«Батыс көрген...»

«Батыс көрген...»
ашық дереккөз
«Батыс көрген...»
Қанат Әуесбайдың Ұлыбритания жайлы жазылған кітабы Таразға жетті Журналист-публицист, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты Қанат Әуесбай шет ел кітапханаларындағы алғашқы қазақ авторларының бірі болды. Жақында жарыққа шыққан «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» атты кітабының таныстырылымы облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өтті. Тың туынды қазақ және ағылшын тілдерінде Лондонда мың данамен жарық көрген. Оның тең жартысы британ елінде саудаланса, қалған бөлігі еліміздің оқырмандары үшін қолжетімді болмақ. Кітаптың тұсаукесері ең алғаш рет Кембридж университетінде ұйымдастырылған. Автор алғашқы туындысында ағылшын қоғамының әр саласынан біліп-түйгенін публицистикалық көзқараспен жеткізуге тырысқан. 10 тараудан тұратын кітапта Ұлыбритания тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, өмірлік құндылықтары мен қағидалары, жаһандану кезінде ағылшын тілін білудің маңызы, білім беру мен жастар саясатының, БАҚ саласының ахуалы арқау етіліп, еліміздегі жағдаймен жан-жақты салыстырылған. Кітапты жазуға бір жылға жуық уақыт жұмсадым. Еңбегім – Британиядағы өмірді асыра мақтау, утопия немесе туристік анықтама емес. Мен «онда барлығы жақсы, бізде барлығы жаман» деген «турист синдромын» барынша аттап өтуге тырыстым. Керісінше, кітап жазу барысында тек бір ғана мақсатым болды. Британияның өмір қағидаларын төмендетпей, Қазақстанның абыройын көтеру. Егер британиялықтар кітап арқылы Қазақстан жайлы көбірек білуге ұмтылса, журналист ретінде міндетімді орындадым деуге болады», – дейді Қанат Әуесбай.

Фариза АЙТБЕК, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар