«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астананың ара ағайындыққа себепкер болуы зор абырой

Астананың ара ағайындыққа себепкер болуы зор абырой
ашық дереккөз
Астананың ара ағайындыққа себепкер болуы зор абырой

565656Қазақ – бейбітсүйгіш бітімгер халық, көршілерімен арадағы даудың өзін елші жіберіп, екі жақты елдестіргені тарихтан мәлім. Қазіргі кезде де әлемді алаңдатып отырған Сирия мәселесіне қатысты бейтарап ұстаныммен Елордамыз Астана төрінен келіссөздер алаңын ұсынып, бітімгершілікке шақыруының осындай тарихи негізі бар. Халықаралық сарапшылар осы келіссөздің Сириядағы жағдайды реттеуге түрткі болатынынан үмітті.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт ұстанымы Қазақстанның дипломатиялық рөлін айқындай түсті. Осы арқылы еліміз әлемдік саясаттағы ықпалын көрсетіп отыр. Әлем саясаткерлері сирияаралық келіссөздер саяси диалогқа негіз салатынын айтуда. Сирия Араб Республикасы, Сирия оппозициясы, Түркия Республикасы, Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Америка Құрама Штаттары секілді бірқатар елден келген өкілдер мен БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі елшісінің Астанаға ат басын бұрып, жиын өткізудегі ең басты мақсаты – Сириядағы соғыс пен гуманитарлық апатты тоқтату. Астана келіссөзінің қатысушылары ең алдымен осы мәселені талқылайды деп жоспарланған. Осы мәселені біржақты етуге тараптардың бәрі мүдделі деп ойлаймын. Себебі, алты жылға созылған азамат соғысы 100 мыңдаған адамның өмірін қиды. Жалпы, аса маңызды және халықаралық проблемалар бойынша келіссөздер өткізуге біздің елге таңдау түсуі бекер емес. Қазақстанның келіссөздер алаңын ұсынуы Сирияда ешқандай саяси мүддесі жоқ екенін көрсетті. Ал тараптардың Астана алаңын таңдауы – осы мәселеге қатысты бейтарап ел екендігіне байланысты. Өйткені, Қазақстанның бір-бірімен қырғиқабақ болып отырған мемлекеттердің арасында ара ағайындық танытуы жалғыз бұл емес. Елімізде ішкі тұрақтылық сақталған. Қазақстан адамзатқа ортақ мәселелерді шешуде әлемдік мінберлерде батыл бастамашылдығымен әлемге танылған. Міне, енді Сирия мәселесіне қатысты келіссөзге Қазақстан тікелей араласа алмаса да, төрткіл дүниенің бір мәмілеге келуіне ықпал етіп отыр. Негізінен, бұл – ішкі, сыртқы саяси ұстанымы айқын, Астананы әлемдік қауымдастық алдында жасампаздық алаңы ретінде көрсете білген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройлы еңбегінің жемісі. Бұл кездесу тараптардың ымыраға келуіне оң ықпал ететініне сенімдімін. Астана келіссөзі Қазақстанның халықаралық саясаттағы беделін арттыра түседі деп ойлаймын. Себебі, еліміз Сирия дағдарысын реттеуде бейтарап ұстанымдағы мемлекет. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алғашқы отырысында жария етілген Саяси үндеуінде Таяу Шығыстағы проблемаларға ерекше тоқталуы – осының дәлелі.

Ордалы Қоңыратбаев, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Ж.Баласағұн атындағы  «Түркістан өлкесі» тарихи зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Ұқсас жаңалықтар