Адамзат баласы бағзы заманнан-ақ мысықты сиқырлы жануар деп ойлаған. Ежелгі мысырлықтар мысықты фәни мен бақиды жалғастырушы деп есептеді. Сол кездегі сиқыршылар «мысықтың көзі басқа әлемнің көрінісі, өзге дүниеге апаратын жол», – деп сенді. Әлемнің әр еліндегі халықтар мысыққа байланысты сан алуан салт-дәстүрлерді өмірге енгізіп, бұжытпай орындайтын болды: орыс халқы жаңа үйге, пәтерге қоныстанар алдында сол баспанасына әуелі мысықты кіргізеді. Мұндағы наным-сенім: мысық үйді тылсым күштерден тазартады. Көп халық «қара мысық алдыңды кесіп өтсе, жолың болмайды», – дейді. Қазіргі қазақтар да оған иланады. Халықтың мұндай наным-сенімінде құпиясы толық ашылмаған сырлар көп. Өйткені, қандай да таным, түсінік тектен-текке пайда болмайды. Соған кейбір халықтардың ескі аңыздарында мысықтың үйдегі тылсым күштермен, үй иесімен сөйлесетінінің айтылуы, жазылуы нақты дәлел. Иә, қазір де көп адам, олардың ішінде тылсым дүние сырларын зерттеушілер: «мысық адам көзіне көрінбейтін тылсым дүниені көре алады, онымен байланыста болады», – деп ой қорытады. Олардың дәлелдеуінше, мысықтар біздің өмір сүріп отырған әлемімізді жұлдызды әлеммен жалғастырып, адамдарды тылсым күштерден қорғай алатын қасиетке ие. Мысықтың алдыңды кесіп өтуі саған кесірін тигізейін дегенінен емес, керісінше, сені төніп тұрған қауіп-қатерден сақтандырып, сездіргені, өзіңді қорғауға тырысқаны дейді зерттеушілер. Олардың дәлелдеуінше, қара түсті мысықтар өзге түсті мысықтарға қарағанда тылсым күштерге қарсы тұруға өн бойында қуаты мол, әрі өте қабілетті. Сондықтан да бірқатар экстрасенстер үйлерінде тек қана қара мысықтарды ұстайды. Олай болса, қара мысықтың теріс энергияны жұтып алатын қасиетін біліп, оны ұнатпауымызды қоялық. Алайда, есте болатын бір жағдай, мысық иесіне ит тәрізді сенімді де адал серік бола алмайды. Өйткені, мысық әу баста жер бетінде тышқан аулау үшін емес, басқа мақсат үшін жаратылған. Яғни, оның негізгі мақсаты: бойындағы таңғажайып сиқырлы күшімен, ерекше қасиеттерімен өзі тұратын үйді жын-шайтаннан, теріс энергиядан сақтау. Егерде бөтен бір мысық үйіңе келіп, ішке енгісі келсе, оны кері қумау қажет. Себебі, ол өзінің сиқырлы қызметін жүзеге асырып, сол үйді аластау үшін іздеп келіп отыр. Бұл әрине, тылсым күштерді зерттеушілердің пікірі. Оған сену, сенбеу әркімнің өз ықтиярында. Мысықтың құпия қызметін, қасиетін зерттеп, ой-пікір айтушылардың әңгімесіне назар аударсаңыз, «мысықтар өз иесін өлімнен де арашалап алып қала алады». Бұл орайда олар Леонид Ильич Брежневтің қара мысығының оны екі рет ажалдан сақтап қалғанын мысал етеді. Бұл оқиғалар былай болған көрінеді: Л. И. Брежнев 1969 жылы Үндістанға іс-сапармен барады. Сонда Далай-Ламамен кездеседі. Ол Бас хатшыға ерекше қасиеті бар бір қара мысықты сыйға тартады. Бір күні әлгі мысық иесін жұмысқа жібергісі келмей, оны айналшықтай береді. Мысығының бір жаманшылықты сезгенін іштей ұққан Брежнев қызметтік автокөлігіндегі өзі отыратын орынға емес, басқа орынға отырады. Бас хатшының автокөлігі апатқа ұшырап, өзінің орнында отырған адам жанындағысымен бірге ауыр жарақаттанады... Келесіде қара мысығы тағы да оның жолын кес-кестеп, шыр айналып, жаманат хабарды сездіреді. Бұл жолы Бас хатшы жұмысқа бармай қойып, сол күні автокөлігі жүк машинасымен соқтығысып, жүргізушісі опат болады. Л. И. Брежневтің қара мысығы 1962 жылдың көктемінде өліп, екі айдан соң иесі де көз жұмады.
Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді