Бокстан жастар арасында облыс біріншілігі өтті. Биыл біріншілікте 68 саңлақ чемпиондық атақты сарапқа салып, үздіктер анықталды. Біріншілік барысын қалт жібермей бақылап отырған облыстың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Нұржан Қондыбаев облыс чемпионаты туралы ойымен бөлісті: «1999-2000 жылы дүниеге келген боксшылар арасындағы біріншілік тартысты өтті. Биыл қатысушылар саны аз болғанымен, спортшылардың техникалық сапасы жоғары. Додаға қаланың балалары түгелімен қатысып жатса, өкінішке қарай, Жуалы, Тұрар Рысқұлов аудандарының боксшылары белгілі себептермен бақ сынап жатқан жоқ. Қордайдан бір боксшы бар. Аудандардан көбірек спортшылар келсе, жарыс тартысты өтер еді. Дегенмен, қаланың атынан шығып жатқан өрендердің көпшілігі ауылда туғандар. Бірі жоғары оқу орнының түлегі болса, енді бірі колледж студенті. Десек те, жасөспірімдер арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Хуршедшох Искандаров, Азия біріншілігінің қола жүлдегері Эльдиар Қамшыбеков, Азияда атой салған Алдияр Тұрсынәлілер жарыс көркін қыздырды. Сондай-ақ, 56 келідегі Жарқынбек Әлібекті үлкен додадан топ жарып келген соң, бұл сыннан босаттық. Ол өзге жарысқа дайындалуда. 75 келідегі Мұқағали Оралбаев бастаған оғландар да жанкүйерлер үмітін ақтап келеді», – дейді бапкер. Тартысқа толы өткен облыс біріншілігінің ақтық сынында бірқатар мықты өрендер өсіп келе жатқанына куә болдық. 46 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Дмитрий Жұмағазиев 3 раунд бойы бір деңгейде шабуылдап, жылдамдығымен дараланып, Айдос Асқарбековтен айласын асырып, облыс чемпионы атанса, 49 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Еламан Бадамбай мен Асқан Қайсар арасындағы жекпе-жек те көңілден шықты. Бұл кездесуде меркілік Еламан Бадамбайдың мерейі үстем болып, дода жеңімпазы ретінде танылды. 52 келі салмақ дәрежесінде ақтық сында таластық Руслан Саудан мен тараздық Жандос Әлібаев бақ сынасты. Русланның соққылары қарсыласына қарағанда дәл тиіп, таластық талант чемпиондық атаққа қол жеткізді. 56 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Айдын Баттал мен Қабылбай Сапарбай арасындағы жекпе-жек те жұртшылықты тәнті етті. Екеуі де ойдағыдай өнер көрсетті. Нәтижесінде Қабылбай Сапарбай облыс чемпионы атағын иемденді. 60 келі салмақта сынға түскен Жомарт Махамбет қарсыласы Еламан Ергешовтан басым екендігін байқатып, тұғырдың бірінші сатысына көтерілді. Ал 64 келі салмақ дәрежесіндегі оғландар сынында Ерсұлтан Асқармен қолғап түйістірген Айбек Сатыбалды облыс чемпионы болып танылды. Қазақтың төл салмағы саналатын 69 келіде рингке көтерілген Алдияр Тұрсынәлі Сабыралы Мақұлбековтен мықты екенін дәлелдеді. Жалпы, Азия біріншілігінде олжа салған Алдиярдың алар асуы әлі алда. Шаршы алаңда оның тәжірибелі екені бірден аңғарылып тұрды. Арақашықтықты әдемі сақтай жүріп, жүйелі шабуылдар ұйымдастырғаны жанкүйерлерді риза қылды. Алдияр Тұсынәлі чемпион! 75 келіде рингке шыққан Мұқағали Оралбаевқа жұртшылық тәнті болғаны анық. Нариман Ұзақбаймен қолғап түйістірген ол қарсыласын бір мәрте есеңгіретіп те алды. Соққылары жойқын Оралбаев боксқа келгенге дейін кикбоксингпен шұғылданған екен. Енді, міне, бокста да үлесі бар екенін танытып, чемпион атанып отыр. 81 келі салмақ дәрежесіндегі финал нағыз айқасқа айналды. Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Хуршедшох Искандаров пен Азия чемпионатының қола жүлдегері Эльдиар Қамшыбеков өте тартысты жекпе-жек өткізді. Бірінші раундтың гон үні естілгеннен соңғы секундқа дейін шабуылда болған қос оғланның жекпе-жегі бокс мектебіне жиналған жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Бұл кездесуде қарсыласына қарағанда дәл соққыларын көбірек дарыта білген Эльдиар топ жарды. 91 келі салмақ дәрежесінде Хамзат Халиулламен жұдырықтасқан Манас Адайбаев облыс чемпионы атағына қол жеткізді. Әлбетте, облыс чемпионатында шеберлердің бақ сынайтыны белгілі. Әйткенмен, +91 келіде боксшылардың жарыс жолына шықпауы, 91 келі салмақта тек екі боксшының топқа түскені сала мамандарын ойландыруы керек-ау. Рас, Эльдиар Қамшыбеков, Хуршедшох Искандаров, Алдияр Тұрсынәлі бастаған оғландардың додаға түсіп жатқаны көңіл қуантады. Дегенмен, ауылда жүрген атан жілік, апайтөс балаларды аудандардағы жаттықтырушылар тап басып тани алса, Жамбылдың да өз Иван Дычкосы, Василий Левиті шығар ма еді?
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді