Кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов WBA (super), IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды
Жеңіл салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов жиырма сегізінші жекпе-жегін АҚШ-тың Толедо штатында америкалық былғары қолғап шебері Роши Уорренге қарсы өткізіп, қарсыласынан WBA (super), IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын тартып алды.Уоррен кәсіби мансабындағы он алтыншы жекпе-жегінде екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Ал, жиырма сегізінші кездесуінде жеңіс тойын тойлаған қазақстандық боксшы жиырма жетінші жеңісіне қол жеткізді. Жанаттың еншісінде бір жеңіліс бар. Шыны керек, әлем чемпионы атағы сарапқа салынған кездесу алдында мамандар да, букмекерлік кеңселер де Уорренді шайқастың жеңімпазы ретінде көретіндіктерін байқатқан болатын. Шаршы алаңдағы шайқастың бірінші раунды басталған бетте АҚШ боксшысы қолдарын жылдам оңды-соңды сермеп, Жанатты екі мәрте нокдаунға жіберді. Осы сәтте кәдімгідей қобалжып қалдық. Тіпті, бір мезет жеңіс қолдан сусып кеткендей күй кештік. Бірақ, Жанат ер екен. Келесі кезеңдерден бастап толыққанды кездесу барысын бақылауда ұстаған ол қарсыласын толассыз шабуылдарымен әбден састырды. Қос қолымен бағыттаған жойқын соққылары Уорренді тіпті теңселтіп жіберді. Алайда, АҚШ боксшысы Жанаттың қолын байлап, әйтеуір, бойын тіктеп үлгерді. Қайта-қайта Жанаттың еркін көсілуіне мүмкіндік бермей, құшақтай кететін Уорренге рингтегі төреші ескерту берген жоқ. Есесіне, жекпе-жектен қашқан қарсыласын қуып жүріп сабаған қазақстандық боксшы жақын қашықтыққа барғанда төреші ажыратып, қазақстандық былғары қолғап шеберінің кеудесінен итеріп, әбден біржақты шешім қабылдайтындығымен есте қалды. Соңғы чемпиондық раундтарда да Жанат Жақиянов белсенділігімен көзге түсті. Жақын қашықтықта өзін судағы балықтай сезінген қазақ баласының қысқа соққылары Уорреннің иек тұсын дәл тауып жатты. Жекпе-жек аяқталған соң да кеудедегі күдік сейілмеген. Рингтегі төрешінің әпербақандығын көзбен көрген біз қапталдағы мамандар бұра тартпас па екен деген ойдың жетегінде отырдық. Бірінші төреші 115:111 есебімен жеңісті Уорренің еншісіне жазғанда езуімізге ащы күлкі үйірілді. Бірақ, қалған екі төреші «тура биде туған жоқ» қағидатын ұстанып, 115:111, 116:110 есебімен жеңісті Жақияновқа ұстатты. Екіұшты шешіммен жеңіс тойын тойлаған Жанатқа «Жарайсың!» дестік көгілдір экранның бер жағында отырып. Осылайша Жанат Жақиянов Геннадий Головкин мен Бейбіт Шүменовтен кейінгі әлемдік деңгейде чемпиондық белбеу ұтқан (қазіргі боксшыларымыздан) былғары қолғап шебері ретінде тарихқа өз атын алтын әріптермен жазды. Ол енді WBA (super), IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Алдағы уақытта жеңіл салмақтың тағы бір серкесі, жапон жігіті Шинсуке Яманакиді жеңсе деген арман бар. Иә, Жанаттың шайқасында көрдік. Жеңіс жалғасты болсын!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді