Үндеудің үлкен мәні бар

Үндеудің үлкен мәні бар
ашық дереккөз
Үндеудің үлкен мәні бар

Әлемдік қоғамдастық елімізді бейбітсүйгіш мемлекет ретінде таниды. 3 қаңтардағы әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталастар алаңында Қазақстанның тұрақты емес мүше ретінде өзіндік тұжырым-жоспарын ашық жеткізуі – осының айғағы.

Жалпы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы – елімізге деген үлкен құрмет. Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделінің жоғары екенін көрсетеді. Қазақ елінің жаһандық проблемаларды шешуге қатысты өз жоспарын ұсынып, әлемдік саясатта белсенділік таныта алатынының дәлелі осы. «Біз жаһандық және өңірлік сын-қатерлерді шешуге ұжымдық жауапкершілік қалыптастырып, Кеңестің мүше елдері арасында ХХІ ғасырға сәйкес келетін, мемлекеттер қарым-қатынастарының жаңартылған моделін құру маңыздылығы түсінігін нығайтуға ұмтыламыз», – деп атап көрсетеді Елбасы өз Үндеуінде. Шынында да, Президентіміз бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымын қайта құру туралы бастама көтеріп, тіпті, оның штаб-пәтерін ауыстыру туралы пікір де білдірген еді. Әлемде шешімі табылмай тұрған түйткілдер көп. Сондықтан Қазақстан Президенті айтқандай, жылына бір немесе екі жылда бір рет Кеңеске мүше мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізу – өте өзекті. Қазақстан – Орталық Азия мемлекеттерінің арасынан бұл ұйымға алғаш мүше болған ел екені белгілі. БҰҰ-ның тұрақты емес мүшесі бола салысымен еліміз әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға бағытталған өз тұжырымдамасын ұсынды. Ол – Елбасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты Саяси үндеуі. Үндеуде атап көрсетілгендей, «Қазақстан – Кеңесте бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңыздылығын негізге ала отырып, оның бүкіл күн тәртібі бойынша әділ және ашық жұмыс істейтін болады». Мемлекет басшысы айтып өткендей, Астана – Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелерімен тең құқылы негізде ынтымақтаса жұмыс істеуге, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға қол жеткізіп, бәтуаластықтың қалыптасуына септігін тигізуге ниетті. Елбасы Қазақстанның маңызды мақсатқа – ХХІ ғасырда әлемді қауіпсіз, әділ және өркендеген әлемге айналдыру мақсатына қол жеткізу жөніндегі өз бастамаларына әріптестері тарапынан қолдау көрсетілетіндігіне сенім білдіріп отыр. Ендігі жерде Қазақстан көшбасшылық ұстанымдарын белсенді таныстыратыны анық. Яғни, Қазақстан жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын болады. Сириядағы әскери қақтығысты тоқтату үшін оның алғышарттарын жасап, бұл мәселені талқылауға Астана алаңын ұсынуы – осының дәлелі. Қазақстан Түркия мен Ресейдің ортақ мәмілеге келуіне мүдделі. Егер Иранның ядролық мәселесін оңтайлы шешуде Қазақстанның рөлін ескерер болсақ, Сирияда бейбіт өмір орнықтыруға мүмкіндік туарына сенім бар. Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құрамына кіру Қазақстанның тарихи жеңісі ретінде бағаланып отыр. Еліміз 2017-2018 жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз міндетін абыроймен атқарады деген нық сенім бар бәрімізде.

Исламбек ДАСТАН, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі,  «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының  Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.

Ұқсас жаңалықтар