Қырқында қыр асқан азамат

Қырқында қыр асқан азамат
ашық дереккөз
Қырқында қыр асқан азамат

Нұрлан 5 кәсіпорынға бас болып отыр

уалихан-материалынаЕрінбей еңбек еткеннің ғана жұмысында береке болмақ. Мойынқұм ауданында бүгінгі таңда жеке кәсіппен айналысып жатқандардың қатары артып келеді. Аудан орталығында бес бірдей кәсіпкерлік құрылымды бір көшенің бойына орналастырып, жұмысын жандандырып отырған Жұмановтар отбасына ауыл жұрты дән риза. Өйткені, олар тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап, қалтқысыз қызмет көрсетуде. «Әр қиындықтың бір жеңілдігі бар» демекші, осыншама жетістікке жетудің оңайға түспегені белгілі. Жеке кәсіпкер Нұрлан Жұманов 1973 жылы Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылында дүниеге келген. «Малшылардың маршалы» атанған Ж. Қуанышбаев шыққан, шөбі шүйгін, шұрайлы өңір тұрғындарының басым дені бүгінде мал өсірумен айналысады. Ата кәсібіміздің өзінің де, өзгенің де өзегін талдырмайтынын Нұрлан нарықтық қарым-қатынастарға көшудің бастапқы кезеңінде-ақ жақсы ұғынғандай. Ол 2001 жылы өзінің «Береке» шаруа қожалығын ашқанда, иелігінде 30 сиыр, 35 жылқы болған еді. Мал баққанға бітетіні рас. Аз жылда-ақ қожалық иесі мүйізді ірі қарасының санын 150 басқа жеткізген.

IMG_9969Дегенмен, оның осынау шаруасын одан әрі қарқынды өрістетуіне денсаулығы мүмкіндік бермей, мал өсіруден біраз жыл қол үзе тұруына, қожалығы жұмысын тоқтатуына да тура келген. Екі қолға бір күрек қайдан да табылады ғой. Ілкімді азамат ойлана келе ауыл орталығынан қызмет көрсету орындарын ашып, жұмысын жандандыруды қолға алады. Табыс табудың бір жолы сауда-саттықта деп шешкен ол қолында бар малын сатып, одан түскен қаржыға 2007 жылы аяқ-киім мен автобөлшектер сататын дүкендер мен сән салонын ашты. «Ол кезде ел кейбір автокөлік бөлшектерін ауылдан таппай, қалаға барып, әбігерге түсетін. Қазір қосалқы бөлшектің қандайын болсын ауылымыздан, біздің дүкенімізден таба алады. Әр жұмыстың ауыры мен жеңілі қатар жүретіні рас. Мәселен, ауыл тұрғындары мәдениетті болғысы, бой-басын түзеп, сәнді киініп жүргісі келмейді дейсіз бе? Алайда оларға мұндай қызмет көрсету орындары жоқтың қасында еді. Тіпті, ауданда шаш алдыратын орындардың өзі тапшы соқты. Рас, кейбір шаштаразшылар үйінде отырып жұмыс жасайтын. Халық жайсыз, суық бөлмелерде сырт киімімен отырып шашын алғызатын кезең еді ол. Сондықтан, бөлмелері жылы әрі жарық сән салонын ашуға нық бекіндім. Мақсатым орындалды. Қазір бұл істің игілігін ел көруде» дейді кәсіпкер азамат. «Кәсіптің көзін тапқан нәсіптің өзін табады» деген сөз, тегі, рас. Нұрлан мұнымен де шектелмей, өзінің кәсіпкерлігі желісін кеңейту мақсатымен 2013 жылы арнайы жер телімін сатып алып, ол аумақтан көлік жуу, жөндеу, доңғалақтарды теңестіру және желімдеу орындарын ашты. Аталған орындарда бүгінде 4 адам жұмыспен қамтылып отыр. Осылайша бір өзі бес бірдей кәсіпкерлік құрылымының тізгінін қолына ұстап, халыққа қызмет көрсету саласының қиындығын да, қызығын да басынан өткеріп, еңбекте ысылған Н. Жұманов кәсібін жаңадан ашушылардан да ақыл-кеңесін, көмегін аяған емес. Ақ, адал еңбегінің жемісін татып, жетістікке жету үшін оларға ең алдымен төзімділік, еңбекқорлық, ауызбіршілік және қаражат қажет екенін де жиі айтып отырады. Оның айтуынша, көлік жөндеу, жуу, желімдеу жұмыстары кімге де болсын жеңілге түспейді. Ауылды жерде бұл істің ысылған нағыз ісмер маманы әлі де тапшы. «Жұмыстың жаманы жоқ. Тек жастардың қарапайым кәсіптің өзіне мамандануға мойны жар бермейді. Еңбектің мәнін, қадірін ұғыныңқырамайды. Біздегі жұмысшылардың тез ауысып жататыны сондықтан. Бірі келеді, бірі кетеді. Кейде жай ғана жөндеушінің өзін таба алмай қиналамыз» дейді ол. Оның алдағы уақытта шаруа қожалығын қайта қалпына келтіріп, мал шаруашылығымен де айналысуы мүмкін. Өйткені, бұл салаға мемлекеттік несиелеу бағдарламалары аясында көрсетіліп жатқан қолдау да, көмек те мол. Бүгінде қиян түкпірдегі ауылда тұратын ерлі-зайыпты Нұрлан мен Мәрзия екеуі отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, істің көзін таба білудің арқасында бақуатты тұрмысқа да қол жеткізіп отыр.

Уалихан ЖАЙЛАУ,

"Ақ жол".

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар