Спорт және туризм
«Астана арландары» «өзбек жолбарыстарын» ойсырата ұтты
- author «Ақ жол»
- 21 ақпан, 2017
- 228
«Астана арландары» «өзбек жолбарыстарын» ойсырата ұтты
Бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымының екінші кезеңі аясында «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Талдықорғанда «Өзбек жолбарыстары» командасын қабылдап, қарсыластарын күйрете жеңді. Қазақ-өзбек боксшылары арасындағы шайқас қашанда жанкүйерлердің қызығушылығын тудыратыны анық. Жобаның жетінші маусымын сәтсіз бастаған өзбекстандық команда Талдықорған төрінде керілген шаршы алаңда жан аямасы белгілі болатын. Олар тіпті, Рио Олимпиадасына қатысқан төрт бірдей боксшыларын әкелгенде, оңай шағыла қоймайтын жаңғақ деп ойлағанбыз. Олимпиадаға қатысқан төртеудің үшеуі жүлдегерлер қатарынан көрінген сайыпқырандар болса, қалайша қауіптенбейсің?
Жанкүйерлердің осы бір сары уайымын «Астана арландарының» былғары қолғап шеберлері ринг төрінде толыққанды сейілтті. Алдымен шаршы алаңға 52 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз, Азия чемпионы, жоба жеңімпазы, жамбылдық Олжас Сәттібаев беттеді. «Астана арландарының» капитанынан жанкүйерлер жарқын жеңіс күткені анық. Аброржан Кодировпен қолғап түйістірген Олжас жұрт сенімін ақтап, қарсыласын ойқастап жүріп, еркін ұтты. Бес раунд бойы Аброржанның апшысын қуырған Сәттібаев сәтті өнер көрсетіп, алғашқы ұпайды қоржынға салған соң, жанкүйерлер де жадырап сала берді. Бұдан соң рингке 60 келідегі үмітіміз, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Закир Сафиуллин беттеді. Оның қарсыласы әлем чемпионатының күміс, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Муроджон Ахмадалиев болатын. 56 келі салмақта жүрген кезінде Қайрат Ералиевке қайта-қайта қайратын көрсеткен Ахмадалиевті Закир соққының астына алып, сабасына түсірді. Бес раунд бойы қарсыласының бауыр тұсына да, бетіне де жойқын жұдырықтарын жиі тигізген Сафиуллиннің жеңісін төрешілер бірауыздан мойындады. Қарсыласын алдымен ішінен ұрып, қолы түскен мезетте қапталдан иек тұсына соққыларын қарша боратқан Закирге «Жарайсың!» дестік. Есеп 2:0. Жеңістің ауылы жақындай түсті.
Үшінші болып рингке арландар сапынан 69 келі салмақтағы жамбылдық Асланбек Шымбергенов көтерілді. Рио Олимпиадасында Данияр Елеусіновке есе жіберіп, күмісті місе тұтқан Шахрам Гиясовқа қарсы Асланбек аянып қалмады. Алғашқы екі кезеңде өзбек өрені басымдау көрінгенімен, үшінші раундтан бастап намысқа тырысқан Асланбек толассыз шабуылдарын тоқтатпай, Шахрамды тықсыртып тастады. Жеңіс! Есеп 3:0. Елеусіновке есе жіберген Гиясов Асланбектен де аса алмады. Төртінші шайқаста жеңіс өзбек боксшысының қанжығасында кетті. 75 келі салмақта әлем біріншілігі мен Рио Олимпиадасында күміспен күптелген соң 81 келіге ауысқан Бектемір Меликузиев отандасымыз Нұрдәулет Жармановтан айласын асырды. Шешуші жекпе-жекте, алыптар айқасында Рио Олимпиадасының қатысушысы Баходир Жалоловпен жұдырықтасқан Қамшыбек Қоңқабаев қарсыласынан мықтылығын дәлелдеп, ақтық нәтижені тіркеді. Есеп 4:1. Арландардың пайдасында. Осылайша мақтаулы өзбек өрендерін жерге қаратқан «Астана арландары» «С» тобында көш тізгінін жеке дара қолға алды. Қазақстандық команда келесі кездесуін 4 наурызда Атырау қаласында өткізеді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол»
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді