Бақсылық – ежелгі түсінік бойынша тылсым әлеммен байланыс жасай алатын, тәуіптік, балгерлік, сәуегейлік, көріпкелдік, сиқыршылық тағы басқа да ерекше қасиеттері бар адам. Ол ертедегі шаман дінінен сақталған ұғым. Сол кездегі сенім-наным бойынша жан иесі тұрпайы денеден және нәзік болмыстан тұрады. Адам өлген соң тұрпайы денесін тастап, нәзік болмысымен жан баласы көріп-біле алмайтын жаңа бір әлемге рух түрінде өтеді; ол әлем — фәни өмірдің жалғасы, сондықтан рух онда түрлі қалыпқа еніп, әрекет жасайды; бұлар табиғат құбылыстарына да әсер етіп отырады деп түсіндірілді. Қазақтар олардың жақсылық істерді басқаратындарын әруақ, періште, перизат, т.б. десе, жамандық істерді басқаратындарын пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ, т.б. деп атайды. Осы көне сенім бойынша Бақсы — әлгі тылсым әлеммен байланысқа еніп, ондағы түрлі рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын адам. Бақсыларға тән айрықша қасиеттердің бірі — емшілік (тәуіпшілік). Шығу тарихы отқа табыну мен шамандықпен тығыз байланысты психологиялық емдеу тәсілдерін әр елдің бақсылары сол халықтың өзіне тән ерекше әдістер арқылы қолданған. Мысалы, қазақ бақсылары қобызда ойнап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығару, түсініксіз жыр жырлау, “жынын шақырып” зікір салу немесе гипноздық, жонглерлік, т.б. “керемет” көрініс, әрекеттер жасау арқылы емделушінің жүйке жүйелеріне әсер ете отырып емдеген. Табиғаттың құдіретті күштеріне иландырады, өзіне баурап алады. Әрине, бұл іс әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен табиғи дарын, қасиет керек. Бақсылар емшілікпен қатар, балгерлікпен де шұғылданған. Олардың келешекті болжайтынына, адамның тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын-шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрын да, кейін де сенді. Оған негіз де жоқ емес еді. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр. V ғасырдағы ғұн патшасы Еділдің айналасында көптеген даңқты Бақсылар болған. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырады екен. 451 жылғы Каталаун шайқасының тағдырын Бақсылар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген. Бақсылық тұқым қуалайды, ол адал, жаны таза, иманды адамдарға қонады, өз жолын дұрыс ұстай алмаса “қасиеті таяды” немесе “бақсылық буып” кемтар болып қалуы да мүмкін делінеді. Бақсылардың алдамшы, көзбояушы емес, психикалық жаратылысы ерекше жандар екендігі – ғылыми тұрғыда дәлелденген. Адамға бақсылық қонғаннан кейін тазалық сақтап, бойына қонған жындармен көмекші рухтарын үнемі риза қылып, «ренжітпеуі» талап етіледі. Олай істемеген жағдайда ол адамды «жын буып», ауруға душар етеді. Неғұрлым күшті бақсының жындары да көп әрі әлеуетті деп саналады. Қазақта ең атақты Бақсы бағаналы Қойлыбай – барлығының пірі, қорғаушысы. Жамбыл облысында да Жайнақ, Айтқожа, Кенжеқыз, Балбике, Ахметбек, Сәлима, Орал, Қалдықыз, Күләнда, Ақжігіт, Ұмсынай, Қымқан, Шайымхан, Сәрсенкүл, Сарыбек, Ырыс, Әлима, Сейсекүл, Тентегүл есімді бақсылар дүниеге келіп, облыстың әр өңірінде осы бақсылық қасиетті жалғастырған.
Жуалы ауданында дүниеден өткен Қалдықыз бақсы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді