«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Темір жол «генералы»

Темір жол «генералы»
ашық дереккөз
Темір жол «генералы»

Темір жол «генералы»! Әбдуәлі Данайды Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза осылай депті. Шыны сол. Шерағаңнан асып, елдің құрметіне бөленген қарияның мәртебесіне қатысты сөз айта алмасымыз да анық. Жиі кездесіп, пікірлеспегеніммен Әбдуәлі ақсақалды біркісідей білемін. Үнемі жымиып, күліп тұрады. Осының өзінен-ақ ол кісінің жан шуағы ерекше екенін сезесіз. Ең алғаш рет Әбдуәлі ақсақалмен Шераға таныстырған.

– Сендер Темірбек Қожакеевті «мық шеге» дейсіңдер. Ал біздің Әбдуәлі Данай «нақ шеге». Бойы кішкентай болғанымен, ойы терең азамат. Бұл кісі жастайынан уақытты бағалай білетін, айтқан уәдесінің үдесінен шығатын, нақтылықты сүйетін жан. Сондықтан да мен Әбдуәлі Данайды «нақ шеге» деймін. Екеуміз соғыстан кейінгі жылдары Әулиеатадағы Жамбыл атындағы мектепте бірге оқыдық. Сенің Қаратай Тұрысов деген көкең бәріміз бір бөлмеде жатып, бір табақтан ас ішкен жандармыз. 1950 жылы мектепті бітірдік. Әбдуәлі мен Қаратай мектепті күміс медальмен бітірді. Өмір бойы бір-бірімізден көз жазып қалған емеспіз. Оларды мен ұмыта алмаймын, – деген еді. Шерағаның бұл сөзді айтқанынан бері талай жыл өтті. Кейініректе қазақтың біртуар азаматтары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртазамен бірге Әбдуәлі Данай ақсақал – төртеуміз әртүрлі тақырыпта пікір алмасқан сәтіміз де болған. Сол кезде Қарекең бір әңгіменің шетін шығарып, Әбдуәлі Данайдың әдебиетке, тарихқа құмар екендігін де айтқан. – Бір жолы Әбдуәлі қазақтың руларының бірі – шанышқылының шежіресін жазып әкеліпті. Шежіре жазу оңай емес. Көрдім, оқыдым, ойланатын, зерделейтін тұстары бар екен. Бұл кластасым да қалам ұстап, ой айтып жүрген өзге қазақтардан қалмайын дегендей Шыңғысханды «шанышқылы жасауға» да ұмтылыс жасаған, – деп күліп алып, Қаратай көке әңгімесін қайта жалғастырған. – Сенгіңіз келмегенімен ой толғауы, дәлелдеуі қисынды болатын жерлері де бар сияқты. Мәселен, Шыңғыс ханның сүйегі «қият» деген ру қазақта шанышқылының ішінде ғана бар екен. Қазақтың белгілі адамдарымен бірге оқып, жастық шақтарын өткізген Әбдуәлі Данай туралы осындай пікірлерді жалғастыра беруге болады. Оның жетпіс жасқа толған тойында бір замандасы былай деген. Әбдуәліні әкесі Қалтай Ақбұлым ауылындағы жеті жылдық мектепке арқалап әкелгеніне таңғалған мектеп директоры Баймырза Беспаев: «Балаңыз тым кішкентай екен, келесі жылы әкеліңіз», – депті. Сонда Қалтай қарт: «Мен сендер назар аударсын деп әдейі көтеріп әкелдім, көресіңдер кішкентай болғанымен келешекте нардың жүгін көтеретін болады», – деген екен. Қарттың айтқаны айдай келіп, мектепті үздік бітіріп, кейін Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектепті күміс медальмен бітірді. Одан соң комсомолдың жолдамасымен Сібірдегі Канск деген қалада барлаушы даярлайтын жабық, жасырын білім ордасында оқиды. Екі-үш ай оқыған соң бұл мамандық өзінің жандүниесіне жақын емес екендігін ой елегінен өткізіп, ағасының Ұлы Отан соғысы жылдарында хабарсыз кеткендігі жөнінде оқу орнының директорына мәлімет хат жазады. Сол хаттан кейін оны оқудан шығарып жібереді. Күткені де, қажеті де осы болатын, чемоданын арқалап Жамбылға келеді. Келесі жылы Ленинград қаласындағы теміржолшылар институтына оқуға түсті. Міне, сол жылдан бері бүкіл саналы өмірін болат жолдың бойында өткізді. Темір жол саласының білгірі болды. Әбдуәлі Данай институтты бітіріп келгеннен кейін туған жердің төсінде еңбек етіп, Қазақ темір жолы Жамбыл бөлімшесінің дамуына ерекше үлес қосты. Ақшолақ, Луговой, Жаңатас темір жол стансаларының қалыптасуына, жүк өткізу әлеуетінің артуына ерекше еңбек сіңірді. Сол кезде бөлімшеде онымен темір жолдың қыры мен сырын білу жағынан тең келетін маман жоқтың қасы болатын. Ол әрқашанда инженерлік түйінді мәселелерді шешу бағытында еңбек етті. Оның адалдығы әрқашанда басшылардың назарында болып, көпшілік құрметіне бөледі. Сондықтан да оны Қазақ темір жолының басшылығы күзет бөлімінің бастығының орынбасары қызметіне тағайындады. Сондықтан да байырғы теміржолшылар оны «біздің генералымыз» деп, мақтаныш, үлгі тұтады. Одан кейін оны жаңадан құрылып жатқан Жаңатас стансасына жіберді. Жамбыл темір жол бөлімшесінің бір буыны болып бой көтере бастаған стансаның жұмысында шешілмеген түйінді мәселелер өте көп болатын. Кеніштерден тау жыныстарын байыту фабрикаларына тасымалдау және жартылай дайын кенді Жамбыл қаласындағы химия зауыттарына жеткізудің тұрақты ырғағын қалыптастырды. Он жыл бойы Жаңатас темір жол стансасының толық қалыптасуына үлес қосты. Қаратау фосфорының тоқтаусыз тасымалдануы бағытында еңбегі ерен екендігі талай рет министрліктің тарапынан алған Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары дәлел. Қашан, қайда қызмет істемесін, ол сол саланың шын мәнінде дамуы бағытында проблемаларды шеше білді. Білікті де, білімді инженер ретінде одан еліміздің түкпір-түкпірінен ақыл-кеңес сұрайтындар өте көп болатын. Тіпті, Орталық Азия Республикаларын аралап, теміржолшыларға өзінің мол тәжірибесін үйрету оның үйреншікті ісіне айналған кездер де болғанын ардагер сағына еске алады. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан темір жолы саласы қызметкерлері мен іс-қағаздарының ана тілінде сөйлеуіне ықпал жасады. Темір жол терминдері, тіркестері мен сөз қолдану аясы жөнінде темір жол ұлттық компаниясының демеушілігімен бес кітап жазды. Олардың көпшілігі қазір темір жол колледждерінде оқытылады. Темір жол терминдерін қалыптастыруда жаңа сөздерді кіріктіруге ұмтылды. Мысалы, орыс тілінде «дорога», «путь» деген сөздер бар. Біз екеуін де «жол» деп аударамыз. «Железнодорожный путь» деген тіркесті Әбдуәлі ақсақал «теміржол сүрлеуі» деп аударған. Ойлап, зерделеп, ой елегінен өткізсеңіз бұл сөз тіркесі мағыналы. Сондай-ақ, темір жолда «противоугон» деген тіркесті «рельс құйысқаны» деп алған. Міне, осындай сөз тіркестерін қазақ тіліне кіріктіруде Әбдуәлі Данайдың сіңірген еңбегі бар. Әрқашанда ой үстінде жүретін ақсақал әдебиеттен де құралақан емес. 1982 жылы «Жалын» баспасынан оның «Күнімай» әңгімелер жинағы жарық көрді. Сол жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Әбдуәлі Данайдың сөз қолдану әдісі туралы жүрек тербей жазылғаны талайлардың есінде. 1992 жылы жарық көрген «Іңкәр шақ» повесінің алғысөзінде Қазақстанның халық жазушысы, қазақтың біртуар азаматы, Әбдуәлі ақсақалдың құрдасы әрі сыныптасы Шерхан Мұртаза былай деп жазды: «Іңкәр шақ» оның ғұмыр бойы мәпелеп, сылап, сипаған, сағыныш толғағынан жаралған туындысы екен. Кітап атының өзінен-ақ Әбдуәлі Данайдың өмірге, жас дәуренге, қызға ғашық жаны жарқырап көрініп тұр. Жасы жер ортасынан асса да, жаны жасыл желегін жоғалтпас бұл қасиет – рухани дүниесі бай адамның нышаны». Мақтау сөзге сараң дарабоз жазушының сыныптасына берген бағасы осындай. Соңғы жылдары Әбдуәлі Данай өлке тарихына, кешегі күні жазықсыз жапа шеккен азаматтардың тағдыры жөнінде шығармашылықпен айналысуда. 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістерінен кейін қазақ халқының рухани байлығын молайтуда қазақ зиялылары ұшан-теңіз жұмыс жүргізгені белгілі. Солардың бірі – өзінің ауылдасы – Сыдық Абыланов. Қазақ тарихында оның есімі сауатсыздықты жоюда алтын әріппен жазылған. Қазақ әдебиетінде сатиралық жанрды дамытуда да Сыдық Абылановтың сіңірген еңбегі аз емес. Әбдуәлі ақсақал Сыдықтың өмірбаяны мен шығармашылық өмірін зерделеуде көп еңбек сіңірді. Қазіргі күні Сыдық Абыланов туралы айтылып жүрген деректердің басым көпшілігі Әбдуәлі Данайдың жинаған, жазған деректері негізінде айтылуда. Сол сияқты, 1928 жылы тәркіленіп, жер аударылған Дербіс болыс туралы да ол кісінің жинаған мұрасы аз емес. Бүгінгі күні 85 жасқа толып отырған ақсақалдың еңбекте де, өмірде де шыққан биігі жоғары.

Мақұлбек Рысдәулет.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар