Ұлттық банк жалған 10 мың теңгенің бар екенін растады

Ұлттық банк жалған 10 мың теңгенің бар екенін растады
ашық дереккөз
Ұлттық банк жалған 10 мың теңгенің бар екенін растады

ҚР Ұлттық банкі қолма-қол ақшамен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Тоғжан Әбішеваның айтуынша, бүгінде Қазақстан аумағында анықталған жалған банкноттардың сапасы төмен. Қылмыскерлер көп жағдайда қарапайым офсеттік қағаз бен түрлі-түсті принтерлерді қолданады. Сол себепті қолдан жасалған банкнотты анықтау қиын емес.

Ресми ақпаратқа сәйкес, өткен жылы Ұлттық банктің сараптамасына 3 469 банкнот түскен. Осы купюралардың жалпы соммасы 10 744 680 теңгені құрады. Соның ішінде 2 067 070 теңгенің 928 купюрасы жалған деп танылды. «Қылмыскерлер, көбінесе, орташа номиналы бар купюраларды жасайды. Себебі айналымда жүрген ондай ақша көп. Адамның оған зейін қойып, ұзақ зерттеп жатпайтынын да жақсы біледі. Мәселен, өткен жылы анықталған жалған ақшаның 28 пайызын, яғни 261 банкнотты 2012 жылы шығарылған 2000 теңгеліктер құраса, 155 данасы 2014 жылғы 1000 теңгеліктер», - дейді Әбішева. Оның сөзіне қарағанда, 5000 және 10 000 теңгенің жалған купюрлары да анықталған. Оның барлығын лазерлік принтермен жасап шығарған. «Самұрық» құсының белгісі ақ бояумен салынды. Оны трафаретпен жасаған. Сондай-ақ барыстың қанаты мен көгершін сияқты «СПАРК» үлгісіндегі элементті қолдан жасай алмаған. Түпнұсқада оның түсі өзгеріп тұрса, жалған банкнотта ондай эффект жоқ», - деп атап көрсетті басқарма басшысы. Жалған банконттарды лазерлік принтермен жиі басады. Алайда бір жағы түпнұсқа, бір жағы жалған болып келетін купюралар да бар. Қылмыскерлер екі жағы бөлек ондай банкноттар арқылы адамды шатастыруды көздейді. Дегенмен, кассалық аппарат арқылы ондай купюраларды бірден анықтауға болады. Жалған ақшаны айналдырып, дұрыстап қараса да, адам оны өзі де анықтай алады. Айта кетейік, жақында әлеуметтік желілер мен ұялы байланыс мессенджерлері арқылы жалған 10 000 теңгелік купюралардың фотосы тараған болатын. «Екеуінің бір-ақ айырмашылығы бар. Қалған барлық жері бірдей, детектормен де анықталмайды, айнытпай жасаған, тек ақша санайтын апарат қабылдамайды. Айырмашылығы - көгершінінде, соны ғана жасай алмаған», - делінген хабарламада.   Бүгінде ҚР Қылмыстық кодекстің 231-бабына сәйкес, жалған ақшаны жасағаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ барлық мал-мүлкі тәркіленеді.

ақпарат көзі: kazinform.kz

Ұқсас жаңалықтар