

Дуалды оқыту жүйесіне баса мән беріліп отыр
ашық дереккөз
Дуалды оқыту жүйесіне баса мән беріліп отыр
Ауданбек Баяқұлы, колледждің арнайы пәндер оқытушысы. Облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында құлағдар болғанымыздай, былтыр өңірімізде барлық салада жарқын жобалар жүзеге асырылып, ілкімді істер тындырылыпты. Техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерде дуалды жүйе кеңінен енгізіліп, бұл өз кезегінде мамандарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызуда. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс негізінде былтыр 56 мамандық бойынша техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауға 4123 орын бөлініпті. Оның 59,6 пайызы еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары. Облыс әкімі баяндамасында биылғы оқу жылында да дуалды оқыту жүйесі бойынша 2530 студент қамтылып, әлеуметтік серіктестіктермен 547 келісімшарт жасалынғанын атап өтті. Бұл – өңірімізде техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән берілетінінің көрінісі. Отандық білім беру жүйесі әлемдік тәжірибелер алмасу жағдайында ұлттық білім беру мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім беру кеңістігіне кіруді көздейді. Осы талаптың үдесінен шығу үшін Қаратау гуманитарлық-техникалық колледждің бірқатар оқытушылары Білім және ғылым министрлігінің грант есебінен «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін модернизациялау» жобасы аясында Германияның Кельн, Эссен, Ойскирхен, Керпен қалаларында «Кәсіптік-техникалық білімнің дуалды оқыту жүйесі» тақырыбында біліктілік курсынан өтіп келді. Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінде бүгінде 446 студент оқытудың дуалды, кредитті және модульді оқыту жүйесі бойынша білім алуда. Жалпы колледж 38 мекемемен келісімшарт жасасса, оның 8-і дуалдық оқыту жүйесіне байланысты. Облыс әкімінің дуалды оқыту жүйесін назарда ұстауы өте құптарлық жағдай. Себебі, жұмыс берушілер мен оқу орындары арасында келісім жасалса, жастардың жұмысшы мамандығына деген қызығушылығы артып, жас кадрлардың кәсіпорындар мен өнеркәсіптерде өндірістік тәжірибеден өтуіне, сонда түпкілікті еңбек етуіне зор мүмкіндік туады. Әрі өндіріс орындарындағы кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығы жойылады.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар