Галина Вишневская екінші алтынын алды
28-ші қысқы Универсиадада ел спортшылары табысты өнер көрсетулерін жалғастырды. Ел күткен алтын жүлделер толығымен қоржынымызға түсті деуге болады. Әсіресе, биатлоншыларымыз бірнеше медальді еншілеп, мерейімізді тасыта түсті.
Галина Вишневская Алатау баурайында өтіп жатқан аламанда екінші мәрте топ жарып, он бірінші алтын жүлдені әперді. 12,5 шақырымдық масс-старт жарысында ол қарсыластарынан едәуір қара үзіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Нысана көздеу сындарында қазақстандық спортшы бір мәрте ғана қателікке бой алдырып, өзінің шын мәнінде мерген екенін кезекті мәрте айқындады.
Бұл додада Галина 36 минут, 15,4 секунд нәтиже көрсетті. Бұл оның үздік көрсеткіштерінің бірі. Күміс жүлде украиналық биатлоншы Яна Бондарьға бұйырды. Ал үздік үштікті ресейлік Лариса Куклина қорытындылады.
Бұған дейін Галина Вишневская Алматы қаласында өтіп жатқан дүбірлі доданың спринттік бәсекесінде алтын жүлдені мойнына ілсе, жекелей және командалық эстафеталық сында күміс жүлдегер атанған болатын.
Жалпы, қысқы Универсиада барысында Галина Вишневская тағы бір жүлдеге ие болуы мүмкін еді. Ол маңызды жарыстардың бірінде жеке дара көш бастап келе жатып, нысана көздеу сынында қателікке бой алдырып (ату кезінде позицияны шатастырған) төрешілер додадан аластатқан-ды. Аталмыш додада Галина Вишневская негізгі қарсыласынан бір жарым минуттай алда келе жатқан. Әлбетте, мұндай басымдыққа ие спортшының алтын медальға ие болатынына ешкім күмән келтірмейді. Әттең, техникалық қателік орын алмағанда қазақстандық спортшы үшінші алтынына ие болар еді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Милан-2026: қысқы Олимпиадада Қазақстан намысын кімдер қорғайды?
- 22 қаңтар, 2026
«Тараз» келер жылы премьер-лигада ойын көрсете ала ма?
- 19 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




