«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздікілер «Шагадаммен» тең ойнады

Біздікілер «Шагадаммен» тең ойнады
ашық дереккөз
Біздікілер «Шагадаммен» тең ойнады
Түркия елінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жаңа маусымға дайындығын пысықтап жатқан «Тараз» футбол клубы әлі де болса құрамын жаңа, шеберлігі толысқан ойыншылармен толықтыру жолдарын қарастырып жатыр. Әрине, премьер-лигада ойнайтын клуб қалайда біріншілік басталғанға дейін құрамын мүмкіндігінше күшейткені жөн болмақ. Оқу-жаттығу жиыны барысында «Тараз» футбол клубы бірнеше жолдастық кездесу өткізбек. Алғашында Болгарияның «Септември» командасымен жасыл алаңға шыққан жамбылдық команда қарсыластарына 1:2 есебімен есе жіберген болатын. Екінші жолдастық кездесуде Түрікменстанның «Шагадам» деп аталатын командасымен күш сынасқан «Тараз» футболшылары қарсыластарымен 2:2 есебімен тең түсті. Жоғарыда айтқанымыздай, «Тараз» футбол клубы жаңа ойыншыларды жіті бақылап жүргені мәлім. Осы ойында жамбылдық командамен бірге оқу-жаттығу жиынын жасап жүрген украиналық ойыншы Николай Агапов мергендік танытты. 23 жасар футболшыны жерлестері көбінесе әйгілі футболшы Фернандо Торреске ұқсатып жатады. Өз елінде бірнеше командада өзін жақсы қырынан көрсете білген Агапов жасыл алаңда шабуылшының да, қапталдағы жартылай қорғаушының да міндетін атқара алатын әмбебап футболшылардың қатарына жатады. Жолдастық кездесу барысында бір гол соққан Николай Агапов оқу-жаттығу жиыны барысында өзін жақсы қырынан көрсете алса, командамен келісімшартқа отыруы ықтимал. Премьер-лигаға қайта оралған жамбылдық ұжым алдағы уақытта өзінің жаңа маусымдағы толық құрамын жариялауға ниетті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар