«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Премьер-лигаға қайта оралған «Тараздан» қайыр бар ма?

Премьер-лигаға қайта оралған «Тараздан» қайыр бар ма?
ашық дереккөз
Премьер-лигаға қайта оралған «Тараздан» қайыр бар ма?
Футболдан Қазақстан премьер-лигасынан өткен жылдың қорытындысы бойынша електік ойында Шығыс Қазақстанның «Алтайына» 0:3 есебімен жол беріп, жоғарғы лигадан тыс қалған «Тараз» футбол клубы премьер-лигада ойнау құқығына қайта ие болды. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының мәлімдеуінше Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» футбол клубы премьер-лигаға қатысатын командалар қатарынан шығып қалыпты. «Алтайдың» премьер-лига додасынан қалтарыс қалуының себебі, команданың сертификаты дұрыс емес екен. Анығырақ айтсақ, шығысқазақстандық команда жасөспірімдер және 9 жас мөлшеріндегі 14 команда құруға тиіс болатын. Алайда, «Алтай» командасының жетекшілері бұл міндеттерді орындамаған. Бұған қоса, клубтың екінші лигада өнер көрсететін құрамы да жоқ. Осының бәрін зерттеп, зерделеген Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы «Алтайды» премьер-лигадан аластатып, оның орнына «Таразды» ағымдағы маусымда премьер-лигада ойнайтын командалар қатарына қосуды жөн деп ұйғарған. Шыны керек, өткен маусым «Тараз» футболшылары үшін өте сәтсіз өтті. 11-орынға әупіріммен ілінген жерлестеріміз електік ойында «Алтайға» ойсырай ұтылды. Дәл қазір «Тараз» футбол клубының бірқатар белді футболшылары командадан кетіп те үлгерген. Оның үстіне жаңа маусымның басталуына аз ғана уақыт қалды. Дегенмен, «Таразға» премьер-лигада ойнау мүмкіндігі туып тұр. Енді жамбылдық команда барын салып, жүйелі нәтиже көрсетуге тырысатыны хақ. Иә, жаңа маусым басталуына өте аз мерзім қалды. Осы санаулы күндердің ішінде «Тараз» футбол клубының басшылығы команда сапына жаңа ойыншылармен толықтырылуы керек. Әйтпесе, қазіргі құраммен тағы да сол көш соңында қалып қоятынымыз анық. Жалпы, Ваит Талғаев команда тізгінін ұстаған жылдары «Тараз» жаман нәтиже көрсеткен емес. Тағы да Талғаевқа сенеміз. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» демекші, «Таразға» премьер-лига жолдамасы жоқ жерден бұйырды. Қайтқан «Тараздан» қайыр бар ма? Оны алдағы жаңа маусым барысы көрсете жатар...

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар