«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЕУРАЗИЯ КІНДІГІНДЕГІ КЕЛІССӨЗДЕН КҮТЕР ҮМІТ КӨП

ЕУРАЗИЯ КІНДІГІНДЕГІ КЕЛІССӨЗДЕН КҮТЕР ҮМІТ КӨП
ашық дереккөз
ЕУРАЗИЯ КІНДІГІНДЕГІ КЕЛІССӨЗДЕН КҮТЕР ҮМІТ КӨП

DSC6380Бейбітшілікті ту еткен біздің ел берік бейтарап ұстанымымен жаһандық қоғамдастықтың сеніміне ие болып, Сирия мәселесі бойынша мүдделі тараптарға келісім алаңын ұсынып отыр. Басты тараптарды бір үстелдің басында тоғыстыратын бұл жиынға үлкен үміт артылып отырғаны анық.

Бітімгершілік мақсатта келіссөз өткізу үшін таңдау Астанаға түскені саясат сахнасында Қазақстанның зор сенімге ие ел екендігін, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биік абыройын көрсететіні сөзсіз. Жалпы, Сирияда сонау 2011 жылдың көктемінде қарулы қақтығыстар басталып, содан бері оқ-дәрінің түтіні сейілмей жатқаны, бейбіт халықтың жапа шегуі халықаралық қоғамдастықтың, әлем жұртшылығының назарын аударып, жан күйзелтіп отырған жайт. Тарихы сонау біздің дәуірімізге дейінгі кезеңнен тамыр тартатын, ежелгі өркениет ошақтарының бірі саналатын елдің бүгінгі тағдырына бей-жай қарау мүмкін емес. Талай аңыз-әңгімелерге, жыр-дастандарға арқау болған, әдебиет пен ғылым дәуірлеп, даналар мен даналықтың ордасына айналған құт мекен… Иә, адамзат тарихындағы көне өркениеттердің кіндігі саналған өңір қазір қарулы қақтығыс ошақтарының біріне айналып отыр. Кезінде кеудесіне тылсым сыр мен тұмса даналықты толтырған, сәулет ескерткіштері әлем жұртының сүйінішін тудырған Шам елі бүгінде соның бәрінен ада болып, қирандыға айналуда.

Астанадағы кездесуде Сирияның бірқатар аудандарындағы қарапайым халық үшін гуманитарлық көмек жеткізу сынды аса маңызды мәселе қарастырылмақ. Беделді саясаттанушылар айтып өткендей, тараптардың ымыраға келуге, бейбітшілік орнатуға қадам жасауға ниетті екендіктері байқалды. Ал келіссөздер барысында аласапыран аймақтағы бірқатар аудандарға қатысты бейбіт байлам жасалып жатса, бұл үлкен табыс болмақ. Сөз жоқ, бұл соғыс өртіне шарпылған миллиондаған қарапайым халық үшін үлкен қуаныш болар еді. Апталап-айлап ауыз су мен азық-түлік тапшылығын, тиісті медициналық көмек пен дәрі-дәрмек зәрулігін көріп жатқан халыққа көмек қолы созылса, адами тұрғыда бұл да бір сауапты іс болмақ. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген өткен жылдың соңындағы деректерге үңілсек, қақтығыс басталғаннан бергі аралықта 300 мыңнан астам адам опат болып, 1 жарым миллионнан астам адам жарақат алыпты. 1 миллионнан астам сириялық туған елінен бас сауғалауға мәжбүр болса, тағы 5 миллионнан астам адам үй-жайын тастап, қолына ілінген мүлкін арқалап, атамекенінің аумағында сая таппай босып жүр. Инфрақұрылымы түгелге жуық қирап, қатынас қиындаған елден кете алмай қалғандардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, әрбір бес адамның төртеуі кедейлік құрсауында. Тоя тамақ ішуді айтпағанда, жай ғана ауызсуға жарымай, лас суды тұтынуға мәжбүр. Бабаларымыз Шам елі, Шам шаһары деп әспеттеген, жыр-дастандарға, аңыз әңгімелерге арқау еткен елдің бүгінгі жай-күйі әлемдік қоғамдастықты алаңдатып отырғаны түсінікті. Бұл орайда, Астананың қашанда бейбітшілікті қолдайтын, өзінің бейтарап ұстанымына берік ел ретінде келіссөз алаңын ұсынып отырғанын өте орынды қадам деп бағалаған ләзім. Еуразия кіндігіндегі келіссөз кезінде қандай да бір оң шешімге тоқталып, тараптар татулықтың туын желбіретер болса, саясат сахнасында Сарыарқа төсіндегі Қазақ елінің абыройы тағы бір үстем болары ақиқат.

Ерболат САУРЫҚОВ, Тараз инновациялық- гуманитарлық  университетінің ректоры,  облыстық мәслихаттың депутаты.

Ұқсас жаңалықтар