Нарықтағы биік белесті бағындыруымыз керек

Нарықтағы биік белесті бағындыруымыз керек
ашық дереккөз
Нарықтағы биік белесті бағындыруымыз керек
IMG_3974-Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының мәжіліс залында Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында жиын өтті. Оған ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдулданов арнайы қатысып, ветеринария саласы қызметкерлерімен кездесті. Басқосуды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Сәрсенбай Солтанбеков жүргізіп отырды. Жиында айқын бағдарлар беретін және елдің күнделікті өміріндегі басты мәселелер көтерілетін Президент Жолдауларының маңыздылығы сөз болды. Биылғы құнды құжаттың негізгі мазмұны болған Үшінші жаңғыртудың мақсаттары, сондай-ақ, еліміздің жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшкен бірінші жаңғыруы, «Қазақстан-2030» Стратегиясы қабылданып, жаңа елорда салынған, әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірген, екі әлемдік дағдарыстан аман шыққан және «Қазақстан-2050» Стратегиясы жарияланған 1996-2012 жылдардағы екінші жаңғыру төңірегінде келелі әңгіме өрбіді. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Айтмұхамбетұлы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы алдында Президент ұсынған 5 негізгі басымдықтарға терең тоқталды. Ол экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту, институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты жоспарлар мен тапсырмаларды тілге тиек ете отырып, олардың агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік, ветеринария салаларымен байланысы туралы тарқатып айтты. «Агроөнеркәсіп кешенінде де цифрлық технологияларды енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ол субсидияларды автоматтандыру үдерісіне енгізіледі. Сонымен қатар кредиттерді қарау және беруді автоматтандыруға болатынын да көріп отырмыз», – деді ол. Министрлік өкілінің сөзіне сүйенсек, 2018 жылға қарай ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік бойынша ілеспе және рұқсат беру құжаттарын қарауды толық автоматтандыру жоспарланып отырған көрінеді. Қазіргі уақытта жетпіс пайыз көлемінде, яғни, 13 құжаттың 9-ы автоматтандырылған. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс екенін баса айтқан болатын. Осы орайда, баяндамашы: «Бүгінде Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарықтарында, оның ішінде ең алдымен, экологиялық тұрғыдан таза өнім түрлері бойынша өз орнын иемденуіне барлық мүмкіндіктері бар», – деп, сала қызметкерлерін алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Елбасы тапсырмалары бойынша бірігіп жұмыс істеуге шақырды.  

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар