Қысқы Азия ойындары өз астанасына, Отанына қайта оралды. Иә, алғаш 1986 жылы Жапонияның Саппоро қаласында жалауы желбіреген ақ аламанды тағы да Саппоро қаласы жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Жалпы, қысқы Азия ойындары сары құрлықтың тек қана төрт елінде өткізілген болатын. Жапониядан бөлек ақ Азиаданы Қытай, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттермен бірқатарда Қазақстан да қабылдаған. 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында қатар өткен бәсірелі додада ел спортшылары намысты қолдан бермей, жалпыкомандалық есепте топ жарған. Оған дейін ұлттық құрама оғландары 1996 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткен айтулы аламанда жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінсе, 1999 жылы Оңтүстік Кореяның Гаңвон қаласында өткен дүбірлі додада үздік үштікке енген-ді. 19-26 ақпан аралығында өтетін қысқы Азиадаға сары құрлықтың 32 елінің үкілі үміттері қатысып жатыр. Бұл додада ұлттық құрама ұландары үздіктер қатарынан көрінуді жоспарлағаны белгілі. Әзірге ел спортшылары бірнеше жүлдені қоржынға салып үлгерді. Шаңғы спортында бақ сынаған Ринат Мухин 15 шақырымдық жарыс жолында өзіне тең келер қарсылас жоқ екенін дәлелдеп, ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені түсірді. Бұл сында күміс пен қола жүлде жапониялық өрендерге бұйырды. Саппоро төрінде қазақ спортшылары әзірге сәтті өнер көрсетуде. Конькишілер дуында жарыс жолына шыққан Денис Кузин күміс жүлдемен күптелді. 1 шақырымдық қашықтықта жапон жігіті Такуро Одаға ғана есе жіберген Кузин алдағы уақытта өз нәтижесін жақсартуға күш салып көрмек. Сонымен қатар, шаңғы спортының шебері, додаға еліміз үкілеп қосқан үміт артар спортшының бірі Елена Коломина да жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Еркін стильдегі он шақырымдық додада Коломина үздік үштіктің қатарына еніп, қола жүлдені мойнына ілді. Қола жүлдеден бұрын Коломина спринт сынында күміс жүлдеге қол жеткізген болатын. Осылайша Коломина сегізінші қысқы Азиададағы екінші жүлдесін иеленіп отыр. Сонымен қатар, қанатты шаңғышылар сынында Сергей Ткаченко трамплинмен жоспарлы додада қола жүлде алса, шорт-тректен қыздар құрамасы, коньки спортынан ерлер құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл додада ел спортшылары әлі де бірнеше алтын медаль алуға ниетті. Оған негіз де бар. Ендеше, алтын жүлделердің сыңғыры әлі бірнеше мәрте естілетіні анық. Сайыпқырандарымызға сәттілік тілейміз. Ұлттық құрамамыз әзірге жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді. Алдағы күндері үздік үштікке енетінімізге сенім мол.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді