Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индус-триалды-инновациялық дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиада барысындағы спорттық және мәдени іс-шаралардың таныстырылымы өтті. Оған қазақстандық туристік ассоциациясының менеджері Клара Мамытова және басқарма басшылары, аудан әкімдері, өңіріміздегі түрлі туристік орталықтардың басшылары мен өкілдері қатысты. Жиынды аталмыш басқарманың туризм бөлімінің басшысы Жомарт Қажы жүргізіп отырды. Алматыдан арнайы келген Клара Мамытова жиында сөз алып, Универсиаданың маңыздылығы және оған келетін қонақтарды күтіп алу дайындықтары туралы айтып берді. – Универсиада – еліміздің 25 жылдық тарихындағы ең ірі мультиспортты жарыс болып табылады. Бұл халықаралық жарысқа өткен жылдың қыркүйек айындағы мәлімет бойынша, 58 ел ресми түрде қатысатынын растады.
Қатысушылар саны бойынша биылғы қысқы Универсиада рекордтық көрсеткішке ие болып отыр. Барлығы 2 мыңға жуық спортшы қатысып, олар спорттың 12 түрі бойынша 8 спорттық нысандарда 86 медаль жиынтығын сарапқа салатын болады. Бұл жарысты ұйымдастыру барысында еліміздің барлық аймақтарынан және алыс-жақын шетелдерден барлығы 3 мың ерікті тартылмақ. Сондай-ақ, жарысты өткізу кезінде 30 мың отандық және шетелдік туристер келеді деп күтілуде, – деді Клара Рустанқызы.
Айта кету керек, Қазақстан Универсиада тарихында алғаш рет, бастапқы тұжырымдамасын Алау эстафетасымен ұсынады. Осы жылдың 25 қаңтарында Астанадағы Назарбаев цниверситетінде Универсиада алауы тұтатылып, барлық өңірлерді аралап шығады. Қысқы Универсиада жарыстарын күн сайын әлемнің 80 елінің 1 миллиардтан астам көрермендері телеарналар арқылы көре алатынын ескерсек, ел тарихында бірде-бір халықаралық оқиға мұндай телевизиялық қамтуға ие болмағанын ерекше айтып өткен жөн. Ауқымды шараның қауіпсіздігін 6,5 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері қамтамасыз етпек. Универсиаданың Бойтұмары – сұңқар құсы десек, ол татулық және игіліктің нышаны. Жиынға қатысушылар бейнеролик арқылы қысқы Универсиадаға қатысты тың мәліметтермен танысты. Өңіріміздегі туристік орталықтардың бірқатары аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне белсенді түрде атсалысатындықтарын айтса, енді бірі көкейдегі сауалдарын жолдап, толымды жауаптар алды.
Жанғазы АХМЕТ,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді