«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Басты талап – табанды еңбек, сапалы білім

Басты талап – табанды еңбек, сапалы білім
ашық дереккөз
Басты талап – табанды еңбек, сапалы білім

Былтыр өңірімізде 6 мектеп, 5 балабақша, 1 мектеп пен 1 балабақшаның қосымша ғимараты пайдалануға берілді. Соның ішінде 2 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысына қаржы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бөлінген. Жалпы, білім саласының жылдық бюджеті 92 миллиард теңгені құрап, ол толығымен игерілді. Екі апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытылатын, сондай-ақ, оқушы орны тапшылығы бар екі мектептің де мәселесі былтыр шешімін тапқан. 42 білім нысаны күрделі жөндеуден, 118-і ағымдағы жөндеуден өткізілген. Бір жылдық жұмысты қорытындылаған жиында осы мәселелер сараланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. Былтырдан бастап білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастағаны белгілі. Бағдарламаның бір жылдық нәтижесі қандай? Кеңейтілген алқа мәжілісінде облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова осы сауалдардың жауабын берді. Былтыр 7763 педагог біліктілігін арттыру курсынан өткен. Оның 5949-ы жаңартылған білім беру мазмұнын терең меңгергендер. Педагогтардың 67 пайызы өз сабақтарында 20-дан астам инновациялық технологияны қолдана алады екен. Білім берудің мектепке дейінгі сатысындағы өзекті мәселе – қолжетімділік. Бала саны өсіп, орын тапшылығы сезіле бастағалы балабақшаларда кезек көбеюде. Мәліметке сүйенсек, 1-6 және 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда Меркі, Шу, Т.Рысқұлов, Қордай аудандарының көрсеткіштері облыстық деңгейден төмен екен. Бұл меже 82 пайызға жеткізілуі тиіс. «Ол үшін мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту қажет», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов. Өңір ұстаздарының жыл бойғы жұмысы сараланған жиынды қорытындылаған Ерқанат Нұрбапаұлы облыстық білім саласын бақылау департаменті өткізген аттестацияда 155 мектептің 53-і өте алмай қалғанын, 9-10 сынып оқушыларының көбісі кешенді тестілеуден сүрінгенін айтып, осының себебін сұрады. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қандай жағдай жасалып отырғанына назар аударды. Сұлушаш Сәтбекқызы аттестациялау барысында бірінші тоқсанда оқып жүрген балаларға үшінші тоқсанда өтілуі тиіс сабақтарға қатысты сұрақтар келгенін, осы мәселе бойынша мұғалімдер дер кезінде тиісті орынға ұсыныс жасамау салдарынан көрсеткіштер төмен болғанын айтып, нақты жауап берді. Ерқанат Манжуов облыстық білім басқармасының басшысына бірқатар міндеттер жүктеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар