Спорт және туризм
«Өзбек жолбарыстарын» мықты деседі, ендеше күш сынасып көрейік
- author «Ақ жол»
- 20 ақпан, 2017
- 291
«Өзбек жолбарыстарын» мықты деседі, ендеше күш сынасып көрейік
Бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымын жеңісті жорықпен бастаған «Астана арландары» бокс клубы екінші кезең аясында бүгін Өзбекстанның «Өзбек жолбарыстары» командасын Талдықорғанда қабылдайды. Кеше боксшылар салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті.
Бірінші кезеңде Қытайда қонақта болып, жергілікті боксшыларға жол берген «Өзбек жолбарыстары» қазақ боксшыларына қарсы өтетін шайқасқа кілең мықты сайыпқырандарын әкеліп отыр. С2 салмақ дәрежесіндегі боксшылар топқа түсетін кездесуде өзбек мамандары Рио Олимпиадасына қатысқан төрт бірдей боксшыға сенім артпақ. Ендеше бүгін шаршы алаңда бақ сынайтын бокшылар жұбын назарларыңызға ұсына кетейік.
52 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын «Астана арландары» командасының капитаны, жамбылдық жампоз, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев Аброржан Кодировпен қолғап түйістіреді. Кодиров өткен маусымдағы кездесуінде Азат Махметовке жол берген болатын. 60 келі салмақ дәрежесінде рингке көтерілетін Закир Сафиуллин Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс медалін иеленген Муроджон Ахмадалиевтің қарымын байқап көреді. Ілгеріде 56 келі салмақта бокстасқан Ахмадалиев әлем чемпионаты мен Рио Олимпиадасында ел сенім артқан Қайрат Ералиевті жеңіп кеткені есімізде. Демек, Закир Сафиуллин Қайрат үшін қарымта қайтаруы тиіс.
69 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын жамбылдық боксшы Асланбек Шымбергеновке де оңай соқпай-ды. Ол Рио Олимпиадасының финалында Данияр Елеусіновке қарсы шығып, жеңіліс тапқан, төртжылдықтың басты додасының күміс жүлдегері Шахрам Гиясовқа қарсы барын салуы керек. 81 келі салмақ дәрежесінде «Астана арландары» Нұрдәулет Жармановқа сенім артыпты. Оның да қарсыласы өте қарымды. Риодағы Олимпиада ойындарында 75 келі салмақта жарыс жолына шығып, күміс жүлде иеленген, оның алдында әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізген жас пері Бектемир Меликузиев Жармановқа қарсы аянып қалайын деп тұрған жоқ. Дегенмен, Жармановтың да бар күшін салатыны анық. Аса ауыр салмақта рингке шығатын Қамшыбек Қоңқабаев Рио Олимпиадасында ширек финалға дейін жеткен Баходир Жалоловпен күш сынасады. Бүкіләлемдік бокс сериясының дебютантына қарсы өнер көрсететін Қамшыбек шындаса, жеңілмейді деген үміттеміз. Сонымен бокс шоуы қазақ жерінде өтеді. Ендеше, іске сәт жігіттер!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді