Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы басымдық берілген бағыттың бірі – құқықтық реформа. Яғни, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындау және құқық тәртібін нығайтуда ауқымды шаралар жүргізілуі тиіс еді. Өткен жылы сот жүйесін жетілдіру, судьялардың мәртебесін көтерудің Ұлт жоспарында көрсетілген нақты қадамдары қалай жүзеге асырылды? Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде өткен «Сот құқықтық реформасы» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» осы мәселелер сөз болды. «Дөңгелек үстелге» Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Бақытжан Әбдірайым, облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев, Қазақстан Республикасының Судьялар Одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Жоғарғы Сот кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ілияс Рамазанов қатысты. Жиында модератор, Мәжілісмен Бақытжан Әбдірайым Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің негізгі міндетіне тоқталып, бірқатар қолданыстағы заңнамалардағы, қылмыстық-процестік кодексіндегі өзгерістерді түсіндірді. Сот жүйесін жетілдіруде қолға алынуы тиіс нақты шараларды тілге тиек етіп, тергеу судьясының қылмыстық процестегі атқаратын рөлі мен олардың өкілеттілігі жайлы әңгімеледі. – Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру арқылы бірқатар салаларда айтулы жетістіктерге қол жеткіздік. Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінде тұғыры берік, мықты – тәуелсіз мемлекет құрдық. Біз Қазақстанның азаматтарымыз деп мақтанышпен айта аламыз, – деді ол. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бұл шараның ауқымы, көтерген мәселелерінің өзектілігі жағынан үлкен мәнге ие болып отырғанын сөз етті. – Жиынға Мәжіліс депутаттарының, Жоғарғы сот судьялары, жоғарғы сот кеңес өкілдерінің қатысуы оның мәртебесін айқындап отыр. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының түптеп келгендегі мәні – болашағы біртұтас ел қалыптастыруды, тәуелсіздігін нығайту және оны мәңгілік етуді көздейді. Елбасының бес реформасын жүзеге асыру бағытында өңірімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Өткен жылы облыс экономикасының барлық салаларында көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізілді. Былтыр мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында 870-ке жуық мемлекеттік қызметші оқытылды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 2000-нан астам жергілікті атқарушы органдардың Б корпусының әкімшілік қызметшілері аттестаттаудан өткізілетін болады. 5 институционалды реформаны іске асыру – әлемдегі экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан елімізді одан әрі қарқынды дамытуға жол ашары анық. Бүгінгі саралап айтылған ортақ ой-пікірлеріңіз осыны дәлелдей түседі, – деді Бекболат Серікбекұлы. Облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев Ұлт жоспары аясында іс жүзінде нақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік беретін көптеген заң күшіне енгенін айтып, жаңғыртылған заңдар қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыратынына сенім білдірді. – Бүгінде судьяларға қойылып отырған біліктілік талаптары күшейтілді. Үміткерлерді таңдаудың жаңа жүйесі жасалды. Заманымыз жаңарып, заңдарымыз жетіліп, билігіміз бен бірлігіміз жарасып, тірлігіміз берекелі бола түсті. Судьялар өздеріне жүктелген жауапты да зор міндеттерін абыроймен атқара береді, – деді ол. ҚР Судьялар Одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков Ұлт жоспары бағыттарының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету екенін қозғап, Президент Н.Назарбаевтың судьялардың VII съезінде тиімді және заманауи сот құрылысын қалыптастыру – тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі деп атап көрсеткенін сөз етті. – Судьялардың съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Судьялардың халықаралық қауымдастығының Қазақстан Судьялар одағын толыққанды мүшелікке қабылдауы – біздің сот жүйесін реформалауда жеткен жетістіктеріміздің мойындалуының белгісі... Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басты межелерінің бірі – осы. Ендеше, міндеттеріңіз айқын, бағыттарыңыз белгілі. Өздеріңізге артылған үмітті ақтап, адал жұмыс істейтіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ төрелік пен адал қызмет серік болсын», – деген еді. Судьялар сол сенім үдесінен шығатынына сенімдімін. «Елбасының бес институттық бағдарламасының Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған екінші бағытын жүзеге асыруды көздейтін Ұлт жоспарының нақты қадамдары қысқа мерзім ішінде орындалып келеді», – деді Мұсабек Тұрғынбекұлы. «Дөңгелек үстелде» сот және судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. «Медиация туралы» Заңын сот тәжірибесінде қолдану, медиация тәртібін қылмыстық заңнамаға кеңінен енгізу мүмкіндіктері сараланды. Сот жүйесін дамытуға қатысты іргелі заңдардың қабылдануы өз нәтижелерін беріп жатқаны, бітімгершілік институттары дамығаны айтылып, медиаторлардың қатысуымен қаралатын істердің саны жылма-жыл арта түскені сөз болды. Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әбдірайым азаматтардың заңдылықтың сақталуына сенуі – соттардың жұмысының жетістігінің ең басты көрсеткіші болып табылатынын атап өтті. – Ұлт жоспары заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы соттар жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бес институционалдық реформаның ең басты тәжірибелік құндылығы да осында, – деді ол. Жиын қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды.
Наурызбек САРША,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді