Бауыржан ҮСЕНОВ.
СҰҢҚАР-ҚИЯЛ
Сұңқар-қиял, ал енді самға, самға, Сүйегіне иеңнің таңба салма. Жеті қабат көкке кет, Зарыққанда Жерге келіп қонарсың анда-санда.
Томағаңды сыпырдым, жөнел, кәні, Жұлдыздан да алып ұш өлеңді әрі. Кеуде жарып шығардай аласұрған, Табылады жүрекке сенен дәрі.
Сұңқар-қиял, сыйынған пайғамбарым, Сеземісің сұрапыл майдан барын? Қамал бұзар жиырма бес келіп қалды, Жердің шарын бір рет айналмадым.
Сұңқар-қиял, топшыңды жайға жаны, Шамырқансын шабыттың тайқазаны. Мекеніне жасынның жете алды екен Жыр баптаған даланың қай қазағы?!
Сұңқар-қиял, – сия көк аспан мекен, Қанатыңның қағысы дастан ба екен? Сенің әрбір сәттерің төмендеген Менің қызыл қанымды шашқанға тең. Сұңқар-қиял, бір сәт те төмендеме, Өмірде де, өлшем жоқ өлеңде де, Төмендесең талқан қып сенімімді, Тұғырыңа қайтадан келем деме, О, сұңқар-қиял!
АЙҚАЙ
Ұшпа бұлттар лағып жүр жарып көкті, Құнаным тұр шыбындап, шалып көкті. Айқайлап ем – дауысым аңғар ішін Азан-қазан қылды да, маңып кетті.
Серуендеуді көңілім лайық көрді, Жүріп кеттім арайға жайып қолды. Үркіп шыққан даусымнан бір құралай Көз алдымнан заматта ғайып болды.
Ал, жаңғырық алыста-а-а тентірейді, Тастың ығын самал жел желпімейді. Бірақ тастар дыбысқа тәнті дейді, Сондықтан да адамнан ән тілейді.
Өйткені олар білмейді ән салуды, Үлгі тұтар сыр ашпай томсаруды. Айқай салып төменге сорғаласа, Быт-шыт қылар ажалы қарсы алулы.
Армандымын, Қаратау, армандымын, Айқайда да, мен білсем, бар мәнді ұғым. Айтшы маған балғындау дауысымның Қай биікке қонақтап қалғандығын?!
Қара машина
Үш ұлы адам дарын ескен түрінен, Келбетіне Құдайдайын үңілем. Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи, Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен. Бір тынбаған қамын ойлап халықтың, Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн. Бірақ халық жауы болып ұсталып, Кеткендігін кейін біліп, қамықтым. Естеліктер жазып жүрген сан адам, Бірақ бүгін көрінбейтін арадан. Қалайша жау қазақ әдебиетінің, Іргетасын құлдар құсап қалаған?! Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын, Қазағым деп қамшылаған боз атын. Сырнай үнмен әсем әнін созатын, Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!. Алатаудан Ақсу болып бұрылған, Қыран жырды қайыратын қырымнан. Жансүгіров емес пе еді Құлагер, Ол қалайша айбалтаға ұрынған?! Талантына табынам мен қай елдің? Мен өзімнің қазағымнан май емдім. Бейімбеттің жазығы не, паш еткен, Еркек түгіл коммунисін әйелдің? Қалайша жау ардагерлер топ жарған? Ақиқатын сұрадым мен көп жаннан. Қырандарға көкте қанат қағатын, Кімдер екен, кімдер екен оқ жонған. Оларға оқ жаумағаны хақ көктен, Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем. Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде, Қара машинамен келіп ап кеткен...» Қалың топты жарып шыққан мергенді, Қазақ қашан асылына теңгерді? Қолымызбен ұстап берген ерлерді, Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді... Содан бері шошынамын дүсірден, Содан бері көз алмаймын мүсіннен. Қараңғы түн, қап-қара бір машина, Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен. Әлі алдымда батпағым көп кешпеген, Көкейімде құпиям көп шешпеген. Шындық жайлы айта берсем, бір түнде, Қара машина ап кетердей сескенем...БЕТПАҚДАЛА ҚЫРҒЫНЫ
Көрген соң тағдырының сыйын бөтен, Жүйрікке сағым қуу бұйым ба екен: Келеді жан ұшырып бедеу құмда, Соңында үйір қасқыр, үйір бөкен.
Ажалдың қара бұлты басқа төніп, Көздері мөлдірейді жасқа толып. Қолдарын көкке жайып, үдірейіп, Жылап тұр сексеуілдер бас көтеріп.
Қан ішу атасынан қалған дәстүр, Жақындап қалды, әнеки, арлан қасқыр. Тістері сақылдайды, көзі жайнап, Тұяқтан бұрқыраған шаңда адасқыр. Жануар, шөл еркесі, жазығы жоқ, Қала ма азулының азығы боп? Арланды тайыншадай жықса нетті, Бір түбір ажалының қазығы боп!
Жазмыштың «сыйына» бұл теке күйіп, Үйірін шашыратпай жеке жиып, Безектеп, Қалып қойған құралайдың Таңынан мүйізімен кетеді іліп.
Сордың да берген екен бес елісін, Ғұмыры қуғынменен өтері шын. Құралай кеше туған көрді бүгін Тағдырдың тумай жатып теперішін.
Үйірін көсем теке дүркіретті, Торлады құм шаңының бұлты көкті. Арлан қасқыр қап қойған құралайдың Белінен қан-қан қылып сілкіп өтті.
Сілкіп өтті, Бірақ та тоқтамады, Зымырайды сұр сайтан оқтан әрі. Жаңылып шабысынан ана бөкен, Құралай қалған жаққа көп қарады.
Сонда үйір зымырады күнді бетке ап, «Құтыл» деп күбірлейді мұңды Бетпақ. Қинады сорлыларды құрғыр аптап, Тозаңы боз дәкедей үлбіреп қап.
Күн батты көкжиекте тұрған күліп, Көздерде бір өшіп қап, бір жанды үміт. Бөкендер маңып кетті айдалаға, Бес бірдей құралайын құрбан қылып.
Ащы тер көз жасына қоса ағылды, Үйір кеп бір ойпаңға ошарылды. Дір қаққан бауырлардан су сорғалап, Құм бетін қақ боп тұрған жоса бұзды.
Жусады дымы біткен сорлы бөкен, Көргені көз ашқаннан қорлық екен. Ей, тәңір, бар екенің рас болса, Көрсетпе қасіретіңді енді бөтен.
Ойпаңға киік емес, тылсым бұқты, Жасырды күллі әлемнен түн шындықты. Тек байғыз бебеуледі, бебеуледі, Шақырып жатқандай-ақ бір сұмдықты.
Күн бойы сауға іздеген кіл сағымнан, Ортеке қарғып тұрды бір сарыннан. Жарығы бөкендерге тура түсіп, Машина шыға келді құм шағылдан.
Тағдырдың жазғанына күйіп, тоңып, Жазығы – жаратылды киік болып. Тағы да безіп берді бейшаралар, Көздерге қасірет пен күйік толып.
Адам мен аң дос деген тіпті өтірік, Отырып атып жатыр, тік те тұрып. Мылтықтар өлім сеуіп гүрсілдейді, Құлайды сорлы бөкен бүктетіліп.
Шағылдар бұғып-бұғып тұр ойланып, Машина ышқынады үрейді алып. Оқ тиген бөкенге де қарамайды, Дегендей: «Қайтып соғам бір айналып».
Үрейден Бетпақдала жұлды шашын, Жел тұрды солқылдаған құмды шашып. Жаралы, жалғыз қалған текті теке Құламай, арт жағына бұрды басын. Өр сезім мүмкін оны ырыққа алды, Құламай, қалт-құлт етіп тұрып қалды. Адамдар қуып жеткен оқ шығармай, Мылтықтың дүміменен ұрып қалды.
Пенделер, көздеріңді құйын басқыр, Тоймасаң, тағы қырғын ұйымдастыр. Бес бірдей құралайды қанағат қып, Қап қойған сері екен ғой үйір қасқыр.
Болмадың қасқыр құрлы өр тоятты, Басыңа ойнатар ма ед сол таяқты?!. Бұл сөзді теке бірақ айта алмады, Серпіді, құлап түсіп, төрт аяқты.
Қырғынға куә болып құм жылады, Аспанда ай да жылап, қынжылады. Қасқыр да ішін тартты бұл сұмдыққа, Пана қып ұйықтап жатқан бір жыраны...
Табиғат, о, табиғат, кешір мені, Көп болды төбеңде ажал есіргелі. Қай кезде бейбіт өмір сүрер екен Адам мен аң атаулы төсіңдегі?!
Көркейтер үйірімен дөң өркешін, Адамдар, сақтаңдаршы шөл еркесін. Әйтпесе, кейінгі ұрпақ қарғап жүрер, Бөкеннің таппай қалып көлеңкесін.
МАЛДЫ АУЫЛДЫҢ БІР КЕШІ
Қой маңырап, иттер үріп, Қарауытып тау іргесі, Тәтті түтін сүттей ұйып, Тағы орнады ауыл кеші.
Шұрқырайды жылқы малы Бара жатқан жоннан асып. Құрбақалар жыртылады, Мағынасыз хорға басып. Қара шал жүр ет мүшелеп, Қонақ сыйын бүтіндеген. От басына жетті шелек, Сүтке толып шүпілдеген.
Тал-терекке түн асылды, Бұлт боп басты маса шамды. Уыс-уыс мың асылды Жомарт аспан шаша салды.
Таныс бәрі, мал иісі Талдысайға келіп қонған. Самаладай қара үй іші Кіл қазақи көрік толған.
Қара мақпал тартқан алап, Күйіңе кеп, өзгер енді. Шежіре айтар қартқа қарап, Жантаятын кез де келді.
ОРАЛДЫМ ТУҒАН ЖЕРГЕ АҚПАНДАТЫП...
Шыңдары көкке атылған белең алып, Арқарлы тау бар ма екен сенен алып. Туысы Қазығұрттың аты шыққан Ғайыптан биігінде кеме қалып. Шалғайдан сағындырып ел – аналық, Келемін бауырына мен оралып. Қол салып жүрегімді жаман езген, Тартады сағынышты сана – безбен. Төсіңнен еркелікпен ерте кеткен, Ұлың ем жастайынан қала кезген... Алдымнан ұшып-қонған кекіліктер, Аш түлкі азық іздеп дала кезген – Көзіме таныс сурет бала кезден. Қасқа жол ойдан асып, тауға салған, Кеттің деп тым созылып – дауласа алман: Қар басқан қияндағы қараша ауыл, Шешенің болмасам да дауға салған, Батырың болмасам да жауға салған.
Оралдым бөлтірікше ұлып-ұлып, Шалғайда қасиетіңді шын ұғынып – Тұратын таңы тамып, түні күліп, Тұсайтын пенделерін құлы қылып, Болмайтын Батыс, Шығыс шәрлерінде Бар сенде мен білетін бір ұлылық. Иісі шайырының тұншықтырған Орманың болмаса да сыңсып тұрған, Өкірген дарияларың болмаса да Көктемде өткел бермей қырсық қылған, Тарғыл тас, таз төбелер түсіме енсе, Ұйқымнан талай рет ыршып тұрғам.
Төсіңде мамырлап тұр ақпан айы, Ой-қырға жалатқандай ақ қалайы. Өзіңнің ақ батаңсыз ұстатар ма Жігіттің жетем деген бақ-талайы?!
Тай жығып, қошқар жарып, майды асаған Қасқырлар қарап жатыр қай тасадан? Көрсетсе азу тісін айналсоқтап, Оларға бауырмыз деп айта салам. Оралды қошақаның қайта саған.
БҮЙРЕК ТУРАЛЫ ЖЫР
Бір өксік алқымыма кеп тұрады, Шулайды көңілімнің көк құрағы. Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген Бүйрегім түбі мені жеп тынады. Бұл жағдай айқын болды атқан таңдай, Жүрсем де тірлік кешіп саптан қалмай. Қараймын болашаққа күдікпенен, Алдымда күтіп жатқан қақпан бардай.
Демі өрт, жүзі жарқын, ұраны әсем, Жиырма бес, жолықтың ба жыраға сен? «Кеп қалса», қиналғанша, көнер едім, Кетеді-ау тағдырыма бірақ есем. Қасқырдың үйіріндей қоршап қайғы, Құралай үміт менен алшақтайды. Қазы жеп, қымыз ішер қыр қазағы Қалайша сүт көжемен жан сақтайды?
Бүйректен бөлінген у басқа шауып, Шаба алмай, қан қақсайды қасқа шабыт. Мезгілсіз тасырқады өлеңім де Кезінде сынайтұғын тасқа салып.
Жарасар жастық шақта бәрі дедік, Бірқатар дос-дұшпанға мәлім едік. Жүйкемді көп жұқартты емшілер де, Қырығы қырық түрлі дәрі беріп.
Төгуші ем той-думанда таңдайдан ән, Білтесі бітетұғын шамдай жанам. Елемей өткізіп ап жылым дертті, Шыбықша қурағаның қандай жаман?!
Әйтеуір, бір келеді қаза деген. Кетеді, соны ойласам, маза менен. Әйтсе де, мойынсұнбай, Қаламсабым Қолымнан түскенінше жаза берем.
Бас та өлең, бауыр да өлең, бүйрек те өлең, Ақынды ажалың да күйретпеген. Кеудемде жүрек-бұлбұл шыр-шыр етіп, Көшімді Күншығысқа сүйреп келем.
ЖЕЛКЕНІМДІ ҚАЙТАДАН КӨТЕРЕМІН
Өзіңнен басқа қыз жоқтай қазақта мынау, Қыл бұрау салып жанымды азаптадың-ау.
Ащы запыран жырымның өзегін тілді, Жалғыздықты ертіп жабырқап кеземін түнді.
Ұшырап алды қалайша құсын арманым, Уәде бұзып жалт бердің... түсіне алмадым. Көзіме менің миуалы тамыз елестеп, Махаббат деген – мәңгілік, Аңыз емес деп,
Шаттанған қайран күндерім бұзылды сең боп, Көкірегімнен бір арман үзілді сен деп.
Арнамның жолын тағдырдың соры бөгеді, О, ақындардың қай кезде жолы боп еді?!
Дәл бұлай алдап шайтан да шаштан алмайды Тасқа соғуға жаралған қасқа маңдайды.
Оңдырмай ұрып, Дал-дұл қып, қанатып алып, Кешіп барамын қайғының қара тұманын.
Қиналуға ма – бұл өмір неге берілген? Қирауға ғана жаралған кеме ме едім мен? О, бірақ мен қирап жатсам да сілкілесемін, Елемей төмен жандардың күлкілі өсегін.
Жетеді менде қайсарлық, табаға шыдам, Сынық тақтайға жармасып жағаға шығам.
Жыртық желкенім қайтадан көтеріледі, Жыр боратқанда аузымнан от өріледі.
Алдамшы сұлу, Ал сені қылықты әрі Жүрегі нәзік басқа ару ұмыттырады. ЖАПЫРАҚ ЖАЙЛЫ БІР ӨЛЕҢ
Кеше ғана биікте ең, Бүгін жатсың табанда. Жапырақ-ау, жағдайың тимеді оңай маған да!
Құлағанды биіктен Кім сыйлайды бұл күнде? Қансыраған жүректей жерде жатып бүлкілде.
О, бүлкілде, бүлкілде, Шірігенше бір тынба. Ағаш сені неғылсын, қабығы бар сыртында.
Бұтақ сені неғылсын, тамырлар бар нәр берер, Қыстай қатып, Көктемгі жылылықпен әлденер.
Жапырақ-ау, жапырақ, Сары аурудай сарғайған, Ғұмыр дейтін – мәңгілік таусылмайтын қан майдан.
Құладым деп қамықпа, Өлдім ғой деп түңілме, Терегіңнен серейген дің де қалмас түбінде.
Алты ай бойғы армансыз Ғұмырыңа тәубе де, Сені таптап жүргендер түсе берсін әуреге...
СЕКСЕУІЛ
Күн көңірсіп, барады қарып бүгін, Көмір құсап қызарды анық құмың. Сексеуіл-ау, сексеуіл, қолың жайып, Көкбет көктен не күттің, жарықтығым?!
Өзегіңде бір түйір нәр қалды ма, Ақ сағымға жанарың арбалды ма? Сағым құсап көзіңнен көшеді ме Жеткізбейтін жезкиік армандыға?!
Жосып жүрген жәндігі – мың бір ұлы, Құм ойлайды дүниені құм қылуды. Не жақсылық көрдің сен осы құмнан, Өспедің бе өлкеде сулы, нулы?
Жаңбыр күтіп, жарамас тон пішкенің, Неге тұрсың, тозаң ба сонда ішкенің? Ерні шып-шып тілінген, қара сирақ, Сұм енеге тап болған көнбіс келін.
Ұстап тұрған сөгілген сүбелерін, Ұлы Құмның үзілмес Күдері едің. Сексеуіл-ау, сексеуіл, саған қарай Өлеңімнің бұлттарын жіберемін.
Қазбауыр бұлт, будақ бұлт, бұйра бұлттар Жетер саған сіркіреп, – диланып қал. Жасын түсіп мерт болсаң, о дүниеге Жақсылықтың барына иланып бар... О, сексеуіл!
ЖҮРЕК
Ерте салмақ түсті саған, Бүрді дерттің қаршығасы. Қанат қаққан құсқа ұсаған, Қамқорым-ау, шаншымашы.
Жендет құсап қинадым ба, Саған теңдеп бар бәлемді. Пісіп тұрған ми бағында Әпере алмай алма-өлеңді?
Көңіліңді қалдырдым ба, Кесір жолмен келемін бе? Шырматылам балдыр-мұңға, Уайымның тереңінде.
«Өлеңдерің жылап кетті», – Дейді маған бір адамдар. Армандаған жырақ көкті, Албырт жырлар, жыламаңдар.
Аман болсақ ән айтылар, Кінәлама, жолдас өнер. Көңілді жыр қалай туар, Көңіл хошың болмаса егер?!
Тіршіліктің бірі мен ем, Тарттым екен қандай айып? Көз жұмам ба шыныменен, Күн туса егер алмағайып?!
Мен биіктен сан атылдым, Жете алмасам, бар ма амалым? Табиғаттан жаратылдым, Табиғатқа айналамын.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді