Ел тарихында елеулі оқиғалардың біріне телінген, Алматы қаласында жалауы желбірейтін қысқы Универсиаданың басталуына санаулы ғана күн қалды. 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы төрін думанға бөлейтін додаға ел атынан кіл мықты спортшылар қатысып, жүлдеге таласпақ. 12 спорт түрін қамтитын байрақты бәсекеге әлемнің «сен тұр, мен атайын» саңлақтары қатысады деп күтілуде. Жарыс алаңы маңындағы Атлеттер ауылының жаңа корпустарының біріне ел атынан жарыс жолына шығатын спортшылардың бірқатары жайғасып та үлгерді. Спортшыларды ұйымдастырушылар әкімшілік ғимарат фойесінде қарсы алып, құрмет көрсетті. Грек-рим күресінен Мәскеу жазғы Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ел үмітін арқалаған сайыпқырандарға ақ батасын берді. «Ұлан-ғайыр даламыз, жалпы, Қазақстан халқы қандай да мақтауға лайық. Іргесі берік еліміздің, көшбасшы Елбасымыздың толассыз еңбегінің арқасында сендерге, жастарға арналып әлемдік деңгейдегі ғаламат спорт кешендері бой көтерді. Жарыс жолында бақ сынайтын бәріңе де әлем танитын саңлаққа айналып, біз және біздің замандастар бағындырған биіктерді еңсерулеріңе тілектеспін. Олимпиаданың биік тұғырынан көрініп, еліміздің даңқын әлемге әйгілей беріңдер», – деді даңқты спортшы ел намысын қорғайтын оғландарға сәттілік тілеп. Кейіннен ел спортшылары ғимаратқа орналасу үшін ішке еніп, бөлмелермен, ондағы жасалған барлық жағдайлармен танысты. Еріктілер оларға барлық жасалған жағдайды жан-жақты түсіндіріп, тұрмыстық заттарды қалай қолдану қажеттігін тәптіштеп айтып берді. Фристайл спортынан ел намысын қорғайтын, шаңғы акробатикасында өнер көрсететін Жібек Арапбаева: «Бізге берілген бөлме өте ыңғайлы әрі жайлы екен. Жарыс жолына шықпас бұрын тынығу үшін қажетті заттардың барлығы да бар деуге болады. Мұнда біз өзімізді өз үйімізде жүргендей сезінетініміз анық. Ендігі мақсат – бәсірелі додаға тыңғылықты әзірленіп, қолдан келгенше ел үмітін ақтауға күш салу қажет», – деді өз ойымен бөлісіп. Атлеттер ауылының жетекшісі, бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев те жеке пікірін білдірді. Ол өз сөзінде ауыл спортшылар үшін тығыз әрі ықшам, ыңғайлы салынғанына назар аударды. «Әлбетте, мұнда келген әрбір қонақ өзіне ойдағыдай жағдай жасалады деп ойлайды. Атлеттер ауылының тұрғындарын, яғни, спортшыларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Мұндағы фитнесс-орталық, футбол алаңы, кәдесыйлар дүкені, кітапхана секілді арнайы бөлмелер спортшыларға жақсылап тынығып, дода кезінде өз елдерінің намысын абыроймен қорғауға мүмкіндік туғызады», – деді Лондон Олимпиадасының чемпионы. Бұл додада ел намысын қорғайтын өрендер сапынан Қазақстанның қысқы спорттағы басты жұлдызы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді айрықша атап өтуге болады. Олимпиада жүлдесін мойнына ілген Денис енді Универсиадада алтын жүлде алуға күш салмақ. Сонымен қатар, қысқы Универсиадада басты спорт түрлерінің бірі – шайбалы хоккей екені белгілі. Алдыңғы Универсиадада күміс жүлдеге қол жеткізген Қазақстан ерлер құрамасы осы жолы алтын алса дейміз. Өз елімізде өтіп жатқан айтулы аламанда жігіттеріміз сенім үдесінен шығады деген ойдамыз. Шамамен әлемнің 55 мемлекетінен 2000-ға жуық спортшы 85 жиынтық медальді сарапқа салатын байрақты бәсекеде еліміздің ұлттық құрамасы үздік үштіктен көрінуді көздеп отыр. 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен ақ аламанда 5 алтын, 6 күміс жүлдені қоржынға салған спортшыларымыз тек күмістер саны бойынша ғана Оңтүстік Корея спортшыларына жол беріп, жалпыкомандалық есепте үшінші орын алған болатын. Әлбетте, сол кезде 20 алтын иеленген Ресей саңлақтары биыл да бабында болатын шығар. Оларды өкшелей қоюымыз екіталай. Десек те, өз елімізде өтетін додада ел намысын қорғайтын өрендерге сәттілік серік болса, жалпыкомандалық есепте екінші орынды еншілеуге де мүмкіншілік бар. Ендеше, сәттілік серік болсын!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, "Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді