«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазаққа фристайл-акробатика да жат емес

Қазаққа фристайл-акробатика да жат емес
ашық дереккөз
Қазаққа фристайл-акробатика да жат емес

Фристайлдан Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек топ жарды

Фристайл-акробатика спортының шеберлері алтыннан алқа тақты. Иә, Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек жұбы қытайлық спортшыларға кеткен есені қайтарып, Универсиадада өздеріне тең келетін қарсылас жоқ екендігін дәлелдеді. Микст (аралас жұп) сынында жарыс жолына шыққан қазақстандық спортшылар дода барысында тамаша өнер көрсетіп, жұртшылықты өнерлерімен тәнті етті. Фристайл-акробатика секілді бекзат әрі қиын спорт түрінде де қазақстандықтардың қомақты үлесі бар екенін айқындаған қос саңлағымыз ақтық сында қытайлық жұптан тым ұзап кетті. Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек жұбы алғашқы екі жаттығу қорытындысында 167,05 ұпай еншілеп, алтын жүлденің тағдырын шешіп қойса, Қытай елінің намысын қорғаған жұптар тиісінше 113,02 және 88,7 ұпайға ие болды. Осылайша ел үміт артқан өрендеріміз ел қоржынына екінші алтын жүлдені салып, жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Жекелей сында алтын жүлдеден қағылған қазақстандық жұп командалық жарыста қалайда топ жаруға бел байлаған болатын. Әсіресе, алтын жүлдеден үміті болған Жанбота Алдабергенова үшінші орын алып қалған соң командалық жарыста қалайда алтын жүлдеге қол жеткізу керек деп шешкен. «Жекелей сындағы жеңіліс тыныштық бермеді. Алтын медаль қол созым жерде еді. Сол жеңіліс үшін қалайда есе қайтару керек болды. Командалық есепте чемпион атанамыз деп уағдаластық. Себебі, жекелей жарыста Бағланның да, менің де алдыға қойған мақсаттарымыз орындалмай, көңіл-күйіміз мәз емес-тін. Ол додада мен алтын жүлде аламын, Бағлан үштікке енеді деп жоспарлаған едік. Әйткенмен бүгін қарсыластарымыздан есе қайтара алдық. Бұл алтын жүлденің мен үшін жөні бөлек. Өйткені бұл жүлде өзіміздің Отанымызда, Тәуелсіз Қазақстанда әзірленген», – дейді Жанбота Алдабергенова тілшілерге берген сұхбатында жүзі бал-бұл жанып.

Табиғат АБИЛДАЕВ, "Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар