Лев Толстой жандүниесінің жұмбағы да әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр. Ол неге шіркеу салтанаттарына, оны ұстанушыларға қарсы шықты? Ол неге бар жиған-терген дүниесінен бас тартты? Ол неге жалаң аяқ, жалаң бас жүрді? Ол неге дін мен сенім туралы жаза бастады? Сауал қоя берсең сыры беймәлім мәселе өте көп. Бажайлап қарасақ, өмірінің соңына дейін санасы мен жанына тыныштық бермеген мәселе «адам өмірінің мәні неде?» деген сұраққа жауап іздеу болған сияқты. «Айталық, сенің Самара губерниясында 6000 гектар жерің мен 300 бас жылқың болды делік. Содан кейін не?»; «Айталық, Гогольден, Пушкин мен Шекспирден, Мольерден асқан атақты болдың делік. Одан кейін не?» деген сынды сауалдарды «Не үшін?» деген сұрақтың төңірегіне иіп әкеледі. Өзінің тылсым әлеміне тым терең бойлап кеткен ол бұл өмірдің мәнін іздеуден жалығып, өз-өзіне қол салу туралы да ойлай бастайды. Алайда, оны беймәлім күш ұстап тұрады. Жарық дүниеге адам не үшін келеді? Өмірдің мәні бар ма? Бар болса, неде? Жоқ болса, неге? Өмірдің мәні жоқ болса, өмір сүріп керегі не? Толстойдың өзіне-өзі арқылы бүкіл саналы адамзатқа бағыттаған сауалдар тізбегі осылайша жалғасып кете береді және олар жазушының бүкіл көркем және философиялық шығармаларының желісі болды. Осы мәселелер тереңірек тексерілетін еңбектердің бірі – «Исповедь». Өз өмірінің негізгі кезеңдеріне шолу жасай отырып, өмірінің мәні туралы сұраққа жауап іздеуге тырысқан Л.Толстой өз жанының күйзелісі арқылы бізге осы мәселенің бүкіл трагедиялық сипатын жеткізеді. Л.Толстой да өзін мазалаған мәселелерге жауап іздеу үшін философияға жүгінеді. Сократ, Шопенгауэр, Соломон сияқты ойшылдардың өмір туралы ойларын қорытады. Бұл мәселе олардың да тынышын кетірген «мәңгілік» сұрақ екендігіне көз жеткізіп, бірте-бірте осы тығырықтан шығу жолдары туралы салмақты көзқарас қалыптастыра бастайды. Өзін қоршаған адамдардың өмір сүру салтын, өмірдегі мақсаттарын және ақыл-ой деңгейін асықпай бақылаған жазушы оларды өмірдің мәні туралы ойлану қабілетіне қарай төрт топқа бөледі. Олар: ештеңе білмеу жолы; эпикур жолы; күш пен энергия жолы және әлсіздік жолы деп аталады. Ал атақты тұлғаның діни көзқарасы, бұл саладағы тылсым әлемі, тіпті, өзгеше. Ол өмірлік сұрақтар қатарында Құдай мен дін жайында да көптеген пікірлер білдіріп, сауалдар қояды. Мысырлық дінбасы Мұхаммед Абдуллаға 1904 жылы жазған хатында: «Менің насихаттап жүрген дінім – сіздің дініңізбен бірдей. Ол діннің ұстанған шарты – Құдай мен оның жолдаған заңдарын мойындау, жақыныңды сүю, өзіңе қандай жақсылықтың жасалуын тілесең, өзгеге де соны жасау. Менің ойымша, адамзат тарихындағы барлық діни ұстанымдар осыдан келіп шығады. Сондықтан, ол ұстанымдар еврейлер, браминдер, буддашылар, христиандар мен мұсылмандарға бірдей қатысты», – деп жазған екен. Осылай дей келіп ұлы жазушы Лев Толстой ойын одан әрі былайша сабақтайды: «Менің ойымша, дінге толып жатқан қосымшалар, ғажайып сипаттамалар, ырымшылдық атаулы көбірек таңылған сайын, ол қоспалар адамдарды бір-бірінен алшақтатып, тіпті бір-біріне деген дұшпандық сезімін туындатады. Ал керісінше, неғұрлым әлгіндей қоспалардан арылып, тазарған сайын ол діндер адам баласының ең басты мақсатына, яғни, адамзаттық бірігуге соғұрлым жақындай түсер еді...». Осы хат жазылардан 3 жыл бұрын, яғни 1901 жылдың 20 ақпанында «Церковные ведомости» газетінде Синодтың жазушы Лев Толстойды шіркеуден аластау жөніндегі шешімі жарияланған. Ал шешім Ресейдің барлық шіркеулерінде келушілерге хабарланған еді. Сол себепті ұлы жазушы өз еліндегі шіркеулерден аластатылып, ол өмірден өткеннен кейін бейітінің басына крест те қойылмады. Жалпы, ұлы тұлғаның мұсылмандарға, түркі халқына рухани жақындығы, оның көзқарастары мен түсінік-пайымдарында көп байқалады. 1862 жылдың мамыр айында жан күйзелісіне ұшыраған ол Башқұртстанның Каралык жайлауына ем алуға келеді. Онда Толстойдың денсаулығын түзеуге қымыздың көп көмегі тиеді. Мұндағы өмір салты мен қымызды соншалықты ұнатқан ол осы аймақтан арнайы жер сатып алып, отбасымен келесі жылдың жазын жайлауда бірге өткізеді. Жалпы, жазушының тылсымға толы өмірінде қызықты деректер өте көп. Оның әлдеқандай қиялға беріліп ел кезіп кетуі, адамдармен жақындаса түсу үшін жалаң аяқ жүруі, ет жеуден бас тартуы, және өмірінің соңғы жылында, яғни 1910 жылы «сексен жылдан кейін барлық адамдар вегетариан болады, олар ет жеуге адам жеген секілді жиіркенішпен қарайды» дегенді айтып, сөзінің ақиқатқа айналатынына үміттенуі секілді көптеген деректер ұлы адамдар өмірі тылсымға толы екенін тағы бір аңғартса керек.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді