«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан сайыпқырандарының рекорды

Қазақстан сайыпқырандарының рекорды
ашық дереккөз
Қазақстан сайыпқырандарының рекорды
Алматыда өтіп жатқан ақ аламан ел құрамасы үшін ең табысты додаға айналды. Бұл бәсірелі спорт жарысы еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылатыны анық. 2 жыл бұрын Испанияның Гранада қаласында өткен бүкіләлемдік қысқы Универсиадада ұлттық құрама 5 алтын, 6 күміс жүлдемен жалпыкомандалық есепті үшінші орынға табан тіреген болатын. Ал Алматыдағы доданың небәрі төртінші күнінде ұлттық құрама оғландары өз рекордтарына түзету енгізді. Иә, ақ аламанның төртінші күні саңлақтарымыз 6 алтын, 2 күміс, 7 қола жүлдені қоржынға салған болатын! Алатау баурайындағы дүбірлі додада ел құрамасы 36 жүлде иеленді. Оның 11-і алтын, 8-і күміс, 17-сі қола жүлде. Осыған қарап-ақ, ұлттық құрама оғландары өз рекордтарын 3 есеге арттырғанын білеміз. Қазақстан спортшыларының толайым табысын еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің фейсбуктегі парақшасында атап өтіп, саңлақтарымызды спорттық жетістіктерімен құттықтады. «Отандастар, қысқы Универсиадаға қатысушы құрама командамыздың жетістіктерін жіті қадағалаудамын. Шынымды айтсам, қуанышымда шек жоқ! Біздің спортшылар жеңістің жоғары тұғырынан көрінуде. Біз өзіміздің жалпы медальдік есептегі екінші орнымызды нықтап алдық! Қазақстанның Универсиадаларға қатысу тарихында мұндай жетістік бұрын-соңды болмаған жайт! Осы спорт салтанатына қатысушылардың бəрін шын жүректен құттықтаймын! Біз сендерге сенім артамыз, мақтан тұтамыз!», – деген министр өзінің құттықтауында. Алматыда жалауы желбіреген байрақты бәсекеде ел құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енуді жоспарлаған болатын. Ал ақтық нәтижеге көз жүгіртсек, Қазақстан құрама командасы айтылған межені асыра орындап, жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Бұл ел құрамасы үшін тамаша жетістік. Ел сенім артқан оғландар абырой биігінен көрініп, үміттің үдесінен шығып жатса, қалай қуанбайсың! Жаса, спорт саңлақтары!

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар