Айдова да медальдан құр қалған жоқ
Конькимен жүгіру спортында еліміздің рекордшысы Екатерина Айдова да елінің, жанкүйерлерінің үмітін ақтап, қоржынымызға қола медаль салды. 1500 метрлік қашықтықта құстай жүйткіген қазақстандық спортшы ресейлік Александра Качуркина мен жапон қызы Нана Таканашиге есе жіберіп, үздік үштікті қорытындылады. Иә, Катя қыз үшін 1500 метр қашықтықта бақ сынаудың өзі үлкен табыс. Шыны керек, қазақстандық спортшы бұл қашықтықтан гөрі өзге сындарда жүлде салуға мүмкіндігі мол болатын. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді», демекші, Айдоваға бұл жарыстың әзірге қола жүлдесі бұйырып тұр екен. «Ақиқатын айтайын, 1500 метр – менің қашықтығым емес. Дәл осы қашықтықта менің кереметтей тәжірибем жоқ, сол себепті жарыс барысында сезімталдықпен бақ сынадым. Сонымен қатар, бар күш-жігерімді сарқа жұмсадым. Барлық мүмкіндігімді ашып көрсетуге тырыстым. Бәлкім, жарыс жолағына шыға салысымен алдыға жүйткігендіктен шамалы күш жетпей қалған шығар. Мүмкін тәжірибем болғанда бәрін есеппен орындайтын ба едім. Кім білсін? Ең бастысы алда 500 метр, 1000 метр секілді қашықтықта күш сынасатын жарыстар тұр. Сол сындарда өзімді судағы балықтай сезінемін деп айта аламын. Сондықтан алдағы жарыстарда жүлде сапасын жоғарылатуға күш салатын боламын» дейді қысқы Универсиаданың қола жүлдегері алдағы мақсаттарымен бөлісіп. Катя қыздың алар асуы биік екеніне біз де сенімдіміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, "Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді