Қытайға қол соқтырған Димаш

Қытайға қол соқтырған Димаш
ашық дереккөз
Қытайға қол соқтырған Димаш

Қытайдың Чанша қаласында өтіп жатқан «I’m a Singer» («Мен әншімін») халықаралық байқауына қатысып жатқан қазақ баласы Димаш Құдайберген 1 жарым миллиард халқы бар алып елдің өнерсүйер қауымы мен музыка майталмандарын қайран қалдырды. 14 кезеңнен тұратын өнер аламанының алғашқы айналымында әлемдік деңгейдегі классикаға телінген «SOS d’un terrien en détresse» атты әйгілі француз әнін шарықтата, қалықтата шырқаған Димашқа қол соқпаған адам жоқ. Тіпті, тағдырлы әннің мазмұнына, әншінің талғамының биіктігіне, орындау шеберлігіне тамсанған байқау қазыларының өзі жанарларына жас алды. Сонау бір дәуірде Парижде француздарды Әміре таңғалдырса, Қытайда қазақтың Димашы әлемнің назарын өзіне аударды. Бұған дейін халықаралық «Славян базары» байқауында жеңіске жетіп, қазылар тарапынан «ғажап әнші» деген баға алған Димаш Құдайберген Қытай халқын әлі де қайран қалдыратыны анық. Ғаламдық деңгейдегі классикалық туындыларды еш қиналмай құбылтып, жоғары ноталарды еркін алатын оның даусы 5 октаваға дейін жетеді дейді білетін мамандар. Қытайда өтіп жатқан өнер додасының алғашқы кезеңінен кейін-ақ, аспан асты елінің басылымдары «Қытайды қазақ баласы баурап алды» секілді тақырыптарда түрлі мақалалар жариялап та үлгерді. Кілең кәсіби әншілер топқа түскен бұл байқауға Димаш Құдайбергенді ұйымдастырушылар аттай қалап шақыртыпты. Үміт пен сенім жүгін арқалаған ол осы додада топ жаратынына сенімдіміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар