Гранаткин кубогінде жамбылдық жампоз «Үздік шабуылшы» атанды
Қазақ футболы құрдымға кеткен дегенді жиі айтушы едік. Он тоғыз жасқа дейінгі бозбалаларымыз сол қалыптасқан тіркестің «талқанын» шығарды. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Гранаткин мемориалы» турнирінде қазақ оғландары жасындай жарқырай білді. Топтық кезеңде Әзірбайжанмен 2:2 есебімен тең түскен сәтте кәдімгідей қобалжып қалғанбыз. Осы ойында жамбылдық бозбала жасындай жарқырады. Ол – Еркебұлан Сейдахмет! Кездесуде гол да соқты, командаға он бір метрлік айып добын да алып берді. Шыны керек, №46 мектепте оқитын Еркебұлан допқа иелік еткенде 18 жасқа дейінгі деген аты бар бірақ, келбеті үлкен көрінетін қарсыластар сасып қалады. Екі-үш ойыншыдан жалт беріп, айналып өткенде риза болмай көр! Бұдан кейін шешуші ойында Қазақстан құрамасы Литва құрамасының өрендерін 2:0 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Бұл ойында да Еркебұлан ерледі. Он алты метрлік сызықтың сыртынан алыс тоғыздыққа теңбіл допты айналдырып, бағыттай салды. Бозбала дейміз, техникасы үлкендерден кем емес-ау... Гол! Қазақ ертегісі мұнымен түйінделген жоқ... Ширек финалда қазақ оғландары Словениядан келген құрдастарын 2:0 есебімен ұтып, жартылай финалдың жолдамасына иелік етті. Қазақстандық футболшылардың жанкештілігі көз сүйсінтті. Жартылай финалда Қазақстан құрамасына Грекия құрамасы қарсы тұрды. Тағы да Тараз футбол мектебінің түлегі ойын тағдырын шешті. Иә, гол соққан жоқ. Бірақ, қарсыластарының басын айналдырып жіберетін Сейдахметтің финттеріне шыдас бермеген гректер ойын ережесін бұза берді, бұза берді. Төрешінің де шыдамы таусылып, 11 метрлік айып добын белгіледі. Айдос Орал мүлт кеткен жоқ. Қазақстандық команда ойынның бірінші бөлігінде қарсыластарынан кем түспей, басымдық танытты. Үзілістен кейін отандастарымыз тарапынан бір ойыншы алаңнан қуылғанына қарамастан, қазақ жігіттері есепті 2:0-ге жеткізген-ді. Тағы да Еркебұлан Сейдахмет. Айып алаңында ашық қалған Айдос Оралға пас берді. Орал есепті еселеді 2:0. Бұдан соң 2004 жылы еуропа чемпионы атанған грекиялық бозбалалардың ағасының тактикасын қазақ балалары өздеріне қарсы қойды. Сол кезде грек ертегісінің авторы атанған эллиндіктер гол соққан соң қорғанысқа жамбастап жатып алатын. Біздің жігіттер де сол тактиканы қолданды. Гректердің шамасы 1 гол соғуға ғана жетті. 18 жасқа дейінгі Қазақстан бозбалалары финалда Ресейге 0:1 есебімен жол берді. Бұған дейін қазақ футболшылары топтан шыға алмай жүргенін ескерсек, күмістің өзі бізге ертегідей көрінгенін жасыра алмаймыз. Қазіргі кезде Еркебұланның ойынына қызығушылардың қарасы көбейіп кетті. Турнирдің «Үздік шабуылшысы» атағын алған мектеп оқушысын шетелдік скауттар мен агенттер де жіті назарда ұстап отыр. Бозбаланың болашағы қалай болар екен?
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді